Кездесуде Серік Жақсылықұлы имамдармен пікір алмасып, өңірдегі діни ахуал, жастар тәрбиесі және қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау мәселелерін талқылады. С.Сәлемов дін қызметкерлерінің ел бірлігі мен татулықты нығайтудағы еңбегін атап өтіп, мемлекет пен дін саласының өзара үйлесімді жұмысының маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі кездесуіміздің негізгі мақсаты – қоғамдағы рухани тұрақтылықты, тәртіп пен тазалықты, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесін нығайту жолдарын өздеріңізбен бірлесе талқылау. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы, білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы қолға алынғанын білесіздер. Адам мен қоғамның игілігіне септігі тиетін бұл жаңашылдықтардың әрқайсысын жеке тақырып ретінде айтып өтсе болады. Дегенмен бұл бастамалар ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымыздың рухы мен діни танымына толық сай келеді деп зор сеніммен айта аламыз. Асыл дініміз адам баласын асып-таспауға, ғылым мен білімге және ынтымақта болуға шақырады. Ата-бабамыздан қалған осындай бірегей мұраларды мұқият зерделеп, жалпыұлттық құндылық ретінде халыққа жеткізу сіз бен біздің ортақ міндетіміз деп танимын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы кеше ғана ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын Жарлыққа қол қойды. Оның ішінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекетті дамыту ісінде зайырлылық қағидаттарын тұрақты түрде ілгерілету, конфессияаралық келісімді және дінаралық толеранттықты нығайту, дінді деструктивті мақсаттар үшін пайдалануға және діни наным-сенімді ұстануға біреуді мәжбүрлеуге жол бермеу, діни радикализм мен экстремизм насихатына қарсы тұру және дін саласындағы ахуалға сапалы мониторинг жүргізу және талдау жасау керек, – деді Серік Сәлемов.

Сонымен қатар жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Сәрсенбайұлы сөз сөйлеп, дін саласындағы өзекті бағыттар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бүгінгі таңда өз қызметін 4 негізгі бағытта жүзеге асырып келеді. Олар – «Дін мен дәстүр», «Жат ағымдардан сақтану», «Ихсан және насихат» және «Діни оқу-ағарту» бағыттары. Осы салалар бойынша түрлі бағдарламалар мен жобалар іске асырылып, қоғамның діни танымын арттыруға, имандылық құндылықтарын насихаттауға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар «Аsyldin.kz» сайты да белсенді жұмыс жүргізуде. «Munara tv» арнасына өңір бойынша бейнематериалдар түсіріліп, аталған 4 бағыттағы жұмыстар телеарна, сайт және әлеуметтік желілер арқылы жүйелі түрде насихатталуда, – деді Асқар Зәкіржанұлы.
Айжан ӨЗБЕКОВА



