Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар неге үйден қашады?

Балалар неге үйден қашады?
Автор
Қазір ата-анасынан ұрыс естісе әй-шайға қарамастан үйінен қашып кететін жасөспірімдер көбейді. Облысымызда 10 айдың ішінде полиция органдарына кәмелетке толмағандардың үйінен немесе уақытша тұратын жерінен өз бетімен кетуіне байланысты 212 хабарлама тіркелген. Барлығы 227 жасөспірімнің әрқайсысы көп ұзамай табылып, ата-аналарына қайтарылған.

Үйінен кетіп қалған балаларды іздеу полиция үшін ауқымды күш пен уақытты талап етеді. Қызметкерлер негізгі міндеттерінен қол үзіп, тәулік бойы іздестіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болады.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлішер Қалышевтың айтуынша, кейбір жасөспірімдер жыл ішінде бірнеше рет үйінен кетіп қалған.

– 80 бала ата-аналарымен тұрмыстық міндеттерді орындау немесе оқуға уақыт бөлуге байланысты туындаған кикілжіңнен кейін үйінен кетіп қалған. Басқа жағдайларда себеп – отбасы мүшелерінің сенімсіздігі, түсінбеушілігі немесе немқұрайдылығы. Екі бала ойынға беріліп, уақыттың қалай өткенін байқамай, үйге кеш қайтуға қорқып, қонып қалған. Тағы 10 жасөспірімнің үйден кетуі психикалық ауытқулармен байланысты болды, – дейді Ә.Қалышев.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше ел бойынша жыл сайын шамамен 1,5 мың адам із-түзсіз кетсе, олардың 20 пайызға жуығы – балалар мен жасөспірімдер.

Ал 2025 жылдың басында республика бойынша 10 178 адам ресми түрде іздеуде тұрған. Соның ішінде 2 098-і беймәлім жағдайда жоғалғандар, бұл көрсеткіш бірнеше жыл бойы жиналған істерді де қамтиды.

Статистикаға зер салсақ, жыл басынан бері жаңа фактілерді есептегеннің өзінде Қазақстанда жүздеген жасөспірімнің үйінен кеткен немесе жоғалған жағдайлары тіркелгені байқалады.

Министрлік мәліметінше із-түзсіз кеткен балалардың басым бөлігі сол күні немесе келесі күндері табылып жатады. Алайда әрбір факт – баланың өміріне, оның жай-күйіне әсер ететін маңызды жағдай.

Айта кетер жайт, 2025 жылы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бағытында әкімшілік шаралар да күшейді. Жыл бойы, нақтырақ айтқанда қаңтар мен қараша аралығында, 21 мыңнан астам ата-ана немесе қамқоршы бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Мұндай санкциялар ең жиі қолданылатын бірнеше баппен рәсімделеді. Атап айтқанда, ата-ананың өз баласының тәрбиесіне, білім алуына тиісті түрде назар аудармауы немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғауға салғырт қарауын қарастыратын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе үйден тыс жерде жүруіне байланысты құқықбұзушылықтар 440-бап бойынша рәсімделеді.

2025 жылдың маңызды жаңалықтарының бірі – сабақ уақытында балалардың мобильді телефонды пайдаланғаны үшін ата-аналарды жауапкершілікке тарту туралы өзгерістің енгізілуі. Жаңа нормалар қараша айынан бастап күшіне енді. Егер бала телефонды сыныпта рұқсатсыз қолданса, алғашқы жағдайда ата-анаға тек ескерту жасалады, алайда қайталанса шамамен 19 660 теңге көлемінде, яғни 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл талап балаларды оқу процесінен алаңдататын факторларды азайтуға және оқу сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар түнгі уақытта заңсыз жүрген жасөспірімдерге қатысты айыппұл көлемі де артты. 2025 жылғы есепке сәйкес АЕК 3 932 теңге болып бекітілді. Осыған сай, ойын-сауық орындарында ата-анасыз жүрген балалар үшін 3 АЕК мөлшерінде, яғни шамамен 11 796 теңге айыппұл қарастырылған. Көпшілік бұл шараны қатаңдық деп қабылдағанымен, мамандар оны балалардың қауіпсіздігі үшін қажетті тетік деп есептейді.

Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің үйден кетуіне көбіне отбасындағы қолайсыз жағдай, ата-анамен түсініспеушілік, жиі қайталанатын жанжалдар немесе өздігінше дербес болуға деген талпыныс себеп болады. Психологтар бұл құбылысты өтпелі кезеңге тән эмоционалдық тұрақсыздықпен және ата-анамен байланыс әлсіреген кезде баланың үйден кетуді жалғыз шешім ретінде қабылдауымен байланыстырады. Сондықтан да, жасөспірімдердің уақытша жоғалуы құқықтық немесе әкімшілік мәселе ғана емес, ең алдымен әлеуметтік және психологиялық түйткілдердің көрінісі.

Психологтардың пайымдауынша, өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдер арасында үйден кетіп қалуына себеп көп.

– Жеке тәжірибемде көптеген жасөспіріммен жұмыс істедім. Көптеген балалар ата-анасының көңіл бөлмеуінен жылуды басқа адамдардан іздейді. Енді біреулері үйдегі үлкендердің ұрыс-керісінен, ата-анасының жанжалынан, ішімдікке салынған отбасынан қашады. Одан бөлек материалдық жағдайдың соңынан кеткен отбасыларда балалар қараусыз қалады. Ал ондай отбасында ата-аналары балаларының жоғалғанын кеш байқап жатады. Тағы бір ата-аналар балаларын ұнамайтын спорт секцияларына, қосымшаларға беріп қинайды. Сосын үлгерімі дұрыс болмаса аса қаталдық танытып, сабақты күштеп оқытады. Үйдегі осындай қыспақтың соңы да кейбір кездері қашуға ұласады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың үйінен қашуының негізгі себептері – өтпелі кезеңде ғашық болу, сезімге ерік беру. Көбінесе әлеуметтік желінің құрбанына айналу жағдайлары жиілеп кеткен. Сондай-ақ қазір көптеген отбасы балаларын кішкентай күнінен өзімшілдікке үйретеді. Мысалы, ата-аналармен сөйлескенімде енді ғана тілі шығып келе жатқан баланың таңдау мүмкіндігін өзіне қалдыратынын байқадым. Бала күнінен өз қалауымен шешім қабылдап, өзі білгенін істеп үйренген балаға өтпелі кезеңде өзінің қалауын жасатпау өте ауыр соққы. Сондықтан балалардың тәрбиесіне немқұрайды қарауға болмайды», – дейді балалар психологі Самал Амангелдіқызы.

Сондай-ақ маман интернеттегі толып жатқан ақыл-кеңеске жүгіне беруге де болмайтынын жеткізді.

Тәрбие талбесіктен басталады. Өсіп келе жатқан өскіннің қателікке жол беруі түсінікті, ал сол қателікті қайталамау үшін де үлкендер дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруі керек.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар