БУ-ГАЗ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Салтанатты іс-шараға «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» атты республикалық баспасөз турына келген журналистер де жиналды.
– Электр энергиясы – экономиканың да, қоғамның да тұрақты дамуының негізгі тірегі. Өндірістің артуы, инфрақұрылымның кеңеюі, жаңа кәсіпорындардың ашылуы – мұның барлығы сапалы әрі үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Бүгін іске асырылғалы отырған қуаты 50 МВт бу-газ электр стансасы – жай ғана жаңа өндіріс емес. Бұл – тиімділігі жоғары, экологиялық тұрғыдан таза технологияларды енгізу арқылы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтетін маңызды жоба. Жобаны жүзеге асырып отырған инвесторларға алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Аталған жоба Жамбыл ауданына қарасты Әулиекөл ауылында «GES Мырзатай» ЖШС бастамасымен жүзеге асырылуда. Инвестицияның жалпы көлемі – 60 миллион АҚШ доллары. Жоспар бойынша жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр стансасы салынады, ал екінші кезеңде оның қуаты 150 МВт-қа дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде стансаның жалпы қуаттылығы 200 МВт-қа жетеді.
Жоба жетекшісі Хоу Чуаньцюньнің айтуынша, инвестициялық бастама аясында жер телімін рәсімдеу, инженерлік іздестіру, жобалау және тиісті келісу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді.
Қазіргі таңда 7 гектар жер бөлінді. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым таңдалды. Гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіліп, 185 метр тереңдікте ұңғыма бұрғыланды. Сондай-ақ газбен жабдықтау бойынша тиісті техникалық шарттар алынды.
Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам тартылады, бу-газ электр стансасы толық қуатына шыққанда 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, облысымызда жалпы қуаты 1721,3 МВт болатын 24 энергетикалық нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде ең ірісі – қуаты 1107 МВт болатын «Жамбыл ГРЭС» кәсіпорны.
2025 жылдың 10 айында өңірде 3,6 миллиард кВт/сағ электр энергиясы өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға артып отыр.
ҚҰС ЕТІН ӨҢДЕЙТІН ІРІ ЗАМАНАУИ КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Жамбыл облысында еліміздегі екінші ірі құс етін өңдеу зауыты іске қосылды. Жылдық қуаттылығы 70 мың тонна болатын бұл ауқымды жобаны «Алель Агро» акционерлік қоғамы 19,8 миллиард теңге инвестиция құю арқылы табысты жүзеге асырды.

Салтанатты ашылу рәсіміне өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, кәсіпорын өкілдері, «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» республикалық баспасөз турына келген журналистер және жергілікті тұрғындар қатысты.
Инвестициялық жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өңдеуді тереңдету және қайта өңделген өнім үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр.
Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде Жамбыл облысының агросекторында жаңа кезең басталғанын атап өтіп, барлық атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың игілігіне бағытталғанын жеткізді.
Зауытта әлемдік жетекші компаниялардың заманауи жабдықтары орнатылған, барлық технологиялық үдерістер халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Бұл өнім сапасын тұрақты бақылауға және өндірістік қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Алель Агро» АҚ-ның Жамбыл филиалы – құс шаруашылығы саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Негізгі бағыты – бройлер тұқымды құстардың етін өндіру және қайта өңдеу. Компания толық өндірістік циклді жүзеге асырады. Балапандарды инкубациялаудан бастап, құсты өсіру, ет өндіру және дайын өнімді нарыққа шығару кезеңдерінің барлығын қамтиды.
Кәсіпорынның қазіргі қуаты – жылына 10 мың тонна құс еті. Қазіргі таңда зауыт басшылығы өндіріс көлемін ұлғайту және тиімділікті арттыру мақсатында заманауи технологияларды, өндірістік инфрақұрылымды енгізіп келеді.
«Алель Агро» АҚ-ның Жамбыл филиалы 2019 жылы жұмысын бастады. 2020 жылы жылына 10 мың тонна өнім өндіретін ет өңдеу кешені ашылды. 2021 жылы қуаты 10 мың тонна болатын екі бройлер құс фабрикасы, ал 2022 жылы жылына 84 мың тонна құрамажем өндіретін зауыт іске қосылды. 2023 жылы жылына 13,5 миллион тәуліктік балапан шығаратын заманауи инкубатор пайдалануға берілді.
Биыл жыл соңына дейін қуаты 4 600 тонна болатын үшінші бройлер фабрикасының іске қосылуы жоспарлануда. Сондай-ақ жалпы қуаты 26 мың тонна болатын екі жаңа фабриканың құрылысы басталады. 2028 жылы тағы екі фабриканың құрылысы қолға алынып, сол жылдың соңына қарай кәсіпорынның жалпы жылдық қуаты 69 мың тонна құс етіне жетеді. Бұл облыстағы құс еті өндірісін екі есеге арттыруға жол ашады.
Негізі өңірде құс шаруашылығы бағытында 3 ірі кәсіпорын жұмыс істесе, екеуі құс етін («Әулие-Ата Феникс» ЖШС, «Алель-Агро» АҚ Жамбыл филиалы), біреуі жұмыртқа өндіреді («Аса-Даму» ЖШС).
2025 жылдың 9 айында облыстан 3 327,4 тонна ет және 421 тонна шұжық өнімдері экспортталды. Оның ішінде құс еті – 1 721,5 тонна, сиыр еті – 675,1 тонна, қой еті – 1 188,7 тонна, жылқы еті – 0,3 тонна, малдың ішкі өнімдері – 760,9 тонна.
Өнімдер Қырғызстан, Қатар, Кувейт, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германия елдеріне шығарылды.
70 МЫҢ ТОННА: ӘК ӨҢДЕЙТІН ЖАҢА ЗАУЫТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
«Тараз» индустриялық аймағында жылына 70 мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк өндіретін зауыт ашылды.
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу саласына инвестиция тарту туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Инвестициялық құны 2 миллиард теңге болатын кәсіпорын 100 жаңа жұмыс орнының құрылуына ықпал етті.
– Бүгінгі бастама – ел Президенті жүктеген міндеттермен толық үйлесетін нақты қадам. Біздің мақсатымыз – өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеретін өндірістерді арттыру және инвесторлармен өзара тиімді әріптестік орнату. Бүгін іске қосылған жоба – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Облыс әкімдігі инфрақұрылым тарту, инженерлік желілермен қамтамасыз ету және қажетті әкімшілік қолдау көрсету жұмыстарын орындап отыр. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды бұдан әрі де жалғастырамыз. Жаңа өндіріс орны еліміздің өркендеуіне үлес қоса берсін! – деді ашылу рәсімінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Өндіріс ошағы қажетті шикізатты жеке карьерінен алады. Бұл әктасты қазудан бастап дайын өнім шығаратын кезеңге дейін сапаны тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Өнім өндірушісі – «KazGeoEnergy» ЖШС, өңірдегі 1-сыныпты әк шығаратын жалғыз кәсіпорын.
Зауыт заманауи технологиялармен және озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде германиялық Siemens AG мониторинг жүйесі орнатылып, өндірістің барлық кезеңінде сапаны жоғары дәлдікпен бақылауды қамтамасыз етеді.
Өндірілетін күйдірілген әк экономиканың негізгі салаларында кеңінен қолданылады.
Құрылыс саласында – байланыстырғыш материал ретінде, силикат кірпіш, цемент, газоблок, сылақ өнімдерін дайындауда;

Металлургияда – қоспаларды бөліп алу және кенді байыту кезінде флюс ретінде;
Химия өнеркәсібінде – сода, кальций карбиді, ацетилен, бояу-лак өнімдерін өндіруде негізгі шикізат ретінде;
Азық-түлік өнеркәсібінде – қант, нан, сүт өнімдерін әзірлеуде, сондай-ақ Е-529 тағамдық қоспасының құрамына кіреді.
Жаңа зауыт өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып отыр. Ол облыс экономикасына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыруға және отандық өнеркәсіпті нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өңір өнеркәсіп саласында жаңа рекорд орнатты. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында 919 кәсіпорында еңбек ететін 41 мың адамның күш-жігерінің нәтижесінде 1 триллион теңге көлемінде өнім өндірілді. Бұл көрсеткіш Жамбыл облысын республиканың барлық өңірлері арасында бірінші орынға шығарды.
АЛҒАШҚЫ ШАҒЫН ӨНЕРКӘСІПТІК АЙМАҚ АШЫЛДЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда алғашқы шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылды. Бұл бастама өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ұсынады.
Жобаны іске асыруға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы қолдау көрсетті. Жоба құны – 1,4 миллиард теңге, бастамашы – «I Cons» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде басталған.
Шағын өнеркәсіптік аймақ «Тараз» индустриялық аймағында орналасқан. Мұнда кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар ұсынылып, бұл бастапқы шығындарды едәуір азайтып, өндірісті қысқа мерзімде жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл шешім жаңа өндіріс ашуды жоспарлаған кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымға қол жеткізу мәселесін тиімді шешеді.
Кешенде жалпы аумағы 10 000 шаршы метрді құрайтын төрт өндірістік корпус бар. Онда шыңдалған шыны, фиброцемент плиталары және есік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Өнімдер қазірдің өзінде сұранысқа ие. «BI Group» сияқты ірі құрылыс компаниялары оларды тұрғын үйлер салуда пайдаланып жүр.

Фиброцемент плиталарын шығаратын кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 140 мың шаршы метр. Ал есік жасайтын өндіріс орны жылына 50 мың дана өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өнімдер заманауи, жайлы мектептер құрылысына да қолданылуда.
Жоба іске қосылу нәтижесінде шамамен 100 жаңа жұмыс орны құрылды. 2025 жылдың III тоқсанында шағын өнеркәсіптік аймақ толық пайдалануға беріліп, кәсіпорындар тұрақты жұмыс режиміне көшті, ал өнімдеріне сұраныс жоғары.
Тараздан басталған «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» республикалық баспасөз туры кеше Сарысу, Талас, Шу аудандарында жалғасып, бірқатар жобалар пайдалануға берілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Жарқын бейнесі ұмытылмайды
Ұқсас жаңалықтар
Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау – ортақ міндет
- авторAR-AY
- 14 қараша, 2025




