Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Тараз» футбол клубы қашан жекеменшікке өтеді?

«Тараз» футбол клубы қашан жекеменшікке өтеді?
Юрий КИМ
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыстық мәслихат депутаттарының, басқарма басшыларының, қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында «Тараз» кәсіпқой футбол клубын жекешелендіру мәселесі талқыланды.

Президент Қасым-Тоқаев биылғы Жолдауында ел спортын өркендетудің маңызды бағыттарына тоқталып, футбол клубтарын жекешелендіруді міндеттеді.

«Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің тапсырмасынан кейін отандық футбол клубтарын жекешелендіріп, коммерциялық бағытта дамыту қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін «Шахтер» (Қарағанды), «Жеңіс» (Астана), «Қызылжар» (Петропавл), «Қайсар» (Қызылорда) футбол клубтары жекеменшікке өтті. Сондай-ақ Семейдің «Елімай» футбол клубы коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылады. Сонымен қатар жақында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Астана», «Атырау», «Ордабасы», «Тұран», «Каспий» футбол клубтары да жекешелендіруге ұсынылған ұйымдардың тізімінде тұрғанын мәлім етті.

Облысымызда да бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, «Тараз» кәсіпқой футбол клубын 2026 жылы жекешелендіруге кредиторлық берешегімен бірге беру процесі жүргізіліп жатыр екен. Клубтың қордаланған кредиторлық берешегінің көлемі қазіргі уақытта 352,5 миллион теңгені құрап отыр.

– 2026 жылдың қаңтар айының соңына дейін футбол клубын жекешелендіру жұмыстары аяқталады. Бүгінгі таңда қызығушылық білдіріп отырған жеке кәсіпкерлер аз емес. Осы орайда «Тараз» кәсіпқой футбол клубы жекешелендіруге берілген жағдайда қандай міндеттемелер қойылатынын да айтып өткенім жөн болар. Кәсіпкер 2026 жылы клубтың кредиторлық берешегін толық өтеп, 2027 жылы «Тараз» футбол клубының негізгі командасын Қазақстан Премьер-лигасына шығаруы тиіс. Сонымен қатар «Жастар» стадионының инфрақұрылымын қалпына келтіріп, қысқы мезгілде оқу-жаттығу процесін қамтамасыз ету үшін жабық футбол алаңын салуы қажет. Сондай-ақ клубтың басқару тиімділігін арттыру, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету және стратегиялық даму жоспарларын орындау бойынша міндеттемелер қойылады. Бұдан бөлек жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да қажетті қолдау көрсетіліп, жоғарыда аталған жұмыстарға демеушілік жасалатын болады, – деді Ернар Таласбекұлы.

Жалпы былтырғы жылы клубтың кредиторлық берешегі 702 371 000 теңгені құраған екен. Жаңа басшылық қызметке кіріскеннен кейін берешекті өтеу жұмыстары күшейіп, жағдай тұрақталыпты.

«Тараз» кәсіпқой футбол клубының бас менеджері Мұрат Ағыбаевтың мәліметінше, 2025 жылғы 8 желтоқсанға дейін 406 862 000 теңге көлеміндегі берешек өтеліпті. Сонымен қатар 99 015 000 теңге қосымша құн салығы төленген.

– 2025 жылғы маусымға арналған команда құрамы футбол орталығының түлектері мен екінші лигадағы жас ойыншылардан жасақталды. Сонымен қатар клубқа тәжірибелі ойыншылар қайта оралды. Жазғы ауысым кезеңінде командаға клуб философиясын жақсы білетін және жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие ойыншылар да қосылды. Нысаналы трансферлік саясат нәтижесінде маусым басында 14 команданың ішінде 12-орында тұрған команда сенімді ойын көрсетіп, 26 турдың қорытындысы бойынша 35 ұпай жинап, 8-орынға көтерілді. Футбол орталығы балалармен жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Орталықта 9-дан 18 жасқа дейінгі 329 бала мен жасөспірім дайындалады, оның ішінде 3 топта жаттығатын 36 қыз бар. Болашағы бар спортшыларға ерекше назар аударылуда. 15-18 жас аралығындағы 94 жасөспірім 3 команда құрамында «Freedom QJ League» турниріне қатысып, кәсіби деңгейдегі тәжірибе жинауда. Бұл жүйе футболдың бұқаралығын қамтамасыз етіп, барлық жастағы балалар үшін қолжетімді орта қалыптастырады. Қыздар футболы да қарқын алуда. Қазақстан Республикасының «В» лигасындағы қыздар чемпионатында WU-17 командасы жүлделі 2-орын алып, күміс медальмен марапатталды. Сондай-ақ 2011-2012 жылғы қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында 22 команда ішінде қола жүлдеге ие болды,– дейді Мұрат Ағыбаев.

Жиын соңында қонақтар баяндамашыға сауалдарын жолдап, клубтың қосымша жоспарларымен танысты. Талқылау нәтижесінде қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар, жауапты мамандар, спорт ардагерлері клубтың жекешеленуіне қолдау білдіріп, қарсылық танытпайтындарын жеткізді.

Айта кетейік, «Тараз» кәсіпқой футбол клубы 1960 жылы құрылып, өз тарихында 1996 жылы Премьер-лига чемпионы, 1995 және 1997 жылдары Премьер-лиганың күміс жүлдегері, 2004 жылы Қазақстан кубогының иегері, 1992, 1993 және 2013 жылдары Қазақстан кубогының күміс жүлдегері атанған.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар