Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бос жұмыс орындарының саны артуда

Бос жұмыс орындарының саны артуда
Автор
Еліміздегі электронды еңбек биржасында 65 мыңнан аса бос жұмыс орны бар. Жыл басынан бері 500 мыңнан аса жұмысшы мамандығына арналған вакансия жарияланған. Жұмыс берушілердің тек 22,8 пайызы ғана тәжірибесіз қызметкерлерді қабылдауға дайын, қалғандары білікті мамандарды іздейді. Демек елімізде бос жұмыс орындарының саны артып, салалар бойынша маман тапшылығы орын алып отыр.

Цифрлық дәуірге қадам басқалы мамандық түрлері көбейіп, тиісінше жұмыссыздық деңгейі азаюда. Мәселен, 2025 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 110,1 мың адамға артқан, ал жұмыссыздар саны 2,2 мың адамға кеміген. Жастар арасындағы жұмыссыздық та азайып, 3,1 пайызды құрап отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 607,3 мың адам жұмысқа орналастырылса, 153,6 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Электронды еңбек биржасы арқылы 142 мың адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар  Президентіміздің «Әр 10 000 тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 283 мың азамат екі қолға бір күрек тапқан. Ал 28,7 мыңы мемлекеттік жобалар бойынша еңбекке тартылған.

Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қазандағы дерекке сүйенсек, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 666 шетел азаматы еңбек етеді. Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 561 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 280 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше олар 3 884 және 988 адамды құрайды. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 036 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 918 адам тартылыпты.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 896 жұмыс беруші бар. Оларда 339,1 мыңнан аса Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96 пайызы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында тіркелген. Мәселен құрылыс саласында – 4 799 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 3 065 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 187 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 085 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер қатарында Қытай (5 330 адам), Өзбекстан (2 682 адам), Түркия (1 046 адам), Үндістан (1 012 адам) бар.

«Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2 пайыз мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.

Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25 пайыз немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленді» – деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Облысымызда да жұмыссыздық деңгейін төмендету, азаматтарды жұмыспен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен 2025 жылдың 1 қарашасына дейін қала және аудандарда барлығы 108 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 1 789 жұмыс беруші мекеме қатысып, 7 754 бос жұмыс орны ұсынылған.

– Жәрмеңкеге қатысқан жұмыссыздар 7 381 адам болса, 3 075-і әйелдер, 2 221-і 35-жасқа дейінгі жастар, 112-сі мүмкіндігі шектеулі және қалған 1 584-і адам жергілікті тұрғындар. Жәрмеңке қорытындысымен 393 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 291 жас «Жастар тәжірибесіне» жолданды. «Күміс жас» бағдарламасына 90 адам, кәсіби оқытуға 56 адам жіберілді. Тұрақты жұмыс орындарына орналасқан жұмыссыздар саны 1 193 адамды құрап, жұмыспен қамту шаралары бойынша 4 843 адам консультация алды. Барлығы 2 072 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 1 193 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 12 804 адам, электронды еңбек биржасында жұмыс берушілердегі бос жұмыс орындарына 14 988 адам жұмысқа орналастырылды. Облыстық басқармалардың ұсынысына сәйкес 2025 жылға ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында 193 жоба, оның ішінде 2 732 жұмыс орнын құру жоспары бекітілген. Есепті кезеңде электронды еңбек биржасында 160 жоба енгізіліп, 1 285 азамат жұмысқа орналасты. Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 13 873 азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланып, жыл басынан бері 12 682 адам жұмысқа тұрды. Оның ішінде 8 865 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 710-ы әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. 1 533-і «Жастар тәжірибесіне» жіберіліп, 418-і «Алғашқы жұмыс орны», 24-і «Ұрпақтар келісімшарты», 1 132-сі «Күміс жас» жобалары аясында жұмыспен қамтылды. Есепті кезеңге субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған азаматтардың қатарынан 2 709 адам жұмыстарын аяқтап, оның 1 696-і немесе 62,6 пайызы тұрақты жұмысқа орналасатырылды. Ал жалпы бүгінгі күнге облыс бойынша «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасында 1 136 жұмыс берушіден 1 850 бос жұмыс орны тіркелген, – дейді Еркін Келесов.

Бос жұмыс орындары санының артуы мамандықтардың жойылып кетуіне немесе сол бағыт бойынша экономиканың тұралап қалуына әкеп соғары белгілі. Ал ел өркениетінің өрге шығуы жолында үлкен үлес қосатын мамандықтар тізімінде өнеркәсіп, ауылшаруашылығы мен құрылыс салалары бар екені айдан анық. Сол себепті мұндай салаларда маман тапшылығының болмауын нақты қадағалауымыз тиіс. Ол үшін жұмысқа тартудың белсенді шараларын азаматтар үшін оңтайлы етіп, тиімді келісімшарт ұсынылса жөн болары сөзсіз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар