Кеше Тараз қаласындағы Олимпиада резервін даярлау орталығының спорт кешенінен «Жамбыл» бокс орталығы ресми түрде ашылып, пайдалануға берілді.
Орталықтың ашылу салтанатына облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп арнайы қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары, облыстық бокс федерациясының президенті Серік Сәлемов сөз алып, ізгі тілегін арнады.
– Құрметті спорт жанашырлары, қадірлі қонақтар мен спортшылар! Бүгін біз Жамбыл өңірі үшін айрықша маңызды тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. «Жамбыл» бокс орталығының ашылуы – өңіріміздің спорттағы болашағына жасалған жаңа мүмкіндіктердің бастау бұлағы. Өйткені әлемдік аренада қазақтың туын желбіреткен талай чемпиондар дәл осы топырақтан шықты. Мәселен, Серік Қонақбаев бастаған Олимпиада ойындарындағы жеңісті даңғыл жолды Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев сынды спортшыларымыз ел мерейін асыра отырып, сәтті жалғастырды. Әулиеата өңірінде 4129 спортшы, 157 жаттықтырушы бар. «Жамбыл» бокс орталығы – спортшы рухын аяттын, таланттардың талабын ұштап, жігерін жанитын, елдің абыройын асқақтататын қасиетті орда болсын. Бұл орталықта барлық жағдай жасалған. Сондықтан Олимп шыңын бағындыратын, еліміздің және өңіріміздің атын шығаратын чемпиондар көптеп шығатынына санімім мол. Өңіріміздің мерейі өсіп, спортшыларымыздың жеңісі көбейе берсін! – деді Серік Жақсылықұлы.
Келесі кезекте сөз алған Шахмұрат Мүтәліп бокс орталығының жұмысына табыс тіледі.
– Тәуелсіз Қазақстан тарихында осы өңірдің тумалары талай Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған. Мысалы, Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев, Асланбек Шымбергенов және тағы да басқа белгілі боксшылар Жамбыл бокс мектебінің түлектері. Осы нәтижелі дәстүрді жалғастырып, ұрпақтар үндестігін сақтап қалу үшін спортқа үздіксіз қолдау көрсету аса маңызды. Осыдан бірнеше ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған болатын. Сонда Президент мемлекеттің боксты дамытуға баса мән беретінін, бұл бағыттағы жұмыс кешенді түрде жүргізілуге тиіс екенін жеткізді. Сондықтан да бокс саласында қызмет атқарып жүрген барлық мамандар жауапкершілікті сезініп, күш-жігерімізді аянып қалмауымыз керек. Жамбыл облысының спортына және жаңа бокс орталығының жұмысына табыс тілей отырып, бұл бастама отандық спорттың дамуына зор үлес қосатынына сенім білдіремін. «Жамбыл» бокс орталығының шәкірттері әлемдік биік белестерді бағындыруына тілектеспін, – деді ол.
Бұдан кейін, орталықтың лентасы қиылып, көпшілік ғимаратты аралап көрді. Нысан әмбебап залмен, кіші залмен жаттығу залымен, қонақүймен және асханамен жабдықталған. Орталықты аралау барысында Шахмұрат Мүтәліп Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековті сөзге тартты. Н.Ақүрпеков орталықта жатақхана, моншаға дейін бар екенін әңгімеге арқау етіп, федрация тарапынан боксшыларымызға көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғысын жеткізді. Өз кезегінде федерация басшысы жастарға жағдай жасалса, мотивация берілсе, облыстан талай әлем, Олимпиажа чемпионы шығатынына сенім білдірді.
Айта кету керек, енді облыстың ересектер құрамасы мен жасөспірімдер құрамасы осы жерде жаттығатын болады. Сонымен бірге жасөспірімдердің оқу-жаттығу жиындары мен түрлі жарыстар да осы орталықта өтеді.
Бұдан кейін Шахмұрат Мүтәліп облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барып, оның жұмысымен танысты. Одан кейін Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт сарайында жаттықтырушылармен және атақты спортшылармен кездесті.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




