Бұл ағым 1926 жылы Үндістанда Мәулана Мұхаммед Ильяс Кандахлавидің бастамасымен құрылған. Алғашқыда мұсылмандарды бес парыз бен шариғат талаптарын орындауға шақырған қарапайым көрінген насихатшылар біртіндеп тұтас әлемге таралған, жабық құрылымға айналған ұйымға айналды. Топтың өз ішіндегі иерархиясы, қатаң тәртібі, әмірге сөзсіз бағыну талабы – оның жай ғана діни топ емес, шынайы мағынасында ұйымдасқан қозғалыс екенін айғақтайды.
Қазақстанда «Таблиғи жамағат» 1990 жылдары дінге бетбұрыс басталған кезеңде жандана бастады. Өзін «бейбіт насихатшы» деп таныстырған топ елді мекендерді аралап, жастарды «дағуатқа шығуға» шақырды. Алайда олардың уағыздары көбіне Қазақстанның зайырлы ұстанымын жоққа шығаруға бағытталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына бағынбауы, дәстүрлі ханафи мәзһабын қабылдамауы, тек өз сенімін ғана «дұрыс жол» деп көрсетуі – ағымның ықпалын күшейтіп, қоғам ішінде жік тудыра бастағанын көрсетті. Еліміздің оңтүстігі мен батысында, ірі қалаларда олардың белсенділігі артты. Әсіресе діни сауаты енді ғана қалыптасып келе жатқан жастар мен жасөспірімдер негізгі нысанаға айналды.
Ұйымның басты ерекшелігі – мүшелерін қоғамдық өмірден оқшауландыруы. Дағуатқа шыққан адам отбасын, жұмысын тастап, бірнеше апта, кейде бірнеше ай бойы белгісіз топпен бірге жүруге міндеттеледі. Өз пікірін айтуға, тәуелсіз ойлауға мүмкіндік жоқ, барлық шешімді «әмір» жасайды. Олар негізінен «Фазаил амал» атты еңбекті басшылыққа алады, ал бұл кітап Қазақстанда экстремистік әдебиет деп танылған. Ағымның сырттай «бейбіт» көрінгенімен, ішкі мазмұны өзге ислам бағыттарын жоққа шығару, зайырлы мемлекетті мойындамау, қоғамнан оқшаулану секілді қағидаларға негізделген. Осындай тұйық жүйе көптеген елдерде радикалдық топтардың пайда болуына жол ашқанын да тәжірибе дәлелдейді.
Қазақстан билігі бұл қауіптің алдын алу үшін 2013 жылдың 26 ақпанында Астананың Сарыарқа аудандық соты арқылы «Таблиғи жамағат» ұйымын экстремистік деп танып, оның қызметіне толық тыйым салды. Осы уақыттан бері ұйым мүшелеріне насихат жүргізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылды. 2019 жылы олардың негізгі әдебиеттеріне де тыйым салынды. Дін саласындағы уәкілетті органдар мен мешіттер халық арасында дәстүрлі ханафи мәзһабының негіздерін түсіндіруді күшейтті. Университеттер мен мектептерде дінтану курстары енгізіліп, теріс ағымдарға қарсы ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.
Қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші рөл – халықтың діни сауаттылығында. Әсіресе жастардың дұрыс ақпаратқа қол жеткізуі, отбасының діни мәдениеті, мешіттер мен оқу орындарының жүйелі жұмысы – мұндай ағымдардың алдын алудың ең тиімді жолы. Өйткені «Таблиғи жамағат» секілді сырттай қарағанда бейтарап көрінетін құрылымдар уақыт өте келе қоғамның тұтастығына, мемлекеттің зайырлы принциптеріне, тіпті отбасылық бірлікке қауіп төндіреді.
Қазақстан үшін басты құндылық – тыныштық пен тұрақтылық. Ал оған қол сұғатын кез келген ағыммен күресу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті. Діннің атын жамылып келген мұндай қозғалыстарға қарсы тұрудың ең дұрыс жолы – білімділік, парасаттылық және мемлекеттік саясат пен дәстүрлі ислам құндылықтарының үйлесімін сақтау.
Ахат ҚАЙЫПБЕРГЕНҰЛЫ,
Әбдірашит ата мешітінің имамы


