Айдана Қаратау қаласының тумасы. Жамбыл жоғары медициналық колледжінде білім алған. Кәсібінің негізін осы киелі жерде қалаған. Айдана алғашында тәттілерді үйде пісіріп, онлайн түрде сатылымға шығара бастайды. Ә дегеннен-ақ өнімдері тұтынушылардың үлкен сұранысына ие болады. Осылайша көптің сұранысы кәсіпке білек сыбана кірісуге құлшындырады.
Бүгінде Айдана 32 жаста. Екі баланың анасы, аяулы жар. Кондитер болып жұмыс жасап жүргеніне биыл 10 жыл толып отыр.
– Тәтті пісіруге деген бала кезден қалыптасқан қызығушылығым уақыт өте өзімнің сүйікті ісіме әрі кәсібіме айналды. Қазіргі таңда шағын кондитерлік дүкенімде 10 қызметкер жұмыс істейді. Әрқайсысы өз саласының маманы, қолынан іс келетін, жұмысына адал қыз-келіншектер. Кәсіптің табысты, берекелі болуы көбіне команданың ұйымшылдығына байланысты. Бірі тәттінің дизайнын жасап жатса, тағы бірі тұтынушыларға қызмет етеді. Ұжымымыздағы әрбір жұмысшының еңбегі бағалы. Бүгінгі нарықта тұтынушылардың талғамы да едәуір өзгерді. Қазір адамдардың таңдауы әдемі, шағын порциялы, бірден жеуге қолайлы десерттерге түседі. Әсіресе бенто-торттар, мини-десерттер, капкейктер ерекше сұранысқа ие. Жалпы бұл салада тоқтап қалуға болмайды. Жыл сайын жаңа техника, жаңа декор түрлері, жаңа дәм үйлесімдері шығып отырады. Тұтынушылардың талғамы да өзгеруде. Сол себепті үздіксіз ізденіс, оқыту, курстар, шеберлік сабақтары – кондитердің күнделікті жұмысының айнымас бөлігі. Өз ісіңе адал болсаң, ырзыққа кенеліп, клиенттің қолдауы есебінен жағдайың да жақсарады, – дейді Айдана Сейтханқызы.
Әрбір істің басында қиындық тұратыны анық. Жас кәсіпкер бұл жолда талай сыннан өткенін, тұрақты тұтынушылардың жоқтығы, кәсіпті алғаш бастағандағы қорқыныштың барлығы уақыт өте келе сейілгенін айтады.
– Кәсібімді алғаш бастағанда «Тауарым өтпей қалмай ма?», «Бұл ортада бәсекелестік тым жоғары, төтеп бере аламын ба?» деген сынды ойлар мазалады. Бірақ тынымсыз ізденіс пен еңбектің арқасында жұмысым бір жолға түсті. Бүгінде 1 тәтті сататын дүкенім мен 1 кофеханам келген қонақтарға қалтқысыз қызмет атқарады. Бүгінгі таңда нарық кондитерлердің алдына нақты талап қояды. Ал мен үшін басты мақсат – осы талапты орындап қана қоймай, әр өнім арқылы тұтынушының көңілінен шығу. Ал торттарымыздың бағасы 3 000 теңгеден басталады. Торттардың бетіне тұтынушының қалауынша тілек, сөздер жазу, дизайн жасауға болады. Сыйлыққа, туған күнге апаруға өте ыңғайлы әрі тиімді. Сондай-ақ «Сүтті қыз», «Вупи пай», «Сникерс», «Орео», «Манго» сынды тәттілеріміз бар. Тәттілердің қалыңдығы шамамен «10-12 сантиметрге тең диаметрлі болады. Бисквиттар 2-3 қабатқа бөлінеді. Крем жағылып, арасына жеміс, жаңғақ қосуға болады. Сырты креммен тегістеледі. Жеке дизайн, жазу, сурет салу клиенттің қалауына қарай жасалады. Одан бөлек, мен бұл кәсіпті үнемі дамуды талап ететін кәсіп ретінде көремін. Жаңа трендтер, жаңа техникалар, клиенттердің талғамы секілді барлық қажеттіліктер мені әрдайым кәсіби тұрғыда өсуге итермелейді, – дейді Айдана Бүркітбай.
Айдананың кәсібін жұбайы Асылбек пен туған-туыстары да қолдайды. Алдағы уақытта Айдана дүкендер желісін үлкейтіп, шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап жүр.
Сымбат ҚУАНЫШ




