Кейіпкеріміз Мойнықұм ауданының тумасы болғанымен, қазір Тараз қаласында тұрады. Үш баланың анасы қолымнан келмейді демей, тұрмыстық техника жөндеп күн көріс қамын жасап жүр.
– Анам құрақ құрап, тігін тігіп, әкем көлік жөндейтін. Алғаш техника жөндеуді өзімнің ток шәйнегімнен бастадым. Қыстың суық күндерінің бірі еді. Қой бағып кеткен жолдасымның үйге келер уақытында шай қойып, кешкі ас әзірлеуге кірістім. Әншейінде бұрқ-сарқ етіп қайнап тұратын ток шәйнегім тура керек кезінде істен шығып қалды. Шәйнегімді қолыма алып, көрші-қолаң арасындағы жөндеп береді деген үмітпен апармаған адамым жоқ, қайта іске қосу қолдарынан келмеді. Өзгелердің қолынан келмеген соң шұқылап отырып, өзім іске қосып алдым. Бір күні тігін тігетін машинам бұзылып, оны да өзім жөндеген едім, – дейді Үртай Ғабдырахманқызы.
Осылайша оның қолынан келетін істі көршілері көріп, таңырқай бастады. Кейіпкеріміз өзінің істен шыққан техникаларын іске қосқаннан кейін ақырындап туған-туыстың, тамыр-таныстың өтініштерін орындай бастады. Өз бетімен үйреніп, Құдай берген қабілетінің арқасында дос-жаранның арасында «Шебер Үртай» атанды. Содан бір күні әлеуметтік желіге тұрмыстық техника жөндеймін деген хабарландырумен шыққаннан кейін кейіпкеріміздің кәсібі одан әрі домалады.
Тұрмыстық техника жөндеуде әбден машықтанып алған ол үйінің ескірген электр сымдарын да өзі жаңғыртып, қайта жаңалай береді. Өз балаларының киімдерін тігіп жүріп, ақыры оның да ауқымын ұлғайтты. Киім кең болса тарылтып, тар болса кеңейтіп береді. Осылайша қарап отырмай іс тігетін қабілетін де кәсіпке айналдырып отыр. Үртай Қараеваның шеберлігіне көз жеткізген таныстары оның көмегіне жиі-жиі жүгінеді.
– Үйім қашық болса да жолдың ұзақтығына қарамастан, Үртайды іздеп келіп, баламның шалбарының балағын қысқартып беруін күтіп отырмын. Тек киім қысқартып қана қоймай, техника жөндейтінін де білемін. Аяқ-қолы ширақ келіншектң пысықтығына көз ілеспейді. Әсіресе шәйнек, қысқа толқынды пеш секілді техникаларды әп-сәтте жөндеп береді. Көптен қызметін пайдаланып жүргендіктен, істеген ісін тиянақты, таза атқаратынын білгендіктен дереу осында жетемін. Көрсетіп жатқан қызметіне ризамын,– дейді тұрақты тұтынушыларының бірі Нәзікен Санат.
Үртай Ғабдырахманқызы кір жуатын, тігін тігетін машина, шаңсорғыш, қысқа толқынды пеш, үтік– қысқасы, теледидар мен тоңазытқыштан басқасының бәрін талғамай жөндей береді. Қажетті бөлшектерді базар, дүкен аралап жүріп алып келеді. Өз кезегінде тұтынушылар да еңбегіне лайықты ақысын төлеп жатады.
Кейіпкеріміздің бұл әулетке келін болып түскеніне ширек ғасырдың жүзі болыпты. Жолдасы Талғатбек мектепте күзетші болып жұмыс істейді. Бір отбасының тірегі, аяулы жар, ардақты әке Талғатбек Ақжановтың да еңбегі жан-жары мен балаларының алдында елеусіз қалған емес. Үртай біраз уақыт баламен үйде отырды. Ара-тұра қоғамдық жұмыстарға да шыққаны бар. Көбіне тігін тігіп, сиырын сауып, сүт пен майын сатып, күнкөрісін жасап келеді.
– Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібіңнің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Бұл істің бәрі маған бала күнімнен дарыған. Әкем де техника жөндеудің шебері болған кісі. Анам да пысық жан болатын. Қазір халық маған түрлі тұрмыстық заттарын, техникасын жөндетуге, киім-кешегін тіктіріп, қысқартуға келеді. Тұрмыстық техника жөндеу менің тұрақты табыс көзіме айналды. Техника жөндеудің бағалары да қолжетімді, шамамен 3 000– 10 000 теңге көлемінде болады. Егер бұзылған заттың көлемі үлкен, зақымданған бөлшегі көбірек болса баға 15 000 теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар қолғап, шұлық тоқып, қоржын тігумен айналысамын. Той-томалаққа арнап қоржын дайындаймын. Қоржын тігудің шеберлік сағаттарын видеоға түсіріп, «Telegram» желісі арқылы сатамын. Қазір сұраныс өте жақсы. Әсіресе, қоржын тігу мен тұрмыстық техникаларды жөндеу сабағым көп қаралады, – дейді Үртай Қараева.
Кейіпкеріміз 5 ай бойы техника жөндеу арқылы тапқан қаражатына заманауи электрлі сүт тартқыш машина сатып алған. Оның айтуынша, қазір сол сүт тартқыш машинаны пайдаланып, жұмысын едәуір жеңілдетіпті.
Ол алдағы уақытта шағын болса да өз шеберханасын ашуды көздеп жүр. Арасында үйдің жанынан дүңгіршек болса да салып бер деп жолдасына қолқа салып қояды. Анасының көзіндей болып қалған ескі тігін машинаны осы уақытқа дейін қолданып келді. Қазір іс тігіп жүрген тігін машинасын несиеге алып, оның ай сайынғы төлемін техника жөндеп өтеп жүр. Жаңаның аты-жаңа. «Бұйырса, өз құнын өзі өтейді» деп шүкіршілік етіп қояды. Бесаспап кейіпкеріміздің құрылыс жағынан да хабары бар. Қабырғаның сылағы түссе, есік-терезенің бояуы кетсе, өзі сылап, сырлай береді. Есігінің алдына бау-бақша егеді. Үйінің маңайын тап-тұйнақтай қылып жинап, гүлдендіріп қойған. Дала жұмыстарына жолдасы жәрдемдеседі. Балаларын да еңбекке жақын етіп тәрбиелейді.
– Кез келген жұмысқа немқұрайдылықпен қарау табиғатыма жат дүние. Менің ұстанымым – ешқашан тоқтамау, үнемі ізденіп, еңбектену. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Тынбай тірлік істей жүріп біраз нәрсе үйренгендеймін. Өз ісіммен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмысына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адам тұрақты болуы керек. Балаларымды да адал еңбекке баулып, өз ісінің маманы болуға тәрбиелеп келемін. Басты ұстанымым –баланың қызығушылығына құрметпен қарап, қолдау білдіру. Қолымнан келгенін жасап, табыс тауып, отбасыма пайда келтіріп отырғаныма шүкіршілік етемін. Мен заманауи қоғамда қолынан іс келетін, елге үлгі болар еңбек адамы ретінде өмір сүргім келеді. Балаларым кішкентайынан менің еңбек етіп жүргенімді көріп өсіп келеді. Оларға әр істің қадірін түсіндіруге тырысамын. Еңбек еткен адам ешқашан жаман болмайтынын ұдайы айтып отырамын. Кез келген жұмысты шынайы ниетпен жасасаң, пайдасын көреді екенсің. Бастысы – ерінбей, жалықпай еңбек ету, – дейді Үртай Қараева.
Адам адал несібесін еңбектен ғана табады. Бұл тұрғыда іскерлігімен ілгері ұмтылған кейіпкеріміздің өмір жолы көпке үлгі.
Сымбат ҚУАНЫШ


