Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамдық бақылау ма, әлде жеке өмірге қол сұғу ма?

Қоғамдық бақылау ма, әлде жеке өмірге қол сұғу ма?
naryntany.kz
Елімізде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында жаңа қызмет түрі пайда болды. Енді тәртіп бұзған немесе заңға қайшы әрекет жасаған азаматтарды тек полиция ғана емес, қарапайым тұрғындар да анықтай алады. Бұл үшін арнайы қоғамдық көмекшілер институты құрылып, белсенді азаматтарға ынталандыру шаралары да қарастырылған.

«Полицияның қоғамдық көмекшісі» жобасы қоғам қауіпсіздігінің сенімді тірегі саналады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені белгілі. Осы бағытта елімізде тиімді жүзеге асырылып келе жатқан бастамалардың бірі – дәл осы жоба. Аталған жоба азаматтарды құқық қорғау қызметіне тарту арқылы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және полиция мен халық арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.

Бүгінгі таңда облыстық полиция департаментінде «Полицияның қоғамдық көмекшісі» қатарында 313 азамат қызмет атқаруда. Бұл – қоғам белсенділерінің құқықтық тәртіпті сақтауға деген жоғары жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Қоғамдық көмекшілердің негізгі міндеттері – қоғамдық тәртіпті сақтауға жәрдемдесу, құқықбұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық жұмыстарға қатысу, полиция қызметкерлерімен бірге рейдтік іс-шараларға араласу, сондай-ақ күмәнді жағдайлар мен құқыққа қарсы әрекеттер туралы жедел ақпарат беру. Сонымен қатар оларға белгілі бір құқықтар да берілген. Яғни қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде полиция қызметкерлеріне көмек көрсетуге, құқықбұзушылық фактілері туралы ақпаратты тиісті органдарға жеткізуге, алдын алу шараларына қатысуға және құқықтық насихат жұмыстарын жүргізуге құқылы.

Жобаға қатысушылар арнайы іріктеу арқылы қабылданады. Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар – 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті азамат болуы, сотталмаған және құқықбұзушылықтар бойынша жағымсыз деректерінің болмауы, қоғамдық жұмыстарға белсенділігі мен жауапкершілігінің жоғары болуы, сондай-ақ моральдық-психологиялық тұрғыдан тұрақтылығы. Іріктеу барысында кандидаттардың жеке қасиеттеріне, қоғамдағы беделіне және құқықтық сауаттылығына ерекше мән беріледі.

Қоғамдық көмекшілердің еңбегі елеусіз қалмайды. Оларды ынталандыру мақсатында алғыс хаттар мен грамоталар табысталады, ведомстволық марапаттарға ұсынылады, қоғамдық және жергілікті деңгейде көтермелеу шаралары қарастырылады, белсенділері бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталады. Бұл өз кезегінде азаматтардың белсенділігін арттырып, жобаға деген қызығушылықты күшейтеді.

Жобаның нәтижесі де жаман емес. Азаматтардың полицияға деген сенімі нығайып, құқық қорғау саласында ашықтық пен өзара іс-қимыл мәдениеті қалыптасуда. Қоғамдық көмекшілердің қатысуымен көптеген құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, профилактикалық жұмыстардың тиімділігі артты.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлішер Қалышевтың айтуынша, «Полицияның қоғамдық көмекшісі» – қоғам мен полиция арасындағы алтын көпір. Бұл жоба азаматтық жауапкершілікті арттырып қана қоймай, ел ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Осындай бастамалардың арқасында «Қауіпсіз қоғам» қағидаты нақты іске асуда.

– Қоғамдық көмекшілер институты бүгінгі таңда құқық қорғау жүйесіндегі маңызды қоғамдық тетікке айналып отыр. Бұл бастама арқылы біз тек құқықбұзушылықпен күресіп қана қоймай, қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыруды көздейміз. Азаматтардың өз еркімен қоғамдық тәртіпке атсалысуы – мемлекет пен халық арасындағы сенімнің көрінісі. Біздің тәжірибеде қоғамдық көмекшілердің көмегі көп тиюде. Әсіресе ұсақ құқықбұзушылықтардың дер кезінде тоқтатылуы үлкен құқықбұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. Бұл – профилактиканың ең тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар қоғамдық көмекшілер тек бақылаушы емес, түсіндіруші, бағыт беруші. Көп жағдайда олар тұрғындарға заң талаптарын түсіндіріп, құқықтық сауаттылықтың артуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық мәдениеттің қалыптасуына әсер етеді. Әрине, кез келген бастама сияқты бұл жүйенің де өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан біз қоғамдық көмекшілердің қызметі заң аясында, нақты белгіленген тәртіппен жүзеге асуына ерекше мән береміз. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау басты қағидалардың бірі болып қала береді. Жалпы бұл жоба – қоғам мен полицияның бірлескен жұмысының нақты көрінісі. Біз алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысты жетілдіріп, ашықтық пен өзара сенімді нығайтуға басымдық береміз, – дейді Ә.Қалышев.

Дегенмен қоғамдық көмекшілердің жұмысына қатысты қоғамның пікірі әртүрлі. Кейбірі бұл бастаманы қолдаса, енді бірі жобаны әлі де жетілдіру керек деп есептейді. Әсіресе олардың кейбір әрекеттері қоғамда сұрақ тудырып отыр.

– Қоғамдық көмекшілердің болғаны, бір жағынан, дұрыс әрі қажет. Олар қоғамдық тәртіптің сақталуына, тазалықтың бақылауда болуына, ортақ мәдениеттің қалыптасуына өз үлесін қосып жүр. Дегенмен бұл істің екінші жағы да бар. Кейбір жағдайларда қоғамдық көмекшілердің әрекеті шектен шығып кететіндей көрінеді. Біреудің жүрген-тұрғанын аңдып, әр қадамын бақылап, оны дереу тәртіп сақшыларына жеткізу сырт көзге жағымсыз әсер қалдырады. Мұндай әрекеттер кейде көмек көрсету емес, «өсек тасу» сияқты көрінеді. Әсіресе көшеде өз жөніңмен бейқам отырған сәтте сыртыңнан түсіріп алуы – көпшілікке ұнамсыз жағдай. Адамның жеке кеңістігі деген бар, ал оны ескермеу – құрметсіздік. Онымен қоса түсірілген сурет немесе видео негізінде тәртіп сақшылары кейіннен іздеп келіп, мәселе туындатса, бұл жағдай одан сайын кері әсерін тигізеді. Қоғамдық көмекшілер өз міндетін атқарған кезде адам құқығын, жеке шекараны да ескергені жөн деп ойлаймын. Көмек көрсету мен бақылау арасындағы шекараны сақтай білсе, олардың жұмысы қоғам үшін әлдеқайда тиімді әрі жағымды болар еді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Бақдәулет Әуелбеков.

Ал зейнеткер Бақыт Айханова қоғамдық көмекшілер полиция қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін айтады. Әсіресе мерекелік іс-шаралар мен көпшілік жиналатын орындарда қоғамдық тәртіпті сақтауда олардың көмегі зор деп есептейді.

– Кейде адамдар қоғамдық көмекшілердің еңбегін байқамай қалуы мүмкін. Бірақ олардың қолдауынсыз үлкен іс-шараларда тәртіпті сақтау әлдеқайда қиын болар еді. Сондықтан әрбір қоғамдық көмекші – біздің қоғамымыз үшін нағыз тірек, сенімді көмекші. Қоғамдық көмекшілерді дұрыс оқытып, нақты ережелермен жұмыс істету олардың қоғамға тигізетін пайдасын одан әрі арттырады. Осындай жылы жүректі көмекшілердің арқасында біздің қаламыз қауіпсіз, жайлы әрі тыныш ортаға айналады, – дейді Бақыт Айханова.

Расында да бүгінгі күні бұл мәселе тек құқықтық емес, әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан да өзекті болып отыр. Қоғамдық қауіпсіздік пен жеке еркіндік арасындағы тепе-теңдік сақталуы тиіс. Егер бұл шекара бұзылса, қоғамда сенімсіздік пайда болып, адамдар өздерін үнемі бақылауда жүргендей сезінуі мүмкін. Сондықтан бұл бастаманың тиімділігі тек құқықбұзушылықтардың алдын алумен емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтаумен де өлшенуі тиіс. Алайда оның болашағы қоғамдық сенімге тікелей байланысты. Егер көмек пен бақылау арасындағы белгілі шекара сақталса, бұл жоба шынымен де қауіпсіз қоғам қалыптастыруға үлкен үлес қоса алады. Ал керісінше жағдайда қоғамда күмән мен наразылық туындатуы әбден мүмкін.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар