Ел егемендігі ұлт дəстүрі мен құндылықтарына қастерлеп қарауға мүмкіндік берді. Шынында да халқымыз қаншама қиындық көрсе де ғасырлар сынынан өткен салт-сана, əдет-ғұрып бізді жарқын күндерге жетеледі. «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» дейді халық даналығы. Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға жəне еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.
Қай саланы қарасақ та, ел экономикасының негізін көзге көп көрінбейтін, бірақ бір күнін де бос өткізбейтін еңбек адамдары ұстап тұр. Құрылыс алаңында таңмен таласа кірпіш өрген шебер, шеберханада ағаш жонып, металл түзеп отырған ұсталар, жөндеу жұмыстарынан бастап, қоғамдық нысандардың күнделікті жұмысын қамтамасыз етіп жүрген қарапайым жұмысшылар – бәрінің еңбегі қоғамға өлшеусіз үлес қосады.
Соңғы жылдары елімізде жұмысшы мамандықтарының тапшылығы жиі айтыла бастады. Кей кәсіпорындар білікті дәнекерлеуші, слесарь, электршілер таба алмай, жұмыс күшін сырттан тартуға мәжбүр. Ал жергілікті кадрлардың жетіспеуі, жастардың жұмысшы саласына қызығушылығының төмендігі өндіріс қарқынына да, қызмет сапасына да әсер етуде.
Жұмысшы мамандарға көбірек мүмкіндік ұсынып, жақсы жағдай жасау арқылы жастарды тартуға болады. Қолмен істейтін еңбек адамды шыңдайды, жауапкершілікке үйретеді, өмірдің шынайы қамын ерте түсіндіреді. Күнделікті нысан аралап, жұмыс орнындағы қауіпсіздікке, талапқа, сапаға жауап беретіндер – көбіне сол мамандар.
Жауын-шашында да, аптап ыстықта да жұмыс тоқтамайды. Қазір техникалық және қызмет көрсету мамандықтарын жаңғырту, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту, дуальды оқыту жүйесін қолдау туралы бастамалар қолға алынуда. Осының бәрі жастардың жұмысшы болуға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған.
Еңбек адамын қадірлейтін қоғам ешқашан әлсіреп қалмайды. Себебі мемлекеттің іргесін ұстап тұрған — дәл осы адал еңбек, маңдай тер және күн сайын көзге көрінбей жүріп, халық игілігі үшін жұмыс істеп жүрген мамандар. Қазір қоғамда еңбек адамының абыройын көтеру туралы көп айтылады. Жұмысшы мамандық иелеріне қолайлы жағдай жасау барысында, бұл саланың тартымдылығы артуда.
Дейтұрғанмен бүгінгі күні арзан атақ пен жеңіл ақшаның насихаты бұрынғыдан да күшейіп, халықты еліктіретін жарнамалар қаптап кетті. Үлкен табысқа оңай жетуді насихаттайтын видеолар, «сәті түссе болды» деген жалған сенімдер бір күнде байып шыға келемін деп алданған талай азаматтың тағдырын өзгертіп жібергені жасырын емес. Біреу алаяқтардың құрбаны болса, біреу «ауадан ақша жасаймын» деген жалған үмітпен уақытын жоғалтып жүр. Осы тұста мемлекетті алға сүйрейтін күш – жеңіл жол емес, нақты әрі адал еңбек екенін түсіндіру бұрынғыдан да маңызды. «Еңбек бәрін жеңбек» деген сөздің қадірін қайта оралту, оны халыққа дұрыс жеткізу – қоғам алдындағы үлкен міндет.
Әсіресе жастар арасында мұндай көзқарас қалыптастыру өте қажет. Әлеуметтік желіде «хайп» қуып танымал боламын деп аласұрған бозбалалар мен бойжеткендер, ойынқұмарлықтың соңына түсіп, тағдырын өз қолымен қиындатып алғандар – бүгінгі қоғамның шынайы көрінісі. Бұл – алып-қашпа сөз емес, күнделікті кездесіп жатқан жағдай. Сол себепті еңбек адамының бейнесін насихаттау күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Еңбек адамының портреті тек ауыл шаруашылығында немесе құрылыста жұмыс істейтін жандармен ғана шектелмейді. Бұл ұғымның ауқымы әлдеқайда кең болуы тиіс. Кез келген салада кәсібіне деген құрметпен, маңдай терімен жұмыс істейтін әрбір жан – еңбек адамы. Жазушы, актер, ұстаз, дәрігер немесе AI-маман болсын — өз ісін шын сүйіп, күн сайын нәтиже беріп отырса, ол ел дамуына үлес қосып отырған еңбек иесі.
Еңбектің қадірі артқан жерде қоғам да өзгереді. Адал еңбектің абыройы биік болса, жастар да сол бағытқа ұмтылады. Ал еңбекқор адамның еңбегін бағалау – кез келген мемлекеттің мәдениеті мен даму деңгейін көрсететін маңызды өлшем. Сондықтан «Еңбек адамы» бейнесін көтеру – әлеуметтік миссия ғана емес, ұлттың келешегіне бағытталған нақты қадам.
Еңбек адамын қадірлеу – кез келген қоғамның дамуы мен бірлігінің алтын қазығы. Қазақстанда бұл ұстаным әрдайым биік тұғырда болғанымен, соңғы жылдары еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселесі ерекше назарға алынды.
Қазақ үшін елге сыйлы, құрметке лайық адамның бағасы – адал еңбек. Кәсіби шыңдалу жолында түрлі ізденістер мен талпыныстар арқылы өз мамандығының шебері болудың жөні бөлек.
Гүлгаухар Бүркітбаева,
Шерхан Мұртаза атындағы
Руханият және тарихтану орталығы
«Дәстүр және өнер» бөлімінің
мәдени жұмыстарын ұйымдастырушысы



