Күләш Ахметова бар ғибратты ғұмырын сәулелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге мол үлес қосқан халқымыздың аяулы ақыны еді. Нәзік қаламынан туған сыршыл өлеңдері, елдікті дәріптеген жалынды жырлары оқырман тарапынан аса жоғары бағаға ие болды. Өнегелі өмір сүріп, соңына әдеби бай мұра қалдырған Күләш Ахметованың есімі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ділдәқызы Ахметованың қайтыс болуына байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын.
Күләш Ділдәқызы қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын. Төл әдебиетімізді жаңа дейгейге көтерген қаламгер. Оның көркем де кестелі жырлары оқырман қауымның жүрегінен орын тапты. Ақынның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан да, оқырман қауым тарапынан да лайықты бағаланды.
Қаламгердің соңына қалдырған жырлары – қазыналы мұра. Ол қазақ халқымен бірге жасай бермек. Оның жарқын бейнесі, жақұт жырлары жүрегімізде мәңгі сақталады.
Марқұмның отбасына, жақын туыстарына сабыр мен төзім тілеймін.
Аяулы ақынның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.
Ерлан Қарин,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, лирик ақын Күләш Ахметованың қайтыс болуына байланысты орны толмас қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз.
Күләш апамыз қайталанбас туындыларымен қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер. Ақынның нәзіктік пен сезімді және адамдық пен адалдықты жырлайтын шығармалары ұлттық поэзиямыздың алтын қорына қосылған құнды қазына болып қала береді. Апамыздың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы
Ел арасында еңбегімен, парасатымен, адамдық болмысымен сый-құрметке ие болған халыққа белгілі қаламгер – Күләш Ділдәқызы Ахметованың қайтыс болуына байланысты жақындары мен туған-туыстарына орны толмас ауыр қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.
Күләш Ахметова – өз ғұмырын ел игілігіне арнап, бар болмысымен халқына қызмет еткен абыройлы тұлға еді.
Оның әрбір ісі мен сөзі халыққа деген адал ниетінен, елдік мүддеге деген жауапкершілігінен туып отырды.
Марқұмның ел үшін жасаған еңбегі өскелең ұрпақтың өміріне бағыт- бағдар берген бағалы мұра. Оның елдік мәселелерге деген көзқарасы, қоғамға қосқан үлесі, кейінгі буынға үлгі болып қала бермек.
Орны толмас қазаның қайғысына ортақпын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы
Қазақ әдебиеті қара жамылды. Ұлт руханиятының тағы бір жарық жұлдызы сөнді. Қазақтың аяулы ақыны Күләш Ахметова бақиға аттанды.
Ақынның отбасы мен туған-туыстарына, барша ағайынға қайғыра көңіл айтамын!
Күләш Ділдәқызы ұлттық поэзияға өзгеше леп әкелген қаламы қуатты, өлеңі шуақты, әдебиетіміздің шоқтығы биік қаламгері еді.
Абыз Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «жыры күннің нұрындай, гүлдің әріндей, сүттің өңіндей, бөбектің иісіндей» ақын болатын.
Оның қаламынан туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы туындылар оқырман жүрегіне жетіп, терең сезімге жетеледі. Ақын өлеңдерінен биік болмысы, өр рухы, адам жанын дәл танып, ішкі әлемін көркем де қуатты тілмен ашатын ерекше шеберлігі айқын аңғарылады.
Қаламгер ғибратты ғұмырында мөлдір жырымен, көркем жүзімен қазақ поэзиясының ақ гүлі атанып, халқының ыстық ықыласына бөленді.
Ол нәзік те сыршыл, өміршең өлеңдерінде барша қазақ қыздарының жан сезімін, жүрек үнін көркем кестеледі.
Күләш апамыздың жарқын бейнесі мен өнегелі өмір жолы жұртшылықтың жадында мәңгі сақталады деп сенемін.
Алла тағала апамыздың жатқан жерін жарық, топырағын торқа етсін!
Бақұл болыңыз, апа!
Аида БАЛАЕВА,
Мәдениет және ақпарат министрі
Қазақ әдебиеті мен қасиетті Жамбыл өңірі орны толмас ауыр қазаға душар болды. 80 жасқа қараған шағында қазақ поэзиясының ақ гүлі, жүректен төгілген жырдың иесі, сыршыл сөздің сөнбес шамшырағы – Күләш Ділдәқызы Ахметова апамыз мәңгілік сапарға аттанды.
Қазақтың әр шаңырағында оқылған, сан жүрекке тәлім болған Күләш апамыздың әрбір өлеңі – мейірім мен адамгершілікке толы тұтас бір әлем, әрбір сөзі – ұлт руханиятының тереңінен тербейтін қастерлі қазына еді. Оның жырларынан ізгіліктің исі аңқып, ұлттың тағдыры мен ана тіліміздің тұнық үні қатар естіліп тұратын.
Апамызбен әрдайым рухани байланыста болу – үлкен мәртебе еді. Апамыз қашанда ақкөңіл қалпын жоғалтпай, аналық мейірімімен айналасына шуақ шашып, ел мен жердің амандығын тілеп отыратын. Артынан ерген іні-қарындастарына, шәкірттеріне әрдайым ақ батасын беріп, жүрек жылуын аямайтын.
«Сен – қазақсың! Қазақ едің туғанда!
Онда дүние тағылымынан үлгі ал да,
Ата жұрттан, Ана тілден айырылма,
Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда!», – деп асқақ рухпен жырлаған поэзия ханшайымының есімі мен мол мұрасы қалың оқырманының жадында мәңгілікке жаңғырып тұратыны анық. Бұл жолдар – ұлт рухының биіктігін көрсеткен ұлы ұстаным, қазақтың әр перзентіне арнаған өсиеті болып қала бермек.
Күләш апамыздың адами болмысы да, ақындық әлемі де – тұтас бір ұлттың мақтанышы. Ол артына баға жетпес мұра, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани қазына қалдырды.
Көрнекті ақынның өмірлік серігі Қайырбек Асановқа, отбасы мен жақын-туыстарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтамын. Бұл – тек бір әулеттің емес, күллі қазақтың қабырғасын қайыстырған ауыр қаза.
Марқұмның иманы жолдас болып, жатқан жері нұрға толсын.
Ұлттың ұлы ақыны, поэзияның ақ гүлі – Күләш Ділдәқызы Ахметованың рухы қазақ даласының әр қиырында мәңгілік жаңғырып тұра бермек.
Күләш Ділдәқызы тек өлең жазумен ғана шектелген жоқ. Тәуелсіз еліміздің патриоты болды. Айналаға жақсылық пен ізгіліктің нұрын таратты. Күләш әпкеміздің мейірімі мен жылы жүрегін жақсы көрдім. Бұл шаңыраққа жиі келіп, апаймен әңгімелесіп тұрушы едім. Енді ақынның өрелі өлеңдері қазақ еліне қызмет ете береді. Аяулы ақынның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай.
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ,
Жамбыл облысының әкімі.
ИСІ ҚАЗАҚ ҚАДІР ТҰТТЫ
Менің жар дегендегі жалғыз жездем басқа-басқа емес ел астанасына барып, ел Президентінің өз қолынан орден алған күн бұдан былай ешқашан ұмытылмайтын датаға айналды.
Әрине, мұндай тарихи сәт онсыз да естен ешқашан шықпауы тиіс қой.
Бірақ бұл жолы саналы пендесіне ібіліс тілін алма деп иман берген ұлы Аршының Раббысы өзінің бар екенін, күллі әлемдердің Жаратушысы бір өзі екендігін бір-ақ күнде, бір сәтте қатарынан екі рет еске салғызды.
Әп-сәтте бүкіл әлеуметтік желіні толтырып жіберген осы мерейлі іс-шараның бейнекөрінісін тебіренбей тамашалау мүмкін емес-ті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен барған қарапайым еңбек адамдарының қолын құшырлана қысып тұрған Қасым-Жомарт Тоқаевтан марапат алмақ түгілі, қасында тұрып, суретке түсу бақытына ие болудың өзі қандай мәртебе десеңізші.
Астана төрінде «Ахметов Бердияр Ділдәұлы!» деп құрмет көрсету алаңына шақырған жүргізушінің саңқылдаған салмақты даусы сол шақта баяғыда өзіміз көзін көріп, сөзін талай тыңдаған Ділдә атаның аруағын бір аунатқаны күмәнсіз-етін...
...Ал, ымырт жабыла, әке аруағын тағы бір рет аунатып, «Сексен жасқа қараған шағында Ділдәқызы Күләш Ахметова өмірден озды» деген суық хабар сумаңдай жетіп, жүректерді мұздай қарыды.
Жоғарыда Тәңірі тағала өзін бір күнде қатарынан екі рет еріксіз еске алғызды дегенім осы болатын. Ақын Күләш Ахметова әлгі Бердияр жездемнің алдындағы аяулы әпкесі еді.
«Күләш Ахметова шыққан қасиетті топырақтанбыз» деп есімін мақтаныш ететін жерлестерінің жігерін жалынды жырларымен жаныған ақын имандылықты дәріптеп, ізгі амалдарды насихаттап өткен, ылғи жақсылықтардың ғана жаршысы болды.
Жамбылдықтар ғана емес, иісі қазақ қадір тұтты. Алақанында аялады. Жырларын жатқа оқыды. Өзін жақсы көрді. Өмірін үлгі етті.
Адамды күнде сынайтын Алланың қай сынағын да түсіністікпен қабылдаған жөн дейді. Сонда Құдай сол адамға сол сынағы арқылы ешқашан ұмытылмастай мол ғибрат береді.
Түлкібұлаң тіршіліктің етегіне сүрініп-қабынып, таңның атқанымен, кештің батқанымен күн көретін адамзатқа бұл – таусылмайтын өмір сабағы.
Жаратқаннан екі дүниенің бақытын нәсіп етуді жалбарына сұрап, жұртының біліп-білмей істеген істерінің қорғаушысы болуын тілеп, өмір сүретін дүниесін, қайтып оралатын ақиретін түзеуін ғұмырының соңына дейін ойлап өткен ақын апамыздың өлімін де барлық жамандықтан демалу қылса екен Алла.

Алпыс жылға жуық уақыт бойы өмірде де, өлеңде де жұбы жазылмаған қосағы, ақын Қайырбек Асановтың отбасына, Күләштай асыл жарының енді рухы сегіз бейіште шалқысын, артында қалғандарына мәнді, мағыналы өмір берсін дейміз.
Үміт БИТЕНОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Күләш Ділдәқызы АХМЕТОВА
Күләш Ділдәқызы Ахметова 1946 жылдың 25 сәуірінде дүниеге келді. Ақын, журналист, аудармашы. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Жамбыл облысының Құрметті азаматы. «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.
Жамбыл облысы, Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін, 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін мейірбике мамандығы бойынша бітірген. 1973 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін журналист мамандығы бойынша тәмамдайды. Үшарал медициналық пунктінде меңгеруші, Талас аудандық «Ленин жолы», 1973-1977 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1977-1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болды. «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін ақын Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Өлеңдері орыс, украин және түркі халықтарының тілдеріне аударылған, мектеп оқулықтарына енген. Тәуелсіздіктің онжылдығына, Астананың онжылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері.
1978 жылы «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 2006 жылы «Құт» кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. «Болашақ» поэмасы үшін К.Симонов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері.
Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Ахметова шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етті.
Ақынның әр жылдары «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» атты өлеңдер жинағы жарық көріп, оқырманнан лайықты бағасын алған. Әр кезеңде Күләш ақын туралы Әбділда Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Әбіш Кекілбаев сияқты әйгілі тұлғалар жоғары пікір білдірген.
«Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған ардақты ақын өмірінің соңғы жылдарында Тараз қаласында тұрды.
Ақынның өлеңдерін бірнеше жас буын сүйіп оқып, өсті. Парасатты поэзиясы арқылы қалың оқырман ой түйіп, жақсылыққа ұмтылып, ақын жас ұрпақты дұрыс жолға тәрбиелеуге үлкен үлес қосты.
Енді Күләш Ахметованың екінші өмірі басталды.
«Мейіріміне қалай мен тоя аламын,
Сол емес пе аяулым, сая бағым.
Халқым аман болсын деп көзімді іліп,
Халқым аман болсын деп оянамын» – деп жырлаған ақынға да туған халқы бар махаббатын, мейірімін төкті. Ақынның өлеңдері мен асыл бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталатыны анық. Топырағы торқа, жаны жәннатта болсын.
Облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, облыстық ардагерлер кеңесі және облыстық қоғамдық кеңесі
ҚАРАШАНЫҢ ЖЕЛІМЕН БІРГЕ КӨШКЕН ЖЫР-ҒҰМЫР
Құрсағыма бала бітіп, ана атанған сәттен жаңа туған нәркес бөбек бойындағы ең нәзік сезімдерді тербетіп, Отанға махаббат, ұлтқа құрмет, рухқа деген берік сенімді сіңдіру үшін іздене бастадым. Құлын мінез құлагеріме сөз қадірін ұқтырып, ұғындыру үшін әдебиеттің есігін қақтым. Ақ таңдарда оянып, ақ бесікке таянған сайын поэзияға жүгіндім. Поэзия маған Күләш Ахметованың нәзік лирасымен үн қатты.
Сендіріп, сезіндіріп, жандырып, жалындырып барып өртенген сезімдерге мөлдір тамшыларын төкті. Өлеңінің өзі жылатып тұрып, жұбатып ала қоятын құдіретімен тәнті етті. Ақ қанат періштенің қанатынан сорғалаған нұр сияқты айналаға шуағын шашып, жыр болып құйыла берді. Бірде ақын жыры патриоттық сарындағы жалынымен жанымды қарып түсіп:
Сен – қазақсың!
Қазақ деген ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.
Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы күн сияқты дөңгелек.
Сен – қазақсың!
Қазақ едің туғанда!
Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да,
Ата жұрттан, Ана тілден айрылма,
Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда, – деді маған.
Мейлі жасөспірім бала, мейлі ақыл тұнған дана болса да осы өлеңді естіген соң, өз ұлтына деген құрметі арта түсетіні сөзсіз. Бұл өлеңді бойына сіңірген адамның өз ұлтының құндылығына бас иіп, тамырының тарихы тереңде жататынын түсіндім. Сол сәттен бастап, біз отбасымызбен Күләш ақынның жырымен сусындап, ақын өлеңімен таң атырып, күн батыра бастадық.
Тәулік бойы күн шапағына бөленіп, ымырт үйіріліп, терезеден ай сәулесі түскенде де біздің алақандай бөлмені Күләш апаның жыры жылытып тұрды. Бірде тілі шығып, ең алғашқы сөздерін енді-енді айта бастаған екі жасар ұлым «Сен қазақсың, қазақ деген ел бөлек» деп жұдырығын түйіп, қолдарын сермеп тұрып осы өлеңді оқи бастады. Әр сөзге, әр іске Күләш ақынның өлеңдерімен жауап беруді әдетке айналдырды. Сөйтіп 6 және 4 жасар бүлдіршіндерім Диляра мен Дархан Күләш апаның өлеңдерін жатқа оқып, әлеуметтік желінің көрігін қыздырып жүрді.
Бірде шынашақтай ұлым мен қызым есімі қазақ қоғамына етене таныс журналист Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» хабарына шақырту алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Одан кейін де әр уақыттарда көптеген республикалық телеарналарға шақырту алып, таныла бастады. Сөйтіп небәрі балдырған шағынан мәнерлеп оқу өнерінің шеберлері атағын алған әпкелі-інілі екеу байқаулардан тек бас жүлделермен оралып жүрді.
Бұл жетістіктің ар жағында қазақтың аяулы ақыны Күләш Ахметованың жырының қуаты тұр еді. Осы уақытта ақынның Тараз қаласында тұратынын білсем де, хабарласуға жүрексініп, бір тілдесуді армандап қана жүргенбіз. Бір күні кешқұрым соғылған телефон қоңырауына құлақ түргенімде нәзік дауыс иесі ақын апам екенін біліп, кісілігіне, кішіпейілдігіне тәнті болған едім.
– Мен Күләш Ахметова – ақын апаларың боламын. Диляра мен Дархан есімді екі бала менің поэзиямды жатқа оқитынын алдымен «WhatsApp» желісі арқылы байқап жүрдім. Кейін телеарналардан көрдім. Бұл екі баланы құшағыма басып, алғысымды білдіргім келеді. Үйге келіңдер, – деп мекенжайын айтып, қонаққа шақырды.
Екі бөпемді құшақтап, ертесіне апаның төрінен бір-ақ шықтық. Аналық ақ жүрегімен ақ дастарқан басында күтіп отырған поэзияның ақ гүлін көргенде төбеміз көкке жеткендей күй кештік. Сол күні кішкентай ғана ұл мен қыз Күләш апаның өлеңдерін жатқа оқып, ақ әжелерінің ақ батасын алды, қошаметіне бөленді. Өздерінің кімнің өлеңін оқып жүргенін біліп, танысып, нәзік жан иесінің құшағына кіріп, мейірімін сезініп, мәз болды.
– Әр сөзде кие бар! Сөздеріңе кие қондырып сөйлеңдер, кие қондырып жазыңдар. Сендер менің өлеңімді әр жүрекке жеткізе жолдап жүрген туған баламсыңдар, – деп айтқаны әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр.
Содан кейін кішкентай Диляра мен Дархан ақын апайды туған әжесіндей көріп, әр мереке, мейрамда апаның шаңырағынан табылды. Апа да мезгіл, ай, күн, уақыт талғамай көргісі келген сәтте шақырып ала қоятын. Сыйластығы бір төбе, сияпаты бір бөлек, мейірімді ақынды ауылдағы анамды сағынған сәтте өзім де іздеп барып тұрдым.
Үнемі ақ жаулығы желбіреп, әсем моншақтары ақ тамағына жарасып тұратын. Дерті жанына батып тұрса да әйелдің нәзік болмысын жоғалтпаған абзал ақынға қызыға да қызғана қарайтынмын. Сұлу болып қалудан танбаған ақын жүректі әйелді әсем әшекейсіз елестету де мүмкін емес еді. Ол ақынның ғана емес нәзік әйелдік болмысынан танбаған, нағыз сұлулықтың, кіршіксіз әлемнің символындай болып қай кезде де салтанатты сәнімен, күлімдеп қана қарсы алатын.
Әңгіме түрлі тақырыпта өрбиді. Әз ақын бірде сыңғырлай күліп, жан жары Қайырбек атамен қалай танысқанын сөз етіп, ұл мен қызының балалық шағындағы ең қызықты кезеңдерімен бөліссе, енді бірде мұңға батып отырып қалатын. Әр кездескен сайын әңгіме барысында анасын ауруханаға алып кеткен күнді жиі есіне алып отыратын. Сол сәттің басына қайғы әкелгенін ұмыта алмаған ақын бірде «Анама арнап жазылған «Шілтері» деген жырымды оқып берейінші, сенің жүрегің нәзік қой. Ал тыңда, бірақ жылап қалма» деп ескертіп, әсерлі өлеңін оқи жөнелді.
– Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән,
Жүгіреді жылдар шашып шаңға шаң.
Жырларымды көп адамдар тыңдаған,
Ана, сен ғой естімедің ешқашан.
Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған,
Ал мен болсам, тозбайтұғын сөз бағам.
Here адамды сақтау қиын зат құрлы?!
Дейді менің бота көңілім боздаған.
Ой тоқып ем, шілтер емес, шықты өлең,
Тоқи берем, ұқпасам да түк те мен.
Уақыттан сызат түскен сандықта,
Шілтер жатыр соңғы гүлі бітпеген, – деді де «Соңғы гүлін тоқып үлгере де алмады ғой» деп өзегін өртеген өкінішін баса алмай аласұрды.
Құшақтаса кеттік. Дәлірек айтқанда, ақын апа менің құшағыма тығылып, мұңға жұтылып, бір уыс болып бара жатқан еді.
Сол сәт жасы сексенге таяп, қарттықтың қамытын киіп, әжеге айналған ақын әйелдің әп-сәтте анасын ауруханаға жаңа ғана шығарып салған, кішкентай ғана қызға айналып, өксіп отырғанын жан-тәніммен сезінгенмін. Бірге жыладым. Бірге тебірендім. Жұбатқым келді, бірақ шерге толы жүректі жұбату мүмкін еместігін түсіндім. Ана махаббатына зәру болып өскен бүлдіршін тілегі қанша жыл алға жылжыса да, сағынышын бір елі баса алмағанын аңғардым. Қайта жылдан-жылға анасына деген махаббаты ұлғая бергенін, ұқтым. Адам баласы нешеге келсе де ана жылуын аңсап тұратынын дәлелдеген сол кеш менің жүрегімді езіп жіберді.
Қазақ поэзиясының ақ гүліне айналған ақын апам, әз апам, «Сіз өмірден өтті» дегенде соңғы гүлі бітпей қалған шілтеріңізді алып, анаңыздың құшағына тығылғаныңызды ұқтым. «Мен өмірден өткенде, осы орамалдарға қарап, мені есіңе аласың» деп едіңіз. Амал бар ма?! Расымен сіз сыйға тартқан жаулықтарды құшақтап, егілдім ау.
Қош, аяулы ақын апам!...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




