Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауқымды саяси жаңғыру күтіп тұр

Ауқымды саяси жаңғыру күтіп тұр
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы - еліміздің жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын білдіретін стратегиялық маңызға ие құжат болды. Жолдауда айтылғандай, Президенттің бір палаталы Парламентке көшу туралы бас¬тамасы саяси жүйеміздің институционалды базасын нығайтуды көздейді. Сонымен қатар бұл қадам отандық саяси жүйенің одан әрі жетілуінің дайындығының көрінісі.

Жаңа Қазақстандағы дамудың жаңа кезеңінде ел Парламентін ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр және бұл конституциялық реформасыз мүмкін емес. Конституциялық реформа дегеніміз - Президенттің 2019 жылдан бергі бүкіл саяси реформаларының қисынды жал­ғасы. Бұл ретте, Қазақстан  Әділетті мемлекет ретінде әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеретін болады.

Алайда, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегі күнгі «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты Конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесуінде «Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» қағидаты сақталады», - деп нықтап айтты.

Шын мәнінде, бұл бастама мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізуге мүмкіндік береді.

Өйткені, 2022 жылы маусым айында елімізде жалпыұлттық референдум өткенде, ел азаматтарының басым көпшілігі «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекетті жан-жақты жаңғырту стратегиясына қолдау білдірген болатын. Сол жолы елімізді одан әрі демократияландыру үдерісі қолға алынып, Ата Заңға бірқатар өзгерістер енгізілді.

Өйткені, біз еліміздің және кейінгі ұрпақтың болашағын тереңнен ойладық.

Ал енді Парламенттің рөлін күшейту - осы өзгерістердің жалғасы әрі демократиялық мәдениеттің өркендеуінің айқын белгісі.

Сондықтан, мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескерген Президент парламенттік реформа жасау мәселесін халықтың талқысына салудың маңызды екенін айтты.

Ұсынылған парламенттік реформа «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет»  формуласын одан әрі дамытады.

Президент айтқандай, бұл - мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым. Түптеп келгенде, парламенттік реформа бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды.

Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай жүйе қалыптасқан.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болды. Бұл туралы ел ішінде, әлеуметтік желіде түрлі ой-пікірлер айтылуда. Басым көпшілігі мұны «әбден пісіп-жетілген мәселе» деп санаса, тіпті кейбірі «халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойларды да айтып жатыр.

«Реформаны созудың қажеті жоқ, қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады» деген пікірлер де бар.

Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны - жақсы үдеріс.

Мемлекет басшысы әлеуметтік желілерде түрлі ой-пікірлер айтылып жатқанына назар аудара отырып, дегенмен де парламенттік реформаны күрделі жұмыс деп санайтындықтан асығыстыққа жол бермеу қажет дейді.

Бұл жөнінде Президент: «Бірден айтайын, бұл - өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл - әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын», - деді.  

Президенттің сөзімен келісуіміз керек. Қазақстанның ең жоғарғы заң шығарушы органы - Парламентте саяси жаңғыру,  яғни парламенттік реформа жасалынып, бір парламенттік жүйеге көшетініне ешкім күмән келтіріп отырған жоқ.

Өйткені бұл бастаманы билік те, көпшілік те қолдап отыр. Халық арасында бұл әңгіме бұрыннан айтылып келеді. Бұндай жүйе туралы сарапшылардың да айтып жүргеніне біраз болған.

Алайда, реформа кезінде ескеретін бір мәселе бар, ол Парламенттік жүйе ауысатын болса, алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Өзгерістер Конституция баптарына қатысты. Ата Заңымыздың үшінші бөлімі түгелдей Парламентке арналған. Енді сол жердегі Сенат туралы жазылғандарды алып тастауға немесе түзетуге тура келеді.

Ал, Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі Парламентте емес, республикалық референдумда шешіледі. Президенттің айтуынша, Ата Заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Сондай-ақ кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу қажет. Түптеп келгенде алдағы өзгерістер мен толықтырулардың ауқымы  жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар келетін жұмыс деуге болады. Сондықтан парламенттік реформаны жүзеге асырғанда тым жеделдетуге болмайды. Жан-жақты саралап, қоғам талқылауына шығарып, көпшіліктің пікірін ескеріп, содан кейін ғана өзгеріс енгізу керек. Ал, бұл жұмыстар бір сәтте жүзеге аспайды, үлкен тыңғылықты дайындық қажет.

Бұл үшін Жаңа Қазақстан дәуіріндегі кезекті Конституциялық реформаның жобасы жасалатын болады.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қазандағы Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылып, жұмыс тобының құрамы да бекітілді. Жұмыс тобының құрамына Парламент, Президент Әкімшілігінің, Үкімет және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері кірді.

Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысы өтіп, оған Мемлекет басшысы арнайы қатысып, сөз сөйледі. Еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамалар туралы пікірін де білдірді.

Сондай- ақ Президент бұл реформаның ел тағдырына тікелей ықпал ететін мәселе екендігіне баса мән беріп, осынау тарихи міндет жолында жұмыс тобының мүшелеріне сенім білдірді.

«Дегенмен парламенттік реформа - аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, бұл - еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл - мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан - халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл - мызғымас ұстаным» - деген  Мемлекет басшысы  алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірін де ортаға салған болатын.

Осы ретте, ел Президенті тағы бір маңызды мәселеге назар аудартты. Өз сөзінде ол: «Парламентті реформалау, бұл - Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат - айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады. Бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламентті партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр», - деп атап өтті. Яғни, жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды.

Бұған дейін партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. Содан соң 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында Мәжілістің құзыреті елеулі түрде кеңейді. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұлдайды. Бұл алғашқы қадамдар еді.

Енді соңғы жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бірте және байыпты жолмен бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз.

Өткенге көз жүгіртсек, біздің елдің Парламенті 1995 жылы жалпыхалықтық референдуммен қабылданған Конституция бойынша қос палаталы жүйе негізінде қызмет етіп келеді.

Сол уақытта, яғни 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Сенат Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған еді.

1995 жылғы Конституция шеңберінде елдің саяси жүйесі билік тармақтарының атқарушы, заң шығарушы және сот билігіне бөлінуі негізінде қалыптасты. Билікті бөлу принципі биліктің шоғырлануын болдырмауға мүмкіндік берді, сонымен бірге әрбір тармақ өз құзыреті шегінде жұмыс істейтін біртұтас мемлекеттік механизм құрды.

Заң шығару функциясы Қазақстан Республикасының Парламентіне жүктелді, ол өз кезегінде сол кездегі өкілетті биліктің бір палаталы органы - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін алмастырды. Яғни, 90-шы жылдар заң шығарушы органды қайта құрудың негізі болды.

Бүгінде Парламент екі палаталы бола отырып, Сенат пен Мәжілістен тұрады. Заң шығарушы органды екі бөлек палатаға бөлу – бұл да жалпыға ортақ халықаралық тәжірибе.

Ел егемендігінің 30 жылында қос палаталы Парламент елдің қоғамдық-саяси дамуының барлық кезеңдерінде өзінің бірізділігі мен тиімділігін көрсетті.

Сенатқа қай кезеңде болса да, өмір көрген, тағдырдың қаншама сындарынан өткен, ел басқарған, жергілікті халықтың арасынан шыққан, өңір азаматтарының тұрмыс-тіршілігін, менталитетін, психологиясын жақсы білетін, абыройлы азаматтар сайланатын.

Сенаттың қазіргі құрамы да солай. Аудан, қала әкімдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық мәслихат төрағалары болып қызмет еткен, белгілі саясаткерлер мен кәсіпкерлер, түрлі ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдері Президент тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда қам­тамасыз етуде қалтқысыз қызмет жасап келеді.

1995 жылы жүргізілген саяси реформалардан бері өткен 30 жыл ішінде елімізде парламентаризм институты толығымен қалыптасты деп айтуға болады.

Президент айтқандай, осы отыз жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып, заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі бола алды. Ең бастысы, Конституцияда көзделген биліктің бір тармағы ретінде Парламентке ел халқының сенімі артты.

Дегенмен елімізде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде заң қабылдау құқығы Мәжіліске берілді. Түптеп келгенде, мұның бәрі Парламенттің институт ретінде қалыптасу кезеңінен өтіп, неғұрлым ықшам нысанда сапалы жұмыс істей алады деп тұжырымдауға негіз болады.

Кейінгі жылдары сарапта­малық ортада да, азаматтық қоғам арасында да «Парламенттің екі палатасын сақтап қалудың мәні жоқ, екінші палатаның болуы заң шығару үдерісінің тиімділігіне әсер етпейді» деген пікірлер өрбіді, талқылауларға тақырып болды.

Парламент заңды түрде екі палаталы болғанмен, іс жүзінде заң шығару тұрғысында негізгі жұмыстардың Мәжілісте атқарылатыны жасырын емес. Ал, өңірлермен өзара іс-қимыл жасау - қазіргі таңда Парламент палаталарына ортақ шаруа. Екі палата да халықпен және жергілікті органдармен кез­десулер өткізеді, қоғамдық тыңдауларға қатысады, Үкіметке сауалдар мен ұсыныстар жолдайды.

Бұл ретте осы қызмет жиі қайталанады, осындай бас­тамалар Сенатта да, Мәжілісте де қаралады, шешімдер ұқсас сипатқа ие. Бұл бірақ заңнамалық үдерістің жалпы ілгерілеуін баяу­латады.

Сондықтан, бір пала­талық жүйеге көшу арқылы парла­менттік құрылымды оң­тайлан­дыру қисынды қадам екені айқын.

Парламенттің бір палаталы моделі - әлемде кең таралған жүйе. Парламентаралық одақтың (IPU) мәліметіне сүйенсек, 188 мемлекеттің 107-сі бір палаталы құрылымға ие екен. Халық саны көп болмаса, әсіресе шағын және орта мемлекеттер үшін екі палаталы парламенттің аса қажеттілігі жоқ.

Бір палаталы жүйе, ең алдымен, орталықтандырылған шешім қабылдаумен қатар мемлекеттік саясаттың жеделдігіне, ашық­тығы мен келісімділігіне ықпал етеді. Олардың ішінде дамыған демократиялық, белсенді  даму сатысындағы мемлекеттер де бар.

Мәселен, Швеция 1971 жылы екі палаталы жүйеден бас тартқан. Оны заң шығару үдерісін оңтайландыру қажеттілігімен түсіндірді.

Бұл процедураларды жеңілдетуге, жеделдікті арт­тыруға және екі палатаны қар­жыландыруға кететін мемлекеттік шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Швеция Парламенті - Риксдаг сол кезден бері Еуропалық Одақ елдері арасында ең тиімді заң шығарушы органдардың біріне айналды. Сонымен қатар, қабылданған заңға бір ғана орган жауапты әрі Үкіметке шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Дания мемлекеті 1953 жылы осындай реформа жүргізіп, жоғарғы палатаны жойып, парламенттік ко­митеттердің жұмысын күшейт­ті.

Бұл бюджет шығынын қысқар­тып қана қоймай, парламен­таризмді нығайта отырып, заң жоба­лары­ның қабылдану жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.

Финляндияда 1906 жылдан бастап бір палаталы жүйе енгізілген. Жүз жылдық тарихына қарамастан, фин парламенті заңнамалық тұрақтылықтың үлгісі ретінде танылған. Тиімділік парламенттік комитеттердің дамыған жүйесімен және жоғары саяси мәдениетпен қамтамасыз етіледі.

Жаңа Зеландия 1951 жылы жоғарғы палатаны таратты, сонымен қатар қоғам­дық пікір­таластардың, петиция­лардың және азаматтардың заң шығару үдерісіне қатысу рөлін күшейтті. Мұндай тепе-теңдік демократиялық заңдылықты сақтауға және заң шығару жүйе­сінің икемділігіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Орталық Еуропа елдері - Словакия, Словения, Эстония, Латвия, сондай-ақ посткеңестік мемлекеттер - Украина, Грузия, Армения да бір палаталы мо­дельді қолданады.

Бұл мемлекет­тер Чехословакия, КСРО секілді федеративті құрылымдар ыды­ра­ғаннан кейін бір палаталы парламентті құрды және тәжірибе көрсеткендей, бұл заң шығару процедурасын жеңілдетеді, би­ліктің азаматтарға есеп беруін күшейтеді.

Сондай-ақ, Греция, Португалия, Литва, сондай-ақ Әзербайжан күшті бәсекелес партиялар, ашық про­­цедуралар, дамыған қо­ғамдық бақылау институты жағдайында бір палаталы Парламенті сәтті жұмыс істейтін елдердің айқын дәлелі бола алады.

Көптеген сарапшылар да бір палаталы модель әсіресе унитарлық мемлекеттік құрылымы, күшті атқарушы билігі, кәсіби депутат­тық корпусы, дамыған саяси партиялары, заң шығару үдерісін жеделдету қажеттілігі бар елдерде тиімді дегенге келіседі.

Тұрақты парламенттік дәстүрге, орталықтандырылған басқаруға, дамып келе жат­қан партиялық жүйеге ие Қазақстан осы өлшемшарттарға толық сәйкес келеді деп айтуға болады.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, екі палаталы Парламент едәуір бюджеттік шығындарды талап етеді. Әрбір палатаның өзінің әкімшілік аппараты, техникалық және көмекші қызметкерлер штаты, сондай-ақ инфрақұрылымы бар. Бұл шығын­дар негізінен қайталанады.

Мемлекеттік басқару саласын­дағы отандық сарапшылардың бағалауы бойынша, біздің Парла­менттің құрылымын оңтай­ландыру заң шығарушы органға арналған шығыстар бөлігінде мемлекеттік бюджетті 35-40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген қаражат өзге де басым міндеттерді шешуге бағытталады. Яғни, бір палаталы құрылым бір­қатар даусыз артықшылық береді. Атап айтқанда, қайтала­натын әкімшілік және проце­дуралық функцияларды жоя­ды, заңдарды енгізу, қарау, шешім қабылдау рәсімдерін жеңілдетеді, келісу кезеңдерін азайту арқылы заң жобаларының қабылдау мерзімдерін қысқар­тады, саяси және құқықтық жауапкершілікті бірыңғай өкілді органға шоғырландырады, ха­лыққа шешімдер қабылдаудың ашықтығы мен есептілік деңгейін арттырады.

Мемлекетіміз үшін де бұл модель тиімді болуы мүмкін, себебі ол саяси партиялардың рөлін күшейтіп, халықпен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Еліміз орнықты институттардың, пар­тия­лардың дамуымен, қалып­­тасып келе жатқан аза­мат­­тық қоғаммен, құқықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық тұрғыдан осы ауысуға дайын дейді  сарапшылар.

Бір палаталылыққа көшу міндетті түрде аймақтардың өкілдігін толығымен жоюды білдірмейді. Себебі біріншіден, Парламент құрылымы тікелей халықтың сайлау жүйесі арқы­лы қатысуымен жүзеге асады. Екіншіден, ұсыныстар беру, стратегиялық тыңдауларға қа­тысу, бюджетті бөлу бойынша ұсыныстар қалыптастыру мүмкіндігімен Парламентте өңір­лердің консультативтік кеңесі құрылуы мүмкін.

Осылайша, еліміздегі бір палаталы Парламентке көшу мемле­кеттік институттардың азаюын емес, оның эволюциясының сапалы кезеңін көрсетеді.

Мәжіліс қазірдің өзінде өкілді және заң шығарушы биліктің негізгі функцияларын орындайды.

Сондықтан, Президент ұсынған парламенттік реформа - өкілді биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған уақтылы және ойластырылған қадам.

Жолдауда Президент атап өткендей, егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парла­ментті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн.

Өйткені, жүргізілетін парламенттік реформа партиялық жүйенің маңыздылығын арттырады, әрі бір палаталы Парламентте партиялар заң шығару үдерісінде маңызды рөл атқарады деп күтіледі.

Елдегі партиялық өмір де жандануы мүмкін. Саяси партияларға алдағы бір палаталы парламенттік сайлауға қатысу үшін бәсекелі тартысқа дайындалуына, өздерінің азаматтық қоғамда, саяси аренада рөлін нығайту үшін уақыт та, мүмкіндік те беріліп отыр.

Қысқасы, болашақта Парламент әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайтын саяси партиялардың пікірталас алаңына айналмақ.

Мемлекетіміз бұл қадамға дайын. Халықаралық тәжірибеге, ішкі қоғамдық және саяси ахуалдың пісіп-жетілуіне және қоғамдық сұранысқа сүйене отырып, мұны мемлекет пен халық үшін барынша тиімді жүзеге асыра алады.

Президенттің «Парламенттік реформа - халық тағдырын айқындайтын мәселе» деген сөзі әр азаматтың жауапкершілігін сезіндіретін үндеу деп қабылдауға болады. Бұл реформа билік пен қоғам арасындағы сенім көпірін нығайтады.

Қазір біз тағы бір жаңа дәуірдің табалдырығында тұрмыз. Бұл дәуірдің басты ерекшелігі - халықтың сөзі, халықтың еркі, халықтың таңдауы. Алда ел Парламентін ауқымды саяси жағырту күтіп тұр.

Дәл қазір бізге керегі - ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан, ауқымды саяси жаңғыруда барлық ой-пікірлерді, ұсынысты мұқият зерттеу, егжей-тегжейлі қарау өте қажет болмақ.

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар