Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жиһаз жасаудың шебері

Жиһаз жасаудың шебері
Автор
Еңбек адамына құрмет көрсету – ел болашағына құрмет көрсету. Ал қоғамның дамуына, елдің өркендеуіне тікелей үлес қосып жүрген қарапайым жұмысшы, шаруа, құрылысшы, жүргізуші, малшы секілді мамандардың еңбегін бағалау, қадірлеу – адамгершіліктің белгісі. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады» деуінің де басты себебі осында жатыр.

Өңірімізде де еңбегімен көпке үлгі болып жүргендер аз емес. Солардың бірі – Меркі ауданы, Ақтоған ауылдық округінің тұрғыны Медет Қилыбаев. Ол кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, ауылында жиһаз жасау ісін дамытып отырған тәжірибелі шебер.

«Еңбек – адам өмірінің мәні мен берекесі» дейді дана халқымыз. Медет Қилыбаев бұл салада бес жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келеді. Негізгі мамандығы эколог болғанымен, уақыт өте келе жиһаз құрастыру мен жасау ісіне қызығушылығы артып, ағаларының жанында көмекші болып жүріпті. Кейін жеке кәсібін ашқан.

Бүгінде шебердің тұрақты тұтынушылары бар. Ол жаңа жиһаз түрлерін жасаумен қатар, ескі жиһаздарды жаңарту және жөндеу жұмыстарымен де айналысады. Сонымен бірге ірі жиһаз дүкендерінен түсетін тапсырыстарды да сапалы орындайды.

Медет Қилыбаев тек өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, шәкірт тәрбиелеуге де көңіл бөлуді ұмытпаған. Оның жанында жұмыс істеп, тәжірибе жинаған бірнеше жас бүгінде өздерінің жеке кәсіптерін ашып, табысты еңбек етуде.

– Ауылдағы ағаларымыздың жасаған жиһаздарына, жұмыстарына қызығып, соларға көмектесе жүріп, мен де осы кәсіп түрін үйреніп алдым. Кейін өзім жеке бөлініп шығып, отбасылық кәсіп аштық. Осы арқылы ауыл жастарын да жұмысқа тарттық. Екі жігіт бізде еңбек етіп, кейін өз кәсіптерін ашып алды. Қазіргі таңда тапсырыс көп кезде сол жігіттер көмектеседі. Сонымен қатар үлкен ұлым да қолғабыс етіп жүр, – дейді шебер.

Сондай-ақ ол әңгімелесу барысында бізге өз жоспарлары туралы да айтып берді.

– Өз кәсібімді дамытсам деймін. Тапсырыстарды онлайн және тұрақты клиенттер арқылы алып отырмыз. Меркі ауданындағы үлкен дүкендермен де жұмыс істейміз. Алдағы мақсат – цехты кеңейту. Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз қаржы немесе жеңілдетілген несие алу жағынан қолдауға ие болып, ағашты кесетін, оятын қажетті құрылғыларды орнатсақ деген жоспар бар. Қазір осы бағдарламаға қатысып жатырмыз, – дейді Медет Қилыбаев.

Медеттің жұбайы ұстаздық қызмет атқарады. Екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қолдау білдіріп, қажет кезде бірге жұмыс істейді.

Медет Қилыбаев сүйікті ісіңмен, адал еңбегіңмен бақытты өмір сүруге болатындығының жарқын үлгісі.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ,

журналист,

Меркі ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар