Гүлпара Алашбайқызы өз сөзінде орталықтың негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі атап өтті.
– Біздің орталық 2 негізгі бағытта жұмыс істейді, біріншісі – облыстың цифрландыру жобаларын үйлестіру және іске асыру, екіншісі – мемлекеттік секторда жобалық басқару қағидаларын енгізу және дамыту. Бұл бағыттар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы тапсырмаларын орындау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін өте маңызды. 2020 жылдан бастап біздің жобалық офис мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардағы жобаларды іске асыруға кірісті. Біз заманауи тәсілдер мен цифрлық платформаларды пайдалана отырып, жобаларды үйлестіруде тиімділікті қамтамасыз етеміз. Бұл тәсіл мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттырып, жобаларды сапалы орындауға және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге мүмкіндік береді.
Жобалық офис құрылымы Ұлттық жобалық офис пен мемлекеттік органдардың жобалық офистерінен тұрады. Бізде 287 қызметкер ақпараттық жүйеде жұмыс істейді және олардың барлығы өз рөлдеріне сәйкес жобаларды үйлестіру мен бақылауға қатысады. Барлық ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар және Президент тапсырмалары бірыңғай ақпараттық жүйеде жүргізіледі. Бұл тәсіл мемлекеттік органдардағы жобалардың ашықтығын қамтамасыз етеді, орындалу барысын нақты көрсетеді және сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді.
Қазіргі уақытта бес базалық бағыт бойынша 393 жоба іске асырылуда. Мысалы, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 7 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 6 мектеп жұмыс істеп тұр, ал Шөлдаладағы мектеп жылдың соңына дейін ашылады. Сонымен қатар, «Әділетті Қазақстан» сайлауалды бағдарламасы бойынша 83 жоба іске асырылып, оның 39-ы толық аяқталды. 2024 жылғы Президент Жолдауына сәйкес жалпы 51 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында өңірлік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және қоғамдық қызметтердің сапасын арттыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Мемлекеттік қызметте жобалық басқару қағидаларын енгізу мемлекеттік органдардағы жобаларды үйлестіруді, цифрлық құралдарды пайдалануды, жобаларды бақылау және нәтижелерді бағалау жүйесін жетілдіруді қамтамасыз етеді. Біз қызметшілерді ISO 21502 стандарты бойынша оқыту және сертификаттау жұмысын тұрақты жүргізіп, 257 қызметшіні оқыттық. Академия алаңында жобалық басқару, тәуекелдерді басқару, ірі деректерді талдау тақырыптарында курстар өткізіп, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Жобалық басқару қағидаларының енгізілуі мемлекеттік органдар арасында коммуникацияны нығайтып, қызмет көрсету процесін бюрократиядан арылтуға, жобаларды сапалы орындауға, тәуекелдерді, мерзімдерді және өзгерістерді басқаруға мүмкіндік береді, – деді Гүлпара Ташенова.
Орталық басшысының айтуынша, жобалық басқару тәсілдерін қолдану мемлекеттік сектордағы қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, өңірдегі ұлттық жобаларды тиімді жүзеге асыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жүйе мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіріп, барлық процестерді цифрлық платформа арқылы ашық қадағалауға мүмкіндік береді.
Гүлпара Алашбайқызы жобалық басқару қағидаларын қолдану арқылы облысымыз мемлекеттік қызмет саласында өз үлгісін көрсетіп отырғанын жеткізді. Бүгінгі таңда облыстың жобалық офисі апта сайын скрам-жиындарын өткізіп, мемлекеттік органдардың жобалық көрсеткіштерін талдап, рейтингін қалыптастырады. Бұл тәжірибе өңірлік деңгейде жобалық басқарудың тиімділігін көрсетіп, басқа облыстарға да үлгі бола алады.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ




