Лезде киініп, тысқа жүгірдік. Әлгі жігіттер көліктеріне мініп, бой тасалап үлгерді. Жерде домалап, көмекке мұқтаж болып жатқан жасөспірімдерге қолымыздан келгенше көмек беріп, полиция мен жедел жәрдем қызметкерлерін шақырдық. Соққыға жығылған жігіттің бірінің есімі Абзал екен.
– Біз досым екеуміз туған ағамның үйлену тойынан үйге қайтып келе жатқанбыз. Қасымызға тоқтаған көліктен түскен жігіттер темекі сұрады. Біз шекпейтінімізді, әлі оқушы екенімізді айттық. Ал әлгі жігіттер көліктен лезде секіріп түсіп, бізді тепкілей бастады. Мән-жайды түсініп те үлгермедік. Қолымыздан келген бар амалымыз – айғайлап, жұртты көмекке шақыру ғана. Балконнан әлдекімнің «полиция шақырамын, көлігіңнің нөмерін жазып алдық» деп айғай салған даусын біз де естідік. Әлгілер осыдан кейін көліктеріне мініп, тұра қашты, – деді Абзал.
Соққыға жығылған екі жігітті жедел жәрдем қызметкерлері алып кетті.
Жалпы қазіргі қоғамда жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа баруы – тек ата-аналар мен мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның назарында тұрған маңызды мәселе. Сондықтан да жас жеткіншектер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға айрықша көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Нәтижесі де жаман емес. Былтыр жасөспірімдер қатысқан қылмыс саны 72 болса, 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 65-ке жетіп отыр. Бұл жеткіншектер қылмысының 9,7 пайызға төмендегенін білдіреді.
Жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мақсатында жыл басынан бері 2 424 рейдтік іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 12 285 ата-ана мен ересек тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 279 жайсыз отбасы, 415 жасөспірім профилактикалық есепке алыныпты. Балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 7 221 лекция, 814 ата-аналар жиналысы, 218 «дөңгелек үстел» ұйымдастырылған.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмысы ұдайы назарда болуы тиіс. Бұл бағыттағы кешенді шаралар тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың, мектептің және құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты. Жасөспірімдерді дұрыс ортаға бағыттау олардың болашағына тікелей әсер етеді. Қоғамның әр мүшесі балалардың қауіпсіз ортада өсуіне үлес қосуы қажет.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




