ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІ ӨСКЕН
Мәселен облыстағы кәсіпорындар арқылы биылғы 9 айда 967,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 118,3 пайызды құрапты.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өнеркәсіп өнімінің 18,3 пайызға өсуі тау-кен өндіру саласында 41,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемінің 13,3 пайызға артуы есебінен қол жеткізілген.
– Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 174,9 миллиард теңгені құрады. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 18,1 пайызды көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 609 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 113,3 пайыз болды. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы – 62,8 пайыз. Өңдеу өнеркәсібі құрылымында химия өнеркәсібі, тамақ өнімдері өндірісі, металлургия өнеркәсібі, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі секілді салалар ең көп үлеске ие болып отыр. Ал мұнай өнімдерін өндіру, машина жасау, дайын металл бұйымдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп салалары ең аз үлеске ие. Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде сала өндірісінің көлемі 288,1 миллиард теңгені құрады. Өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы саланың үлесі – 47,3 пайыз. Бұл салада «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі зауыттар мен «Talas Investment Company» серіктестігінің филиалдары, шағын кәсіпорындар бар. «Қазфосфат» ЖШС компаниясының филиалдары сары фосфор және оның қосындыларын, фосфорлы және азотты минералды тыңайтқыштар өндіруге мамандандырылса, «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіреді. Есепті мерзімде заттай алынған өнімді сөз етсек, 69,7 мың тонна сары фосфор, 15,4 мың тонна ортофосфор қышқылы, 551,6 мың тонна минералды тыңайтқыш, 10,5 мың тонна натрий цианиді өндірілді. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте салада 87,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 86 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі – 14,4 пайыз. Саланың негізгі кәсіпорындары ретінде ферроқорытпалар өндірісі бойынша «Тараз металлургиялық зауыты» серіктестігі, алтын және күміс секілді бағалы металдар өндіретін «Алтыналмас» акционерлік қоғамы мен «Golden Compass Capital» АҚ, болат құю бұйымдарын өндіретін «Запчасть» АҚ-ны атауға болады. Осы өндіріс орындары арқылы 1612 келі алтын өндірілді. Салада 2025 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 95,8 миллиард теңгеге азық-түлік өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 112,3 пайызды көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі – 15,7 пайыз. Саладағы негізгі кәсіпорындар – «Тараз қант зауыты» ЖШС, «Меркі қант зауыты» ЖШС, «Бурненская молочная компания» ЖШС, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС, макарон және кондитерлік өнімдер өндіретін шағын кәсіпорындар. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте заттай мәнде өндірілген өнімге келсек, қант – 82,3 мың тонна, ірімшік және сүзбе – 2 488 тонна. Өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде де ілгерілеу бар. Атап айтсақ, 66,7 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 135,8 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі – 10,9 пайыз. Саланың негізгі кәсіпорындары – портландцемент өндіру бойынша «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, құрылыс гипсін және оның құрылғыларын өндіретін «Жамбылгипс» АҚ, темірбетон бұйымдарын, бетоннан жасалған құрылыс құрастырмалы құрылымдарын өндіретін «Гимарат Темірбетон» ЖШС, «Жамбылхимстрой» ЖШС секілді тағы да басқа кәсіпорындар. Саланың өндіріс көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыс берушілердің сұранысына, құрылыс монтаж жұмыстарының маусымдық сипатына байланысты орын алады. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте заттай мәнде 1 206,4 мың тонна портландцемент, 217,6 мың тонна құрылыс гипсі, 338,2 мың тонна тауарлы бетон алынды. Мұнай өңдеу өнімдерін өндіру ісінде 22,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 144,5 пайызға жетті. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі 3,7 болып отыр. Сала мұнай отынын, авиациялық бензин, мазут шығаратын «Амангелдинский ГПЗ» ЖШС-нің Жамбыл және Талас филиалдары арқылы ұсынып отыр. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте заттай мәнде 120,3 мың тонна мұнай өнімдері өндірілді. Есепті кезеңде 15,8 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 121,5 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі – 2,6 пайыз. Саладағы өнім көлемі «ЖамбылРемСервис» ЖШС, «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалдарында, яғни Шу локомотив жөндеу зауыты және Тараз локомотив жөндеу депосында жөндеу жұмыстарына көрсетілетін қызметтер есебінен қамтамасыз етілді. Жеңіл өнеркәсіп бойынша жылдың қаңтар-қыркүйегінде 6,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өңірде былғары аяқкиім өндірісі, тоқыма бұйымдары, киім өндірісі дамыған. Саланың негізгі кәсіпорны – «ТаразКожОбувь» ЖШС. Оның қызметі тері бұйымдарын өндіруге және былғары аяқкиімнің кең ассортиментін тігуге негізделген. Салада өнім көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыстарға, сұранысқа байланысты орындалады. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте 120,4 мың жұп аяқкиім өндірілді. Дайын металл бұйымдарын өндіруде салада 4,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі – 0,8 пайыз. Облыста бұл бағытта екі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар – «ЖЗМК Имсталькон» ЖШС және «Металлоконструкция және резервуарлар зауыты» ЖШС. Осы кәсіпорындар 2 848 тонна металл құрылғыларын жасап шығарды, – дейді Аспандияр Мұратәліұлы.
ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ДАМУДА
Осы жылдың қазан айында өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 108 962-іні құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда олардың саны 104 пайызға артыпты. Шағын және орта бизнес арқылы жылдың ІІ тоқсанында 165 353 адам жұмыспен қамтылған екен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл салада жұрттың жұмыспен қамтылуы 100,4 пайызға өскен. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуының арқасында 765,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нәтиже 128,4 пайызға ұлғайыпты. Шағын және орта бизнес үлесі 22,5 пайыз, ал жалпы қосылған құн көлемі 348 181,0 миллион теңгені құраған. 2025 жылдың 1 қазанына облыстағы қаржы институттары арқылы 180,6 миллиард теңгені құрайтын барлығы 27 963 кәсіпкерге несие беріліпті. Бұл несие қаражатының 132 миллиард теңгесі кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер, 8,8 миллиард теңгесі «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниялары, 29,7 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы, 10,1 миллиард теңгесі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы үлестіріліпті. Берілген несиелердің 51,8 миллиард теңгені құрайтын 1184 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған екен.
– 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша облыстағы ішкі сауда көлемі 752,4 миллиард теңге болып қалыптасып, нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрады. Соның ішінде бөлшек сауда көлемі 419,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызға артты. Көтерме сауда 331,1 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,1 пайыз болды. Бөлшек саудада 162,6 миллиард теңгенің азық-түлік тауарлары сатылса, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 256,9 миллиард теңгені көрсетіп, оның үлесі 61,2 пайызды көрсетті. Облыстағы сауда кәсіпорындары және мекемелері арқылы 266,3 миллиард теңгеге сауда жасалса, үлесі – 63,5 пайыз. Жеке кәсіпкерлердің, оның ішінде базарлардағы саудагерлердің үлесі – 36,5 пайыз, ал сомасы 153,2 миллиард теңге болды. Көтерме саудада сатылған азық-түлік тауарларының сомасы 131,5 миллиард теңге, үлесі – 39,7 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 199,6 миллиард теңгені құрады. Ауылдық жерлердегі бөлшек сауда-саттық 102,3 миллиард теңге болып, сауда кәсіпорындары және мекемелерінің үлесі 78,6 пайызға жетсе, көлемі 80,4 миллиард теңгені құрады. Жеке кәсіпкерлердің, оның ішінде базарлардағы саудагерлердің үлесі 21,4 пайызды, сомасы 21,9 миллиард теңгені құрап отыр. Ауылдық жерлердегі көтерме сауда 62,2 миллиард теңгені көрсетті. Осы жылдың 1 қазанына облыстағы көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындарында 57,3 миллиард теңгенің тауар қоры сақталған. Оның ішінде бөлшек сауда орындарында құны 28,3 миллиард теңге болатын 34 күнге жететін тауар қоры бар. Көтерме сауда нысандарында 29 миллиард теңгенің 47 күнге жететін тауарлары сақталған, – дейді А.Сейсебаев.
Жалпы өңір өнеркәсібіндегі аудандардың жағдайына келсек, өнеркәсіп өндірісінің көлемі барлық 10 ауданда артқан. Мысалы, Байзақта нәтиже 103,6 пайызды, Жамбылда – 103,9, Жуалыда – 101, Қордайда – 122,6, Т.Рысқұловта – 100,4, Меркіде – 100,1, Мойынқұмда –100,2, Сарысуда – 101,6, Таласта – 100,3, Шу ауданында 107,3 пайызды көрсеткен. Тараз қаласының кәсіпорындары арқылы 513,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 120,6 пайызды құрапты. Облыс орталығының жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 53,1 пайыз.
АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
Осы ретте Шу ауданын сөз етсек, аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев ел экономикасының дамуы, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан орын алуы ең алдымен өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласының қарқынды жұмысымен тікелей байланысты екенін айтады.
– Аудандағы «Jibek joly» (ХимПарк) арнайы экономикалық аймағы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып отырған ірі жобаға айналып отыр. Мұндағы басты мақсат – шетелдік және отандық инвесторларды тартып, жоғары технологиялы бәсекеге қабілетті өнім шығару, сондай-ақ экспорт пен импортты алмастыратын өндірістерді дамыту. Өндірістің басым бағыттарына химия өнімдерін, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі, химиялық өндіріс үшін машиналар мен жабдықтарды, химиялық өнімдерді, резеңке және пластмасса бұйымдарын, сондай-ақ басқа да металл емес минералды өнімдерді өндіру жатады. Атап айтқанда, «Хим-ПЛЮС» ЖШС – гербицид өндіретін зауыт. Жалпы жер көлемі 30,77 гектарды құрайды. Кәсіпорынның жылына 3 миллион литр сұйық және 1000 тонна қатты гербицит өндіруге қауқары жетеді. Мұнда 24 жұмыс орны ашылған, жобаның құны 26,3 миллиард теңгені құрайды. Сол секілді «Chemical Engineering» ЖШС аммоний бифторидін өндірумен айналысады. Өндіріс аумағы – 0,4 гектар. Жылдық қуаттылығы 200 мың тоннаға шақталса, құны 226 миллион теңгелік жоба арқылы 15 адам жұмыспен қамтылған. Ауданда қолға алынған ең ірі өнеркәсіптік жобалардың бірі – «J-Victor New Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорын болашақта елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азияда сұранысқа ие өнім – кремний өндіретін заманауи зауыт болмақ. Кремний күн панельдері мен электроника, тіпті әйнек және түрлі құрылыс материалдарын жасауға қажет маңызды шикізат. Сондықтан мұндай өндірістің іске қосылуы өңір экономикасына зор серпін береді. Зауыт 50 гектар жер аумағында бой көтеріп жатыр. Құрылыс алаңында қазір техника мен жұмысшылар тынымсыз еңбек етуде. Барлық инженерлік желілер тартылып, өндірістік корпустың қаңқасы орнатылуда. Жоба толық қуатына шыққанда жылына 150 мың тонна кремний өндіріледі деп жоспарланған. Бұл – республика ішкі нарығын толық қамтып қана қоймай, шетелге де экспорттауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге кәсіпорын іске қосылғанда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар болады. «ЭкоБайшешек» ЖШС өңірдің құрылыс саласына тың серпін беретін бірегей жоба. Компанияның негізгі бағыты өндірістік және әкімшілік ғимараттар салуды қамтиды. Яғни бұл жоба жүзеге асқанда аймақта түрлі кәсіпорындар мен зауыттар үшін дайын ғимараттар мен құрылымдар тұрғызуға мүмкіндік туады. Кәсіпорынның құрылысы 6 гектар аумақта жүргізіліп жатыр. Мұнда кеңсе, қойма және өндірістік цехтар бой көтереді. Құрылыс толық аяқталған соң 30 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Бұл құрылысшылар мен дәнекерлеушілерден бастап, инженерлер мен әкімшілік қызметкерлерге дейінгі түрлі мамандарды қамтиды. Жобаның жалпы құны – 2,3 миллиард теңге. Қазір құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр, қажетті техника мен материалдар жеткізілген. «Sany Re Shu Industrial Park» ЖШС – өңірдің энергетика саласында ерекше орын алатын жоба. Бұл зауытта жел электр стансаларының жабдықтары мен бөлшектері шығарылады. Яғни жаңартылатын энергия көздерін дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын кәсіпорын болмақ. Зауыт 24 гектар жерге орналасады. Мұнда жел генераторларының мұнаралары, қалақшалары және басқа да металл-конструкциялар жасалады. Құрылысы толық аяқталғаннан кейін дәнекерлеуші, механик, электр мамандары және басқа да инженерлік қызметкер секілді 88 адам тұрақты жұмыс табады. Жобаның жалпы құны – 8,4 миллиард теңге. Қазіргі таңда құрылыс алаңында негізгі ғимараттар салынып, инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылған соң, аймақта жел энергиясын өндіру бағытындағы жұмыстар қарқын алып, өңірдің «жасыл» экономикаға көшуіне жол ашылады, – дейді Жеңіс Сейсеналыұлы.
Аталған арнайы экономикалық аймақта «C9 Technologies» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосылып, өз өнімін шығарып отырған заманауи өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорын кассалық чек қағазын өндірумен айналысады екен. Бұрын мұндай қағаздар сырттан әкелінетін болса, енді оны жергілікті жерде шығару арқылы импортқа тәуелділікті азайту көзделіп отыр. Зауыттың аумағы 0,4 гектарды ғана құрағанымен, технологиялық жағынан өте тиімді және тығыз ұйымдастырылған өндіріс желісі орнатылған. Мұнда жоғары сапалы шикізат пайдаланылады, дайын өнім экологиялық талаптарға сай. Қазіргі уақытта 15 адам тұрақты түрде жұмыс істеп, қағаз шығару, орау, сапасын бақылау және жеткізу ісімен айналысуда. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 240 мың тонна дайын өнім шығаруға жеткілікті. Жобаға 59,5 миллион теңге қаржы салынған. Болашақта зауыт өз өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізуді, сондай-ақ көршілес елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.
«Kazakhstan Hydrogen Peroxide» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі. Бұл зауыт сутегі асқын тотығын өндіруге арналған. Аталған химиялық өнім медицинада, тұрмыстық және өнеркәсіптік салаларда кеңінен қолданылады, яғни дезинфекциялаудан бастап, қағаз және тоқыма өнеркәсібіне дейін қажет. Зауыттың құрылысы 16 гектар жер аумағында қарқынды жүріп жатыр. Қазір құрылыс алаңында негізгі цехтар мен инженерлік нысандар тұрғызылуда, жабдықтарды орнатуға дайындық жүргізілуде. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін жылына 30 мың тоннаға дейін сутегі асқын тотығын шығара алады. Жоба құны – 32 миллиард теңге. Зауыт пайдалануға берілген соң 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл жоба іске асқанда облыс экономикасының химия саласындағы үлесі едәуір артады әрі өңірдің өндірістік әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі.
«Jibek Joly» АЭА іске қосылғалы бері өңірде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылса, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш одан да артады деген болжам бар. Жобалардың барлығы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл – Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығының айқын дәлелі. Мұндағы өндірістер тек химия саласымен шектелмейді, жел энергиясы, құрылыс материалдары, электрондық өнімдер сияқты бағыттар да қамтылған. Бұл аймақты нағыз көпсалалы индустриялық орталыққа айналдыруда. Қазіргі таңда тағы бір жоба іске асуда – ол Орталық Азияда теңдесі жоқ, жүгеріні қалдықсыз терең өңдейтін зауыт. Оның да құрылысы басталды. Құны 420 миллиард теңгені құрайтын бұл өндіріс жылына шамамен 3 миллион тонна жүгеріні өңдеуге қауқарлы.
АУДАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ
Жеңіс Нұрғалиев ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Бұл қарапайым халық үшін маңызды істің бірі.
– Бүгінде өңірде азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және халықты қажетті көлемде қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік өнімдерін төмендетілген бағада беру туралы өтінім жолданған болатын. Атап айтқанда, 1,5 тонна қарақұмық жармасын, 1,5 тонна сәбіз, 10 тонна картоп, 4 тонна күріш, 1 тонна қырыққабат, 150 мың дана жұмыртқа, 4,5 тонна өсімдік майын беру жолданған. Сондай-ақ аудандағы «Оптовка» және «Елнұр» азық-түлік дүкендерінің иелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын орналастыру үшін дүкен ішінен сөре бөліп беру туралы келіссөз жүргізілгені және екі кәсіпкер туралы мәлімет те қоса берілген. Өз кезегінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы аталған өтінім мен мәліметтерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиcсиясының қарауына жіберілетіні туралы хабарлады. Бұдан бөлек, азық-түлік тауарларының бағасын нарықтан төменгі бағада сату үшін ауданда әр аптаның сенбі күні ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Аталған жәрмеңкелер халықты сапалы және қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылуда. Аудан тұрғындары негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға өсімін байқаған жағдайда, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің атына өтініш бере алатыны жөнінде үнемі құлақтандырылуда. Біз бұл туралы жұмыс кестемізге сәйкес аудан тұрғындарына әрдайым хабарлап келеміз және аптасына екі рет ауданда орналасқан сауда үйлері мен дүкендердің басшылықтарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын себепсіз көтермеу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Жоғарыда атап өткенімдей, тұрғындарға жүргізілген түсіндіру жұмысының нәтижесі бойынша өткен жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шекті сауда үстемесінің мөлшерінен асырып сатып жатқандығы жайлы облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан 8 арыз түскен болаты. Нәтижесінде 3 дүкен иесіне бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, бес дүкен иесіне ескерту берілген еді. Бүгінгі таңда аудан аумағында 11 наубайхана тұрақты жұмыс істеуде, оларда барлығы 35 адам жұмыспен қамтылған. Аталған наубайханалар күн сайын аудан көлемінде 7230 дана нан өнімдерін өндіреді. Қазіргі уақытта аудан аумағындағы 150 сауда нүктесінде «Валиш» және «Рамазан» наубайханалары өндірген нан өнімдері бөлшек саудада 120-130 теңге аралығында сатылуда. Наубайхана иелерінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта бір бөлке нанның өзіндік құны 135 теңгені құрайды. Осыған байланысты наубайхана иелері нан бағасын 140-150 теңге аралығында көтеру туралы ұсыныс жасаған. Бағаның көтерілу себептері ретінде ұн бағасының өсуі, жұмысшылардың еңбекақысын арттыру қажеттілігі, тасымалдау қызметі құнының көтерілуі, сондай-ақ жыл басынан бері коммуналдық тарифтердің өсуі атап өтілді. Осы жағдайға байланысты аудан әкімдігі тарапынан нан бағасын тұрақтандыру мақсатында «Валиш» және «Рамазан» наубайханаларының иелерімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде екі наубайхана иесімен бір бөлке нанды 135 теңгеден өткізіп, дүкендерде бөлшек саудада 140 теңгеден сату жөнінде келісімге қол жеткізілді, – дейді Ж.Нұрғалиев.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ





