Сондай еңбек адамдарының бәрі – Айнұр Бекманова 1982 жылы Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. Құрылыс саласында 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді. Заты әйел болса да, өз ісін ер-азаматтардан артық біледі. Нәзікжанды екеніне қарамай, қайнаған құрылыстың ортасында жүр.
Сөйлегенде қандай жылдам болса, ісі де сондай ширақ. Жауапкершілігі жоғары жұмысшы екені түр-тұлғасы, сөйлеген сөзінен-ақ көрініп тұр. Оқыған мамандығы – есепші.
Жеке өміріндегі сынақтарды қайыспай көтере білген ана жұмыстың қиындығына шағымданып, мойыған емес. Қолдау білдіріп, сенім артатын жақын адамдары қасында. Жұмысына ұқыпты, тірлігіне тиянақты, бастысы, адал ниетпен, еселеп еңбек етіп жүр.
– Үнемі таза әрі тыныш жерде отырып жұмыс істеп үйреніп қалғандықтан алғашында әрине қиын болды. Бірақ басқа амал жоқ еді. Себебі қызымның денсаулығына байланысты мамандығым бойынша істеп жүрген жұмысымнан шығуға тура келеді. Қызыма арнайы күтушілер табылмағандықтан, жұмыстан шығып, үйде отырып өзім қарадым. 2006-2007 жылдары қызымның денсаулығы жақсарып, басқа да балаларым өскен соң ыңғайлы жұмыс іздей бастадым. Таныстарым үй әрлеу, еурожөндеу жұмыстарымен айналысып көруді ұсынды. Ойлана келе тәуекел етіп кірісіп кеттім. Негізгі жұмысымды тастап, құрылыс саласына кеткенде жолдасымның көрсеткен қолдауы көп болды. Кейде жұмыстан босамай, кеш шығып қалғанда балаларға қарап, үйдің ұсақ-түйек тірлігін тындырып қоятын. Қазір білікті мамандардан құралған командамыз бар. Құрылыс саласына қатысты барлық тапсырысты орындаймыз, – дейді Айнұр Ордабекқызы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, құрылысшы болу – төзімділік пен ептілікті, жауапкершілікті қажет етеді. Сондай-ақ құрылысшыға қойылатын талаптар да оңай емес екен.
– Өз міндетіміз туралы айтсам, әуелі үйдің қабырғаларын сылаймыз, сылаған соң ағартамыз. Ізінше бетіндегі кедір-бұдырын тегістеп, бояймыз. Көбінесе жеке үйлердің жұмыстарымен айналысамыз. Жұмыс ауқымды. Бір мезгілде бірнеше тапсырыс берушінің үйіне барып, жұмыс істеген кезіміз болды. Құрылыста жұмысшы бірінші әділ, сосын шыншыл болуға тиіс. Жұмысты шала-жансар істегендердің өтірігі түбі әшкере болады. Біз ондай олқылықтарға жол бермейміз. Халықтың сенімімен, қауіпсіздігімен ойнауға болмайды. Жұмыс басында қабырғаларға салынатын суреттердің, жапсырылатын түс қағаздардың дизайнын үй иелерімен бірге таңдап аламыз. Сонымен қатар үй иесімен бірге жүріп керекті құрал-жабдықтарды аламыз. Әрлеуге пайдаланылатын жабдықтардың сапалысын, ұзақ уақытқа шыдамдысын аламыз. Құрылысты бастар кезде үй иесімен нақты қандай жерлерге өзгеріс енгізу керек екенін біліп алып, бригадамызбен жұмыстарды бөліп аламыз. Аяқталған жұмысымызды әлеуметтік желілерге салып отырамын. Көбінесе біздің таза әрі сапалы жұмыс істейтінімізді көріп, әлеуметтік желіден тапсырыс беретіндерде бар. Шамамен 1 айда 400 мың-500 мың теңге арасында табыс табамыз, – дейді құрылысшы.
Айнұр мен командасы заман көшінен қалмай, құрылыс саласындағы жаңашылдықтарға, стандарттарға ілесіп отырады.
Сондай-ақ кейіпкеріміз тапсырыс беруішінің жұмысын тиянақты әрі уақытылы аяқтау үшін әріптестеріне де үлкен талаптар қоятынын жеткізді.
– Тапсырыс берушілер бізге сеніп отырғандықтан бізбен бірге жұмыс істегісі келетін адамдарға арнайы талаптар қоямыз. Айта өтер болсам, шамадан тыс кешігетін, ішімдік ішетін, өзіне берілген жұмысты дұрыс жасамайтын адамдар бізбен бірге жұмыс істей алмайды. Атүсті жасалған жұмысты тапсырыс беруші қабылдамайды. «Там – түбінен» деген сөз бар. Тұрғын үйдің алдымен іргесі берік болғаны абзал. Одан кейін кірпіштің түзу қаланғаны, сылақтың сәтті шығуы, сырлау жұмыстары – бәрі-бәрі түбінде сапаға әсер етеді. Сапалы үйді адал құрылысшылар көтереді. Осы салада еңбек етіп жүріп, небір шебер құрылысшыларды, әрлеушілерді көрдік. Әлі күнге мақтауын асырып, жұртқа үлгі етіп жүрміз, – деді Айнұр Ордабекқызы.
Кейіпкеріміздің қапысыз қарым-қабілетіне, жылдар бойғы тәжірибемен келген шеберлігіне тәнті бола отырып, ел айтып жүрген еңбек адамының шынайы бейнесі осындай болса керек деген ой қорыттық.
Сымбат ҚУАНЫШ



