Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еңбек адамы – елдің құты

Еңбек адамы – елдің құты
Автор
Қарапайым еңбек адамдарының өмірі мен еңбегі – қоғамның тынысы. Ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүрген сондай қарапайым еңбек адамдарының бірі – «Super-pharm» зауытының аға бақылаушысы Ғалия Бухабаева.

«Super-pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2011 жылдың желтоқсан айында құрылған. Зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, сондай-ақ, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар жиынтығы өндіріледі. Аталған өндіріс орны жылына 350 миллионнан аса бірреттік медициналық бұйымдар шығарады

Өндіріс ошағы 5 негізгі блоктан тұрады екен. Бірінші блок – тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі. Екінші блок – пластмассадан жасалған медициналық бұйымдар. Үшінші блок – пластырь типтес бұйымдар мен спирттік сулықтар өндірісі. Төртінші блок – бірреттік шприцтер өндірісі. Бесінші блок – медицинада қолданылатын материалдар өндірісі.

Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылы тұрғындарының 80 пайызын жұмыспен қамтып отырған зауытта шамамен 600-ге жуық адам жұмыс істейді екен.

Ал Ғалия Сабырадинқызы көршілес Өзбекстан Республикасының Бұхара облысында дүниеге келген. Балалық шағын сол елде өткізіп, ата-анасының еңбекқорлығын, адалдығын көріп өскен. Кейін Айша бибі ауылына келін болып түседі. Тұрмысқа шыққанына биыл 24 жыл толыпты.

– Осы ширек ғасырға жуық уақыт бойы Айша бибі ауылында тұрып келеміз. Жолдасым өмірін ұстаздыққа арнаған жан. Төрт қызымның үшеуі бойжетіп, өз жолдарын тапты. Екі қызым жұмыс істейді, біреуі Қарағанды медициналық университетінде білім алуда. Ал кенже қызым мектепте оқып жүр. Балаларымның әр жетістігі мен үшін үлкен қуаныш. Олардың білімге, еңбекке құштар болғанын қалаймын. Осы салаға бет бұруымның басты себебі – бала кезімнен дәрігер болғым келді. Сол асқақ арманымның жетегіне еріп, 2015 жылы тамыз айында «Super-pharm» зауытына жұмысқа орналастым. Алғашқы 9 айда жинақтаушы болып қызмет атқардым. Кейін басшылық еңбегімді бағалап, тігін бөліміне аға бақылаушы қызметіне ауыстырды. Маска, спирттік салфетка, бахила және өзге де өнімдер шығаратын бөлімдерде де тәжірибе жинадым. Біздің зауытта әр өнімнің өз ерекшелігі бар. Әр тігістің, әр жіптің орны бөлек. Себебі біз шығаратын өнімдер медицина саласына арналған бірреттік бұйымдар. Мұнда ұқыптылық, тазалық, дәлдік бәрінен маңызды. Қазір мен жинақтаушы бөлімінде аға бақылаушы болып жұмыс істеймін. Бұл жерде әр бұйымның сапасын, санын және уақытылы дайындалуын қадағалаймын. Негізі жұмыс уақыты тоғызда басталады, бірақ мен одан ертерек келемін. Алдымен цехтың тазалығын, құралдардың дайындығын тексеремін. Өнім сапасына көз жүгіртіп, журналдарды қарап шығамын. Бүгінгі күннің жоспарын жасап, тапсырмаларды белгілеймін. Әр жұмысшы өз орнында болуы керек, әр өнім өз уақытында дайындалуы қажет. Осы тәртіпті сақтаған кезде ғана жұмыс нәтижелі болады, – дейді Ғалия Сабырадинқызы.

«Super-pharm» зауыты өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі екені белгілі. Өндіріс орнында 9 цех жұмыс істейді екен.

– Қазір төртінші, жетінші және сегізінші цехтардың жұмысына жауаптымын. Бұл цехтарда негізінен бахила мен береткалар шығарылады. Ал екінші және үшінші цехтарда тігіншілер халаттар мен костюмдер тігеді. Қарамағымда 100-ден аса адам жұмыс істесе, 27-сі тігінші, 37-сі жинақтаушы, 12-сі оператор, 1 механик және ораушы бар. Олардың бәрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Әрқайсысының жұмысын күн сайын бақылап отырамын. Егер біреу сырқаттанып қалса немесе жұмысқа келе алмаса, ол туралы міндетті түрде хабар береді. Зауытта түскі ас тегін беріледі. Жұмысшылар екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Ал бахила мен беретка тігетін операторлар ауысыммен, яғни түнгі және күндізгі бөлімдермен жұмыс істейді. Еңбекақы уақытылы беріліп отырады. Орташа айлық шамамен 180 мың теңге көлемінде. Бұл жерден өз орнымды тапқандай сезінемін. Ұжымда ұйымшылдық бар. Әріптестерім өз ісін жақсы көреді. Әр өнім дайын болған сайын, соның артында қаншама еңбек жатқанын сезінемін. Сондықтан да жұмысымды мақтанышпен атқарамын. Менің өмірлік ұстанымым – жұмысқа адалдық таныту. Осы зауытта еңбек етіп келе жатқаныма тоғыз жылдан асса да, әр күні ерекше. Әріптестеріммен бірге алға ұмтылу, жоспарды орындау мен үшін үлкен қуаныш, – дейді кейіпкеріміз жылы жымиып.

Міне, елге қызмет ету, шоқтығын биікке көтеру ер мен әйел деп бөлінбейді, ерен еңбегі мен төккен теріне қарай өлшенеді. Қаншама адамның өмірін сақтап қалу, ажалдан арашалап қалу, денсаулыққа күтім орнату жолында маңызды рөл атқаратын медицина саласының дамуына сеп болып жүрген осындай еңбек адамдарының еткен жұмысы еленбей қалмасы анық. Ендеше кейіпкеріміздің қызметіне сәттілік тілейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар