– 2020 жылы шағын шеберханада бастаған кәсібім қазіргі таңда ұлғайып, қаламызға танымал болып отыр. Бүгінде металдан қақпа, бастырма, есік сынды бұйымдар жасаймыз. Қолынан іс келетін 15 ұстаның басын қосып, арнайы команда жасақтадық. Осы кәсіпті басған кезімде жасым 26-да болатын. Қазір міне, бұл бағытқа бет бұрғаныма бес жылдың жүзі болды. Алға қойған мақсатымның жетегінде жүріп қақпалар жасап шығаруды қолға алдым. Ә дегеннен өнімдерге сұраныс артты. Тапсырыстарды онлайн және тұрақты тұтынушылар арқылы алып отырмыз. Алдағы уақытта кәсібімнің аясын кеңейтіп, өнім түрін көбейткім келеді. Бізде қақпалардың бағасы 250 мың теңге мен 1,5 миллион теңге көлемінде жүреді. Әрбір бөлшегіне дейін өзіміз жасаған соң сапасына ресми түрде 1 жыл кепілдік береміз. Жасаған келісімімізге қарай кез келген қалаға жеткізіп, орнатамыз. Көбінесе тапсырыс Алматы, Шымкент қалаларынан түседі. Бір қақпаны жасау шамамен 20 күн уақыт алады. Әр жасалған бұйымнан 15-20 пайыз табыс түседі. Қызметкерлер орташа 500 мың - 800 мың теңге арасында табыс табады,– дейді Болат Бағдатұлы.
Бүгінде кәсіпкердің тұрақты тұтынушылары бар. Кейіпкеріміз командасымен тек қақпа жасаумен ғана шектелмей, уақыт талабына қарай өзгеріп отыратын жаңа «Хайтек» стиліндегі есік, түрлі үлгідегі бастырмаларды жасау жұмыстарымен де айналысады. Сонымен бірге көршілес мемлекеттерден түсетін ірі көлемді тапсырыстарды да сапалы орындайды.
– Қақпа жасауға қажет негізгі металдарды Ресейден, ал болат темірді Қарағандыдан, бояуларды Түркиядан алдырамыз. Болат металы 10-15 жылға төзімділігімен, ұзақ қызмет ету мерзімімен және сыртқы әсерлерге шыдамдылығымен ерекшеленеді. Қолданыс барысында әрбір металл сапа бақылауынан өткізіліп, қақпаның мықтылығын арттыру үшін қалыңдығы мен беріктігі тексеріледі. Бояу процесінде бірінші автомобиль саласында қолданылатын залалсыздандыратын сұйықтық пайдаланылады. Бұл процесс металлды тот басудан қорғап қана қоймай, қақпаның суреттерінің эстетикалық түрін ұзақ жылдар бойы сақтауға мүмкіндік береді. Ал қақпаға соңынан жағылатын лак қабаты бояудың жақсы жабысып, тұтас әрі тегіс болып қалыптасуына көмектеседі. Қазіргі таңда «Хайтек» стиліндегі есікке, болат темірден жасалатын бастырмаға сұраныс көп. Халықтың қалауына байланысты бұйымдарды кез келген нысанға әрі қажетті көлемде жасаймыз. Сондай-ақ қақпаларға қосымша электронды құлыптар мен автоматты ашылу құралдарын да орнатамыз. Қақпадан бөлек кіреберіс есіктерді зауыттық технологиямен болат темірлерден оқ өткізбейтін әрі соққыларға шыдамды қылып жасап, сынақтан өткізіп жатырмыз. Әлі сатылымға шығармасақ та аталған есіктерге сұраныс өте жақсы. Кейде тіпті қақпа, есіктерге тапсырыс алуға үлгермей жатамыз. Дүкенімізде алдын ала дайын бұйымдар жоқ, тек тапсырыс арқылы жұмыс жасаймыз. Себебі дайын бұйым жасап сатуға уақыттың тапшылығы кедергі болып жатыр. Дегенмен алдағы уақытта дайын бұйымдарымызды сататын дүкендер желісін Қазақстан бойынша ашуға ниеттіміз. Алдағы уақытта өндірісті екі бағытта дамытуды көздеп отырмыз. Қақпадан бөлек, басқа да жиһаздар жасау жағын қарастыру жоспарда бар. Біздің қаламызда бұл бағытта жұмыс істейтін мамандар жоқтың қасы. Негізі бұл жұмысты сапалы жасауға сабыр мен төзім керек. Мықты дүние шығару үшін қажетті өнімдер мен құралдарды да дұрыс таңдау қажет,– дейді Болат Бағдатұлы.
Болат Амангелді өз кәсібінің білікті маманы ғана емес, сонымен қатар жарасымды отбасының да алтын діңгегі. Бүгінде ол жұбайымен бірге 2 қыз, 2 ұл бала тәрбиелеп отыр.
– Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Сөздің мағынасына үңілсек, адам баласының алғашқы тәрбие ошағы ол отбасы. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, әркім өмір жолының жемісін өз балалары бойына сіңіреді. Сол үшін де отбасылық құндылыққа баса көңіл бөлуіміз керек. Біз де үлкендердің нұсқауымен балаларымызға лайықты тәлім-тәрбие беруге күш салып келеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Расында да темірден түйін түйген ұсталардың қажырлы еңбегін қалай дәріптесек те жарасады. Сондай еңбек адамдарының ізін басып, талпынысымен, тиянақтылығымен танылып келе жатқан Болат Амангелдінің еңбекқорлығына риза болып, қолға алған бастамаларына сәттілік тіледік.
Сымбат ҚУАНЫШ



