Тараздағы қоныс колониясынан шымкенттік азаматша босатылды, деп хабарлайды өңірлік ҚАЖ департаменті
Осылайша 37 жастағы нәзікжандының жазасын өтеу мерзімі кейінгі қалдырылды. Дәлірек айтқанда, қолданыстағы заңнама аясында Т есімді азаматшаның жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылып отыр. Еске салайық, еліміздегі Қылмыстық Кодекстің 74-бабына сәйкес, жүкті әйелдердің және жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдердің, жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер азаматтардың жазаны өтеу мерзімі кейінге шегеріледі.
Айта кетейік, сот үкімі негізінде кінәлі деп танылған нәзікжанды Шымкент қаласының тумасы. Жазасын өтеуші азаматшаға Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сай кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалған.



