Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жол ережесіне жаңа өзгерістер енгізілуде

Жол ережесіне жаңа өзгерістер енгізілуде
Автор
Жақында 50 жасқа толған мерейтойын аман-есен өткізген бір нағашым ертесіне туған-туысын «Құдайға шүкір» деп үйіне дәм татуға шақырған.

Көптің арасында нағашы жездем Әуесхан да болды. Осы жездем мен ес білгелі жеке көлігімен адам тасып жан бағатын. Қазір жасы алпыстан әлдеқашан асып кетсе де осы кәсібін тастаған емес. Байзақ ауданының Мәдімар ауылында тұратын ол ауылдастарын Таразға әкеледі де одан ары қаланың ішінде адам тасиды. Кешке қарай да ауылына бос қайтпайды. Тараз қаласының қай көшесі қай жерде орналасқанын, оның бұрынғы атауы қандай болғанын, көшелердің аталу тарихымен қоса жүргізуші ретінде өзіне жүктелген міндеттемелерге де жетік. Дастарқан басында тойдың жоғары деңгейде өткені көп аузында ортақ тақырып болып қаузалып, одан кейін әртүрлі мәселелер сөз етіліп, бір кезде әңгіме ауаны жол жүру ережесіне енгізілген жаңа талаптарға қарай ойысты. Сол кезде: «Барлық жаңалықты осылар біледі ғой. Жол патрульдік полициясы енді кез келген жерде тұрып, өтіп жатқан көліктерді тоқтата алатын болыпты ғой», – деп маған сұраулы жүзбен қарады.

– Сондай жаңалық бар. Бірақ нақтысын айта алмаймын, мұны заңгерлерден сұрау керек шығар, – дедім.

– Өй, заңгерлерден сұрап не керегі бар?! Интернетті ашып қарасаң, бұл жөнінде республикалық телеарналар мен сайттарда жаңалық деген толып тұр. Ішінде министрлік өкілдерінің ресми мәлімдемесі де бар. Полиция қызметкерлері енді бұрынғы КСРО дәуіріндегідей жол бойында тұрып алып, ереже бұзғандарды ала таяқпен тоқтата алатын көрінеді. Қандай да бір жүргізушінің түрі мас сияқты көрінсе немесе шаршап тұрғаны секілді жағдайлар байқалса, оған полиция көліктен түсуге бұйыра алады. Көлікті тоқтатқаннан кейін оның техникалық жағдайын, әкетіп бара жатқан жүгін тексеруге де құқылы. Демек, жол полициясы кез келген көлікті, кез келген уақытта тоқтатып, тінти алады. Қауіпсіздік үшін ол да керек шығар, бірақ қазір аттап бассаң, маңайдың барлығы камера ғой. Кімнің көлікті қалай жүргізіп бара жатқаны, заң бұзған адамдар онсыз да көз алдарында тұрған жоқ па?! Полиция көлікті тоқтатты ма, демек, ол жүргізушіден болмаса да көліктен бір кінәрат табады. Одан кейін жүргізушінің бірі танысына қоңырау шалса, енді бірі жатып кеп жалынады, қалтасына бірдеңе тықпалауы да мүмкін. Жемқорлықтың иісі осындай жерде шығады. Жол сақшысы мен жүргізушінің арасында «контакт» пайда болса, ол жерде «Бармақ басты, көз қысты әрекет болмайды» деп айту қиын. Полиция қызметкерлерінің орнында көліктерді роботтар тоқтатып, солар тексеру жұмысын жүргізіп жатса бір жөн, – деді Әуесхан Әшекеев.

Сол кезде әңгімеге орта жолдан араласқан нағашы әпкем «Сарнай бермей тыныш отыршы, мына журналист қайның газетіне жазып жіберер, тыныштық керек» деп еді, жездем «Жазса жазсын, несіне қорқамын. Негізі ереже бұзбасаң ешкім сені тоқтатпайды. Ал ереже бұзған адам айыппұл арқаламас үшін бірінші болып әрекет жасайды, полицияны жемқорлыққа итермелейді» деп сөзін нығырлады. Жиналғандар оның мұнысын сөздің турасын айтып отырғанын, не ақталғанын аңғара алмай аңтарылған күйі қалды.

Ертесіне ел ішінде тараған жол жүру ережесіне қатысты енгізіліп жатқан осы өзгерістердің анық-қанығына көз жеткізбек болып, облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Шыңғысхан Кемпірбекке хабарластық. Оған «Жол полициясы қызметкерлері енді кез келген жерде тұра қалып, көліктерді тоқтата бере ме? Бұл іс прокуратура немесе басқа да тиісті органдардан рұқсат алу арқылы немесе басшылықтың бұйрығы бойынша арнайы белгіленген орындарда жүзеге асырыла ма?» деген секілді сұрақтар қойдық.

– Жол ережесіне енген жаңа өзгерістер бар. 2025 жылдың 23 қарашасынан бастап Қазақстанда жол жүрісі қағидаларына бірқатар өзгерістер енді. Бұл өзгерістер патрульдік полицияның құзыретін нақтылай түсіп, жүргізушілердің де міндеттерін толықтырады. Бірінші – нашар ауа райында колоннамен жүру тәртібі. Тұман, боран, жаңбыр секілді көру мүмкіндігі шектеулі жағдайларда полиция енді колоннаның қозғалысын ұйымдастырады. Қажет болған жағдайда автоколоннаны патрульдік көліктермен сүйемелдейді. Олар жол қозғалысын реттеуге және тәртіпті сақтауға құзырлы. Жүргізушілер колонна құрамында маневр жасамауға (обгон, жол ауыстыру және тағы басқа), өз бетінше тоқтамауға, колонна тәртібін бұзбауға міндетті. Егер колоннада 10-нан көп көлік болса, оны екі патрульдік машина міндетті түрде сүйемелдейді.

Екіншісі – елді мекендерде жүк көліктеріне қатысты жаңа жылдамдық нормасы. Енді елді мекен ішінде жүк көліктері сағатына 50 шақырым жоғары жылдамдықпен жүруі тиіс. Бұл норманың мақсаты – жол қауіпсіздігін, әсіресе жаяу жүргіншілердің қорғанысын арттыру. Алайда егер жол белгілерінде сағатына 60-90 шақырым деп көрсетілсе, онда сол белгі басым күшке ие болады.

Үшіншісі – жолдағы жыпылықтайтын шамды (проблесковый маяк) қолдану жеңілдетілді. Енді оны рұқсатсыз пайдалануға болады. Магнитпен тез орнатылатын сары немесе қызғылт сары түсті жыпылықтайтын шамдарды егер көлік қауіпті немесе ірі жүк тасымалдаса, балалар автобусы болса, велосипед айдаушыларды немесе колоннаны сүйемелдесе, жол жөндеу жұмыстарын жүргізсе қолдануға рұқсат. Бұрын мұндай жыпылықтайтын шам қолдану үшін арнайы рұқсат пен техникалық қайта жабдықтау қажет болатын.

Төртіншісі – жол жүру қағазы (путевой лист) мен басқа құжаттарды цифрлық форматта қолдануға мүмкіндік. Енді маршруттық парақты электронды форматта жүргізуге болады. Сонымен қатар жол белгілері мен схемалар цифрлық форматта бейнеленетін болды, бұл бақылау мен тексеруді жеңілдетеді.

Жоғарыдағы сұрақтарыңызға келетін болсам, біз ол жайлы ештеңе айта алмаймыз, ол алдағы уақытта жүзеге асырылады. Анығын айтқанда, жол патрульдік полициясының көліктерді бір орында тұрып тоқтата алатыны туралы өзгеріс 28 қарашада заңды күшіне енсін. Сол кезде бізге Астанадан арнайы хат келеді, содан кейін барып біз ресми мәлімдеме жасай аламыз, оған дейін ештеңе айта алмаймын, – деді Шыңғысхан Ауғанбайұлы.

Жол ережесіне қатысты өзгерістер қолданысқа шетінен енгізілуде. Дегенмен оның дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсете жатар. Ал көптің пікірі қашанда екіге жарылатыны бұрыннан бар мәселе. Әзірге біреу мұны «ескі жүйені кері қайтару» десе, тағы бірі жүргізушілер арасында қатаң тәртіп орнайтынына сенімді.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар