Саналы ғұмырын малшаруашылығына арнаған құрметке лайық еңбек майталмандарының бірі – қаракемерлік Шәлібек Иманбаев.
Шәлібек Сәтұлы 1950 жылы Қаракемер ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастап, Чапаев атындағы ұжымшарда 35 жыл шопан болып еңбек еткен. 1970 жылдардан бастап ұжымшар тарағанға дейін қой бағып, үздік көрсеткіштерімен көзге түсіп, «Озат шопан» атанған.
– Сақпан – шопан үшін ең ауыр кезең ғой. Жүздеген қойды төлдету нағыз еңбек майданы деуге болады. Сол кезде 130-140 қозы беріп жүретінмін. Соңғы жылдары тіпті 196 қозыға дейін жеткіздім, – дейді ардагер шопан өткен күндерін еске алып.
Кейіпкеріміз еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында аудан мен облыс көлемінде талай мәрте марапатқа ие болған. Кеудесінде жарқыраған орден-медальдар маңдай термен келген еңбектің елеусіз қалмағанының дәлелі.
– Адал еңбек абыройға бөлейді, табысқа кенелтеді. Қазіргі жастарға да осыны үнемі айтып отырамын. Еңбекпен шыңдалған адамның өмірі мағыналы, берекелі болады, – дейді Шәлібек ата.
Бүгінде ол үлкен әулеттің ақылшысы. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Қызы Райхан Иманбаева – облысқа танымал журналист. Екі қызы Алматыда мемлекеттік қызметте, ал екі ұлы әке жолын жалғастырып, малшаруашылығын дамытып отыр.
Біздің ата-әжелеріміз еңбек етудің мәнін алдыңғы буыннан үйреніп, солардың ізімен өмір сүрді. Бүгінгі ұрпақ сол еңбекқор жандардың өнегесін ұмытпай, олардың табандылығын үлгі тұтса – елдің еңсесі де биік, еңбектің абыройы да мәңгі болмақ.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист,
Қордай ауданы




