1995 жылы ашылған №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты облыс бойынша зағип және нашар көретін 100 баланы оқытып, тәрбиелеуде. Мұндағы оқу үрдісі қазақша жүреді. 31 бала Луи Брайль жүйесімен, 2 бала көмекші, ал қалған балалар арнайы оқу бағдарламасы арқылы білім алуда.
Білім ордасында еңбек етіп жүрген әр педагогтың алдына қойған мақсаты – көру қабілеті зақымданған балаларға мамандандырылған түзету көмегін беріп, әлеуметтік ортаға бейімдеп, әр баланың диагнозына байланысты жеке диференциялды көмек көрсету. Мектеп-интернат заманауи технологиялармен, озық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Оқушылар тек білім нәрімен сусындап қана қоймай, ән айтуға, сурет салуға, қолөнерге, спортқа өте бейім екенін танытып келеді. Мектепте вокал, хореография, домбыра, шахмат, «Шоудаун», «Голбол», тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Жеткіншектер үйірмелерге қызығушылықпен қатысып, биіктерден көрінуге талпынады.
Көзінде ақауы бар баланы дұрыс бағыттап, оқыту оның жалпы дамуына елеулі әсер етеді. Сонымен қатар ол баланың әрі қарай қоғамдық өмірге бейімделуіне және көздегі кемшіліктен туындаған физиологиялық, сондай-ақ психологиялық жетіспеушіліктердің орнын толтыруға да ықпал етеді.

Зағип және нашар көретін баланың күнделікті өмір сүру тәртібі өте күрделі екені белгілі. Ол тек білім алумен шектелмей, кеңістікті бағдарлап, қоршаған орта шындығын қабылдауы керек. Күн тәртібін реттеу барысында қиындықтарға кезігеді. Өз қолымен ас алып ішіп, бір жерге барып-келу сынды әрекеттерді атқаруға да мәжбүр. Мұның барлығы оңай соқпайды. Түрлі шешімдерді қабылдау одан жылдам ойлауды, ерекше мұқияттылық пен жоғары икемділікті және тез есте сақтауды талап етеді. Бірақ бұл талап баланың психологиялық әрі физиологиялық мүмкіндігінің шегіне дейін жетіп, оған айтарлықтай салмақ түсіреді.
Оқу мен еңбек талаптарының сәйкес келмеуі жүйке жүйесінің әлсіреуіне, түрлі аурулардың пайда болуына және ашушаңдықтың күшеюіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда бұл жайттарды ескерудің маңызы зор. Дұрыс бағытталған педагогикалық қолдау баланың әлеуетін ашып, оның дамуын табиғи деңгейде қамтамасыз етеді. Сол себепті мұндай балалар үшін жасалған әрбір әдістемелік қадам олардың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосады.
Түзету мектебінің әрбір педагогі бала психологиясының негіздерін, анатомия мен физиологияны терең меңгерген. Әйтпесе сапалы түзету жұмыстарын ұйымдастыра алмайды. Білімнің дәл осы салалары болмаса, баланың даму ерекшелігін түсіну және оған тиімді қолдау көрсету мүмкін емес. Мұндай балалар кейде стресс жағдайында өз-өзінен тұйықталып, жалғыздықта тұмшаланып қалады. Егер түзету үдерістері ғылыми тұрғыда дұрыс жоспарланса, зағип және нашар көретін кез келген балғынды күйзелістен шығаруға болады. Осындай сәтте оларды оңашаланудан шығарып, эмоциялық тепе-теңдігін қалпына келтіру педагогтің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Дефектология ғылымы бұл бағыттағы әдістемелердің тиімділігін дәлелдеп отыр. Сондықтан сабақ беруші мұғалім дефектология принциптері мен заңдылықтарын білмесе, ғылыми негізделген тәсілдерді қолданбаса, шәкірттерінің даму процестерін сауатты ұйымдастыра да, басқара да алмайды.
Біздің жұмысымызда ұсақ проблема деген ұғым болмайды, себебі ұстазың басындағы бүкіл жағдай бала тәрбиесіне әсерін тигізеді. «Зағиптың қолында болмаған нәрсе, оның есінде де болмайды» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, күнделікті оқу процесінде оқушы тақырыпты толық меңгеруі үшін сезу қабілеттеріне арналған әртүрлі материалдар үлгісінің жиынтығын пайдаланамыз. Қолдан жасаған әртүрлі геометриялық фигура, конструктор, табиғи материалдарды қолдарымен ұстап, сезінуі арқылы бала тақырыпты толығымен түсініп, меңгереді. Қол саусақтарының майда бұлшықеттерін және шамалап білуді дамыту үшін алуан түрлі дидактикалық ойындар жүргізіледі. Сабақ үстінде баланың тақтаға жақындауына рұқсат беріледі және көрнекі құралдардың жасыл және сарғыш түсті болуы ескеріледі. Луи Брайль жүйесімен жазылған оқулықтарды ата-аналармен қатар соқырлар қоғамымен бірлесіп жасаймыз.
Зерделі оқушыларымыздың жеткен жетістіктеріне тоқталар болсам, Қазақстан Республикасы Ұлттық Параолимпиада комитеті ұйымдастырған «Жұлдызай – 2023» Ұлттық инклюзивті ойындарында спорттың голбол түрінен «Болашақ» құрама командасы үшінші орынды иеленді. Халықаралық мүгедектер күніне орай өткен жарыста Бектұрған Ақжол қол күрестен екінші орын, ал Ришат Машиков үшінші орын, тоғызқұмалақтан Аружан Күтубай мен Тілеке Рамазан үшінші орын, «64» шаршы дойбы бойынша Жансая Бердіке үшінші орынды жеңіп алды. «Жас қанат» қалалық патриоттық ән байқауында мектеп-интернат оқушысы Жұматай Алмат бірінші орынға лайық деп танылды.
Сондай-ақ Шымкент қаласында Республика күніне орай өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуен» форумына қатысқан біздің мектеп-интернаттың оқушылары Еламан Қыдырбаев пен Жұматай Алмат Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Одан бөлек ХVIII республикалық «JULDIZAI – 23» балалар шығармашылығы фестивалінің І кезеңіне қатысқан Асхат Байболов пен Айсана Сағындық «Вокал» номинациясы бойынша, «Мұрагер» ұлттық аспаптар ансамблі «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша, «Әсем-ай» би тобы хореография номинациясы бойынша бірінші орынды еншілеп, мектебіміздің мерейін тасытты. Республикалық «Жұлдызай-24» балалар шығармашылық фестивалінің облыстық іріктеу кезеңіне қатысқан оқушыларымыздың барлығы жүлделі орындарды жеңіп алды.
Мектеп-интернатқа жанашыр әрі әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қоятын азаматтар тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келеді. Олар оқу орнына қажетті материалдық қолдау ұсынып, балаларға арнайы сый-сияпат табыстауды дәстүрге айналдырған. Мұндай бастамалар мекеме тәрбиеленушілерінің өміріне жылылық сыйлап, олардың әлеуметтік ортаға сеніммен бейімделуіне ықпал етеді.
Мәселен «Қалдық заттарға екінші өмір сыйла» атты жоба аясында дефектологтар мен түзету пәнінің мұғалімдері өздерінің шығармашылық ойларынан туындаған «Ғажайып балалар саяжолы» атты демалыс алаңын безендіріп, бос жатқан жерді кәдеге жаратқан болатын. Осы алаңның тұсаукесер рәсіміне қатысқан «Білім шырағы» газетінің бас редакторы Райхан Бостанова мен «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Балжан Олжабекова өз тараптарынан кітапхана қорына құнды кітаптарды сыйға тартты. «Шеврон Мұнайгаз» компаниясының қолдауымен «Әлемді ашамыз» жобасы аясында «Дара» қайырымдылық қоры көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған үстел теннисін алып берді.
Түрлі өнерді меңгерген, ой-өрісі кең, психикалық дені сау балаларды тәрбиелеу ел болашағы үшін қажет. Өйткені біз осылайша егеменді еліміздің ертеңін қалыптастыратын жас ұрпақты тәрбиелейміз. Бүгінгі бала ертеңгі қоғамның тірегі, сондықтан оның жан-жақты дамуына жағдай жасау әрбір білім беру мекемесінің міндеті. Зағип және нашар көретін балалар да өз дарынын көрсетуге толық құқылы екенін естен шығармау керек.
Ельмира ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
№2«Болашақ» арнайы мектеп-интернатының директоры



