Қазіргі қоғамда екі адамның тағдыры жараспай, ажырасып кеткен кезде де көпшілігі баланың болашағына бас қатырмай, ары қарайғы өмірін әркім өз бетінше жалғастырып кетеді. Баланың жүрегіндегі жара, ішкі күйзеліс, жалғыздық сезімін елемеуге дағдыланып бара жатқандаймыз. Сонда «бала – өмірімнің мәні» деген сөздің қадірі қайда қалды? Бұл сөзді айту оңай, бірақ салмағын көтеру – үлкен жауапкершілік.
Бабаларымыз «Баланы – жастан» деп, әкенің, ананың, атаның, әженің, жеңгенің, тіпті ауылдың әрбір үлкенінің бала тәрбиесіндегі рөлін айқындап қойған. Ал бүгінде сол көптарапты тәрбие жүйесі бұзылып, бар ауыртпалық көбіне анаға түседі. Әкелердің бала тәрбиесінен алыстап, тек асыраушы рөлімен шектелуі бала тұлғасының толық қалыптасуына тосқауыл болуы мүмкін.
Менің ұстаздық тәжірибемде байқағаным – ата-әже тәрбиесін көрген балалардың бойында әдептілік, сыпайылық, қазақы болмыс, сабыр мен үлкенді сыйлау сынды асыл қасиеттер басым болады. Олар халқымыздың құндылықтарын жүрегімен сезініп өседі. Ал тек анасының тәрбиесінде өскен қыз балалардың бойында өзімшілдік, тым еркінсушілік байқалса, ер балалар арасында нәзіктік, ер-азаматқа тән мінездің әлсіреуі жиі кездеседі. Бұл – қазіргі қоғамның ең үлкен дерттерінің бірі.
Көреген би, өз заманының ойшылы Мөңке бидің:
«Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады» деп келетін болжамдары бүгінгі күннің көрінісін айна-қатесіз сипаттап тұрғандай. Сол заманда айтылған сөз XXI ғасырдың шындығына айналды. Демек, мәселенің тамыры тереңде жатыр.
Қазақ «балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт» дегенде, оны шектен тыс еркелет деп айтпаған. Ол – мейірім беру, қамқор болу, баланың бойындағы қорғаныш сезімін қалыптастыру деген сөз. Бірақ қазіргі ата-аналар бұл сөзді дұрыс түсінбей, баласын шексіз еркелетіп, төбесіне көтеріп жатады. Ал еркелік белгілі шекарадан асқан кезде, бала жөнге келмей, өзімшіл, тыңдамайтын, тіпті өзіне де, өзгеге де жауапсыз болып қалыптасады.
Соңғы уақытта «баланы ұрмай өсіру керек» деген түсінік кең тарап бара жатыр. Әрине, физикалық жазалауды ақтау мүмкін емес, бірақ «жаза» деген ұғымды бірден «ұру» деп қабылдау да қате. Жаза – жауапкершілікке үйрету, тәртіп қалыптастыру. Шектен тыс еркіндік – балаға жақсылық емес, керісінше зиян. «Тәйт» дегенді түсінбейтін, тыйым көрмеген бала 15-ке келсе де еркіндіктің, шектен шығудың не екенін ажырата алмай қалады.
Ахмет Байтұрсыновтың «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген сөзі – тәрбие философиясының өзегі. Еңбекке араласпай, жауапкершілік арқаламай өскен бала ертеңгі күні өмір қиындықтарына төтеп бере алмайтын, әлсіз тұлға болып қалыптасуы мүмкін.
Қазіргі қоғамды алаңдататын жағдайлардың бірі – жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен қатыгездік. Күн сайын еститін суық хабарлар жүректі ауыртады. Бірі-бірін аяусыз соққыға жығу, бейнежазбаға түсіріп әжуалау, тіпті адам өліміне дейін апаратын жағдайлар жиілеп кетті.
Биылғы оқу жылы бастала сала Жамбыл облысындағы жасөспірімдер арасындағы төбелестен бірнеше баланың қаза табуы – ұлттық трагедия. Бұл тек бір отбасының қайғысы емес, бүкіл елге ортақ ауыр жағдай. Осындай қатігездік қайдан келді?
Көпшілік кінәні мемлекеттен, мектептен, ұстаздан іздеп жатады. Бірақ өзіне сұрақ қоятындар аз, балаға өнеге беруде, тәртіп үйретуде, дұрыс бағыт көрсетуде біз не істедік?
Мектеп балаға әлімжеттік жасауды үйретпейді. Мектеп – тәртіп пен білім беретін орта. Ал бала мектептен тыс уақытта – үйдің, көшенің, интернеттің ықпалында. Сол уақыттың басым бөлігінде ата-ананың бақылауы жоқ болса, баланың қандай жолға түсетіні белгісіз.
Бала ата-анасынан қаймықпайтын, үлкенді сыйламайтын болса, мұғалімді де тыңдап жарытпайды. Бұл – тәрбие тізбегінің үзіліп қалғанының белгісі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөздің күшін дәл бүгіндей анық сезінген кез болған емес.
Біз бала кезімізде ата-ананың қас-қабағына қарап, көңіл күйін аңдап, «шаршап келді ме?», «ренжісіп қалған жоқ па?» деп отыратынбыз. Ал қазір керісінше ата-ана баласының қабағын бағып, көңіліне қарап әлек.
Әлімжеттік – қоғамның емес, ең алдымен отбасындағы тәрбиенің кемшілігі. Бала қатыгез болып өспейді. Қатыгездік үйдегі шектен тыс еркелік, бақылаудың әлсіздігі, телефонға тәуелділік, ата-анамен сырласпау, мейірім мен тәртіптің үйлеспеуі арқылы тамыр жайып өседі.
Заман кінәлі емес. Қоғам кінәлі емес. Қоғам – сіз бен біз. Біріміз түзелмей, баламыз түзелмейді. Ал баламыз түзелмей, қоғам да түзелмейді.
Ойымды ақыл айтқым келгендіктен емес, бүгінгі заманның үрей туғызар көріністеріне алаңдағандықтан ортаға салдым. Бала тәрбиесіне салғырт қарасақ, ертең опық жейтініміз анық. Ұлға – «ер бол», қызға – «қазақ қызының абыройын сақта» деп тәрбие беру – біздің қолымыздағы ең үлкен міндет. Өйткені ел болашағы – бүгінгі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың қандай болатыны – біздің бүгінгі әрекетіміздің нәтижесі.
Райхан АЛМАСБЕКҚЫЗЫ,
Талас ауданы



