Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәннің емес, рухтың тазалығын ойлайық

Тәннің емес, рухтың  тазалығын ойлайық
Автор
Сұлулыққа, сәнге ұмтылу – табиғи құбылыс. Әсіресе, жасанды кірпік пен тырнақ жалғау – әйелдер қауымының күнделікті күтім дағдысына еніп үлгергелі қашан. Бірақ шариғатымыз жасанды кірпік пен тырнақ жалғауды құп көрмейді.

Бәріміз де өткінші ғұмырдың жолаушысымыз. Біреу кенеттен көз жұмғанда, оның денесінде сол жасанды дүниелердің қалуы туыстарын ойлантатыны анық. Осындай сәттерде марқұмды шариғатқа сай жерлеуге ниеттенген туыстары арнайы сұлулық шеберлерін шақыруға мәжбүр болады. Себебі көпшілік мәйіттің кірпігін немесе тырнағын өздері шешуге батпайды. Бұл – әрине ауыр міндет.

Жуырда осындай сауапты істі қолға алған шеберлердің бірі атыраулық Ақөрік Изимбаева жайлы мақаланы көзіміз шалды. Ол өмірден озған әйелдердің кірпігін қинамай алып беріп, шариғат талабына сай арулауға көмектеседі екен.

Ақөрік негізі – лэшмейкер (кірпік маманы). Бірақ қазір бұл іспен тұрақты түрде айналыспайды. Тек ерекше өтініштер түскен кезде керек-жарағын қолға алады.

– Марқұмдардың жалғанған кірпігін мұқият, қинамай алып беремін деп өз парақшамда жазған болатынмын. Бірақ оған жұмыс немесе кәсіп ретінде қараған жоқпын. Марқұм болған адамдарға және оның ағайындарына көмек болсын деген мақсатта жаздым. Дәм-тұзымыз қашан, қай уақытта, қалай таусылатынын білмейміз. Сондықтан солай қолымнан келетін жұмысты көмек ретінде ұсындым. Көбінесе шеберлер мұндай өтініштерді қабылдамайды. Содан соң марқұмның жақындары амалсыздан өздері мәйітті қинап алып жатады. Мәйітті өйтіп қинауға, кесуге, жұлқылауға болмайды. Менің негізгі мақсатым – марқұмды қинамай, шариғатқа сай соңғы сапарға аттандыруға атсалысу, – дейді.

Ақөріктің айтуынша, өлім айтып келмейді. Сондықтан әр адам бұл дүниеден қалай кететініне емес, ар жағындағы жауапқа көбірек ойлануы керек.

Тараз қаласында да осындай ізгі істі жалғастырып жүрген шеберлер бар. Қаладағы сұлулық салонының әкімшісі Меруерт Ақылқызы мұндай өтініштердің сирек болса да түсетінін айтады.

Меруерттің сөзіне сүйенсек, кейде марқұмның жақындары шеберлерден көмек сұрағанымен, көпшілігі мұндай шақыртудан бас тартады. Себебі қайғы үстіндегі үйге бару оңай емес.

– Жылап-сықтап жатқан үйге бару – әркімге ауыр. Сол себепті көп шеберлер барғысы келмейді. Бірақ кейде біздің салоннан бір-екі қыз барып көмектескен кездер болды. Олар бұл қызмет үшін ақша алған жоқ, – дейді Меруерт Ақылқызы.

Тараз қаласының тұрғыны Әсия Жұмашеваның айтуынша, Исламда мәйіттің денесін кесіп-жұлқылауға тыйым салынған. Кірпік пен тырнақты күшпен жұлу – марқұмды қинау болып есептеледі.

– Мәйіттің денесін қалай болса солай ұстамау керек. Өйткені өлі дене ауырғанды сезеді екен. Тірі адамның кірпігі жұлынып кетсе қалай ауырады, марқұм да сондай күй кешеді дейді. Сондықтан қалай бар – солай жерлеу дұрыс, – дейді Әсия.

Ислам шариғатында адамның табиғи жаратылысын өзгертуге қатаң тыйым салынған. Бұл – жасанды кірпік, тырнақ, шаш, тіпті қасқа да қатысты үкім.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде былай делінген: «Алла Тағала денесіне сурет салдырғанды да, сурет салдыртқанды да, қасын жұлатынды да, қасты жұлатқызушыны да, әдемі көріну үшін тістерін ажыратқанды да және Алланың жаратылысын өзгертетіндерді де лағынеттеді» (Бухари, Муслим). Тағы бір хадисте: «Алла Тағала шаш жалғаушы мен жалғағанды лағынеттеді» дейді. (Бухари).

Ғалымдар бұл үкімнің сәндік мақсаттағы кірпік пен тырнаққа да қатысты екенін айтады. Себебі олар су өткізбейді. Демек, дәрет пен ғұсыл толық болмайды.

Тек ерекше жағдайларда – мысалы ауру, күйік немесе жарақат салдарынан кірпігі немесе тырнағы түсіп қалса, оны қалпына келтіру үшін қолдануға рұқсат бар. Бірақ сән үшін жалғау – харам.

Қоғамда сұлулық пен сәнге ұмтылу қалыпты нәрсе. Алайда кеше ғана салоннан шыққан әйелдің ертең бұл дүниемен қоштасуы бәрімізге өмірдің қысқалығын еске салады. Сондықтан адам баласы үшін ең маңыздысы – тәннің емес, рухтың тазалығы.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар