Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экономикалық әлеует жетекші салалардың жұмысына байланысты дамиды

Экономикалық әлеует жетекші салалардың жұмысына байланысты дамиды
Автор
Ел экономикасының дамуы әртүрлі салалардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Мәселен, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, құрылыс, көлік және сауда секілді бағыттардың әрқайсысы ел әлеуетін арттыруда ерекше маңызға ие. Осылардың ішінде ауылшаруашылығын ветеринария саласынсыз елестету қиын. Себебі төрт түліктің саулығы мен малшаруашылығынан алынатын өнімнің сапасы, қауіпсіздігі аталған саланың жүйелі жұмысына тәуелді. Сондықтан да ветеринария саласы өңір экономикасын ілгерілетуде маңызды буынның бірі болып саналады.

Эпизоотиялық жағдай тұрақты

Облыста ветеринария саласындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мал ауруларының алдын алу, екпе егу жұмыстарын уақытында ұйымдастыру, қаңғыбас жануарларды аулау секілді бағыттар жоспарға сай атқарылуда. Мәселен, өткен жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар толық орындалған. Аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін 16,5 миллион вакцина егу манипуляциясы және 5,6 миллион диагностикалық зерттеу жүргізіліпті. Биыл вакцинация бойынша 16,3 миллион, диагностика бойынша 5,3 миллион манипуляция жасау жоспарланған. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Көкейдің айтуынша, ауылшаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жұмыстары да жүйелі атқарылған. 2025 жылы 1,4 миллион бас төл дерекқорға енгізіліп, 2026 жылы 1,3 миллион төлді бірдейлендіру жоспары бекітіліпті. Аталған жұмысты жүзеге асыруда қажетті құлақ жапсырмалары қазіргі таңда аудандарға толық жеткізілген. Бұл бағытта 266 миллион теңге бөлінсе, оған 2,3 миллион сырға сатып алу көзделген екен. Қазіргі таңда облыс бойынша жануарларды бірдейлендіру дерекқорында барлығы 4,2 миллион ауылшаруашылығы жануарлары тіркеліпті. Оның ішінде 462 183-і ірі қара, 3 527 454-і уақ мал, 216 952-сі жылқы, 8 828-і түйе.

– 2025-2026 жылдары типтік үлгідегі ветеринариялық пункт, мал емдеу алаңдары мен тоғытпа салу жоспарланды. 2025 жылы 24 нысанның құрылысы толық аяқталды. Қазір 8 нысанның құрылысы жүргізіліп жатса, 13-інің құрылысы басталуда. Осы жылы ветеринариялық нысандармен қамту бойынша 30 типтік үлгідегі ветеринариялық пункттердің және 11 «Беккер» шұңқырының құрылысын жүргізу жоспарланды. Аталған жұмыстар республикалық бюджет есебінен іске асырылатын болады. Бұл мақсатта ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданып, қажетті 1 миллиард 170 миллион теңге жалпы сипаттағы трансферттер бағдарламасы арқылы қарастырылды.

Қала мен аудандардағы ветеринария бөлімдерінің және олардың құрамындағы ветеринариялық пункттердің материалдық-тахникалық базасын жаңарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Атап айтатын болсақ, 2025 жылы облыстық бюджет есебінен 820 миллион теңгеге 100 «НИВА» автокөлігі, 13,6 миллион теңгеге 160 термочемодан сатып алынды. Облыстағы ветеринария саласының мамандары 1 150 арнайы жаздық-қыстық киіммен, 1 150 жұп аяқ киіммен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар әр мал басына жүргізілетін қызметтер құны өткен жылдардың бағасына қарағанда біршама көтерілді. Соның арқасында аудандық және ауылдық округтердегі ветеринар мамандардың айлықақылары лауазымы мен біліктілігіне қарай төленуде. Нақты айтқанда, мамандар 143 333 теңгеден 300 615 теңге аралығында еңбекақы алып отыр. Айлық көрсеткіші соңғы екі жылмен салыстырғанда орта есеппен 40-60 пайызға өсті. Мысалы, ветеринариялық пункт меңгерушісі  320 мың теңге, аға мал дәрігер 240 мың теңге, мал дәрігері  209 мың теңге, фельдшер 173 мың теңге айлықақы алуда. Салада тиісті жұмыстар мен міндеттемелер жоспарға сай орындалғандықтан қазіргі уақытта облыс аумағында эпизоотиялық ахуал тұрақты және күнделікті бақылауда тұр, – дейді Олжас Тұрғынұлы.

 

Таласта тірлік тиянақты

Талас аудандық ветеринария бөлімі былтыр бірнеше бағыт бойынша тиісті жұмыстар атқарған. Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау мен қан сынамаларын алу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілген. Ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру бағыты бойынша ауданда былтыр 35 076 мүйізді ірі қара, 451 426 уақ мал, 2 486 түйе, 21 276 жылқы, 154 шошқа бірдейлендіру есебінде тіркеліпті.

– Бірдейлендіру жұмыстары өткен жылы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілді. Төлге қажетті сырғалар алынып, толығымен орындалды. Нәтижесінде 12 200 бұзау, 152 000 қозы-лақ, 6 316 құлын, 380 бота, 100 торай толық сырғаланды. Бұдан бөлек жылқыға чип салу жұмыстары биыл да жалғасады.

Аудан бойынша Аққұм, Бостандық, С.Шәкіров, Ойық, Үшарал ауылдық округтерінде ветеринариялық пункт 2020 жылы салынған. Аққұм ауылдық округінде салынған ветеринариялық пункт қолайсыз жерге және сапасыз салынғандықтан жарамсыз деп танылған. Қазіргі уақытта заманауи талаптарға сай ветеринариялық пункттер демеушілер есебінен де салынуда. Атап айтсақ, Үшарал ауылының азаматы Елдос Накиповтің көмегімен осындай бір нысан бой көтерді. Онда 5 адамнан тұратын екі бригада құрылыс жұмыстарын атқарды. Нысан салынып жатқанда ветеринар мамандар әкімшілік ғимаратында қызмет көрсетіп келді. Сонымен қатар Бостандық, С.Шәкіров, Үшарал ауылдық округтеріндегі ветеринариялық пункттерге жылу берілді. Ал Ақкөл, Тамды, Берікқара, Кеңес ауылдық округтерінде ветеринариялық пункт салу жұмыстары 85-90 пайызға аяқталды. Қызыләуіт ауылындағы ветеринариялық пункттің құрылысы бойынша да ішкі жұмыстар қалып отыр. Бүгінде салынған нысандардан тек Қасқабұлақ ауылдындағы ветеринариялық пункт жұмыстары құрылыс материалдарының болмауына байланысты қазіргі уақытта тоқтап тұр, кейбірінің құрылысы аяқталғанымен пайдалануға енді беріледі. Қаратау ауылдық округінде ветеринариялық пункт сатып алынған жеке үйде орналасқан. Алдағы уақытта Қаратау, Көктал ауылдық округтерінде ветеринариялық пункт салу жоспарда бар. Жалпы мамандар үшін жұмыс бөлмесі, тоңазытқыш, жұмысқа қажетті құлақ тескіш, вакумды контейнер, сырға салғыш, шприц толық қарастырылған. Сондай-ақ термочемодан, залалсыздандыру препараттары секілді өзге де қажетті жабдықтармен, компьютер, интернет желісімен қамтылған. Бір айта кетер жайт, 2012 жылы алыған автокөліктер сын көтермейтін жағдайда еді. Былтыр жыл аяғында бес, осы жылдың басында тағы бес, барлығы 10 жана «НИВА» автокөлігі беріліп, сала 75 пайыз автокөлікпен қамтылды. Жалпы бөлімде 14 «НИВА», 1 «SsangYong», 3 «ДУК», 3 «УАЗ» автокөлігі бар. Оның ішінде 2 «ДУК» пен 1 «УАЗ» және бірқатар «НИВА» автокөлігі жарамсыз.

Ветеринариялық-профилактикалық жұмыстар да жоспарға сай жүргізілді. Бұл ретте 72 600 мүйізді ірі қараға, 230 шошқаға, 1 025 600 уақ малға аусыл ауруына қарсы екпе егілді. Сондай-ақ Сібір жарасы ауруына қарсы екпемен 36 800 сиыр, 19 500 жылқы, 2 500 түйе, 479 800 қой-ешкі, 130 шошқа қамтылды. Бұдан бөлек 27 000 мүйізді ірі қараға нодулярлық түйнеме ауруына қарсы екпе салынды. Сонымен қатар былтыр 52 000 мүйізді ірі қара, 581 200 уақ мал, 1 200 жылқы, 500 ит және 1 700 түйеден қан сынамалары алынып, сарып ауруы бойынша тексерілді. Нәтижесінде 2 уақ малдан бруцеллез ауруы анықталды. Мал иелеріне 44 250 теңге өтемақы төленді. Жалпы ветеринариялық-профилактикалық, диагностикалық жұмыстар ойдағыдай аяқталды, – дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Берік Қаратаев.

Құтыру ауруы табиғи ошақтық індет болып саналатыны белгілі. Былтыр ауданда осы аурудың анықталуы сақтық шараларын барынша күшейтуді қажет еткен көрінеді. Тарқата айтсақ, Аққұм ауылдық округінің тұрғыны Н.Бижігітовтың иті құтыру ауруына шалдыққан болатын. Нәтижесінде 500 шаршы метр болатын аула және ит жатқан орындар толығымен залалсыздандырылыпты. Сол кезде аталған азаматтың ауласына ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 10-1 бабына сәйкес ветеринариялық инспекция тарапынан карантин жарияланған екен. Аққұм ауылдық округі бойынша 130 итке құтыру ауруына екпе егіліп, 500 дана құтыру ауруының брикеті ауыл сыртына тасталыпты. Ал аудан бойынша 1 600 итке құтыру ауруына қарсы екпе салынған. Сонымен қатар Аққұм ауылының Жаңақоныс көшесінде тіркелген «Орман» шаруа қожалығында қарасан ауруы анықталған. Осыдан кейін аталған көшедегі жалпы саны 150 мүйізді ірі қараға қарасанға қатысты екпе егіліп, жалпы көлемі 2500 шаршы метр қора-жай залалсыздандырылыпты. Аудан бойынша 2024 жылы Қаратау қаласы, Берікқара, Кеңес, Ойық ауылдарынан бір-бір адам сарып ауруымен ауырса, былтыр Қаратау қаласы мен Үшарал, С.Шәкіров ауылдарынан екі-екі тұрғыннан дертке  шалдыққан. Эхинококкоз ауруымен бұрнағы жылы 4 адам ауырса, Микоз ауруымен – 51, осы дертпен өткен жылы 40 таластық емделіпті.

Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары да басты назарда. Жалпы  1 175 қаңғыбас ит ауланып жойылса, 33 ит панажайға өткізіліпті. 992-сі жансыздандырылған. Оның ішінде ауылдық округтер бойынша – 436, Қаратау қаласы бойынша 679 қаңғыбас ит ауланып жойылған. Қаңғыбас иттерді аулап жоюға 2 маман, 1 «Уаз» автокөлігі тартылған. Қаржы облыстық ветеринариялық станса есебінен қаралыпты. Қазіргі уақытта 570-і чиптеліп, «Itcor» базасына енгізілген. Сонымен қатар 105 итке кастрация, 15-іне стерилизация жасалған. Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары осы жылдың 10 ақпанында тоқтатылыпты.

– Аудан бойынша Сібір жарасының 7 ошағы тіркелген. Мысалы, Берікқара мен Қаратау ауылдық округтерінде екі-екіден, Қаратас қаласы мен Қасқабұлақ, Үшарал ауылдық округтерінде  бір-бір ошақ бар. Барлық ошақтар қоршалып, бетондалып, ескерту тақтайшалары бекітілген. Аталған ошақ орындарынан топырақ сынамалары алынып, тексерілді, нәтижесі ойдағыдай. Десе де нысандар қауіпсіздік үшін жіті бақылауда тұр. Аудан бойынша Бостандық, Ойық, Үшарал, Қызыләуіт, Қаратау, Берікқара ауылдық округтері мен Қаратау қаласында мал өлексесін тастайтын «Беккер» шұңқыры бар. Барлық нысандар қоршалған және ветеринариялық пункт меңгерушілерінің бақылауында. Сондай-ақ С.Шәкіров және Кеңес ауылдық округтерінде «Беккер» шұңқыры жаңадан салынған. Тамды ауылдық округінде де жер телімі белгіленіп, құжаттары рәсімделуде. Жалпы аудан бойынша «Беккер» шұңқырымен қамтылу 50 пайызды құрайды. Биыл Ақкөл ауылдық округінде биотермиялық шұңқыр салу жоспарланып отыр.

Аудан бойынша мал сою алаңдары Қаратау қаласында және Бостандық, Ойық ауылдық округтерінде орналасқан. Бостандық ауылы мен Қаратау қаласындағы мал сою алаңдарына су және электр энергиясы тартылған. Ал Ойық ауылындағы мал сою алаңы ауылдан тысқары жерге орналасқандықтан электр энергиясын тартуға мүмкіншілік болмады, ол генератор (движок) қолдану арқылы пайдаланылуда. Аталған мал сою алаңдарында былтыр 149 бас мүйізді ірі қара, 181 уақ мал, 128 жылқы, 66 шошқа сойылды. Барлық сойылған малдарға сою алдында және сойылғаннан кейін тексеріс жүргізіледі. «Беккер» шұңқыры мен мал сою алаңында қарауыл, қасапшы штаттары қарастырылмаған.

Қырым қанды геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан Үшарал, Кеңес, Аққұм, Бостандық ауылдық округтерінде кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары өткен жылы 3 кезең бойынша жүргізілді. Қора-жайларды сапалы дәрілеу мақсатында аталған ауылдық округ әкімдеріне қора-жайларды механикалық жолмен тазарту туралы хат, бұқаралық ақпарат құралдарына хабарландыру берілді. Осы жұмыстарға 2 «ДУК» автокөлігі, 5 дезинфектор маман тартылды. Кене шағып ауырған адам тіркелген жоқ.

Халық арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары бойынша ауылдық округтерде 57 кездесу өткізіліп, аудандық «Талас тынысы» газетіне 8 мақала берілді. Мекеменің «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында 42 жазба жарық көрді. Ветеринария саласын цифрландыру жұмыстары бойынша ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру, бірыңғай автоматты  база, «Ветлаб», «Itcor», «Tort tolik» қосымшалары желіге қосылып, қазіргі уақытта қалыпты жұмыс істеп тұр, – дейді Б.Қаратаев.

Бағдаттың бағдары айқын

Жалпы ауданда ауылдық округтер бойынша 90 маман жұмыс атқарады екен. Оның 33-і жоғары білімді болса, 33-і арнаулы орта, 19-ы орта білімді, бесеуі техникалық қызметкер есебінде еңбек етуде. Ветеринар мамандардың қазіргі уақытта орта жасы 40 жасты құрап отырса керек. Биыл 4 жас маман жұмысқа қабылданған. Қасқабұлақ, Қаратау, Көктал, Тамды ауылдық округтерінде мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Жас мамандар көбіне салада  айлықақының төмендігін және жұмыстың қиындығын алға тартады екен. Дегенмен қолдау да жоқ емес.  Мысалы, 2024 жылы 3 жас маман жәрдемақы алса, өткен жылы 6 жас өтініш білдіріпті. Мал дәрігерлердің ішінде өз ісіне тиянақты, салада жүріп ысылған азаматтың бірі – Бағдат Әліп. Ол Кеңес ауылдық округінде аға мал дәрігер болып жұмыс істейді.

– Біздің ауылдық округке Бөлтірік және Көшек батыр ауылдары кіреді. Ауылдық округтің орталығы – Бөлтірік ауылы. Мұнда 126 үй орналасқан  болса, Көшек батыр ауылында 80 түтін бар. Екі ауылдың тұрғындары да негізінен малшаруашылығымен айналысады. Жалпы ауылдық округте 2009 мүйізді ірі қара, 21 534 қой-ешкі, 1 190 жылқы, 325 түйе бар. Ауылдық округтегі 31 шаруа қожалыққа 752 мүйізді ірі қара, 10 895 уақ мал, 616 жылқы, 254 түйе тиесілі. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының қолында 1 257 сиыр, 10 639 қой-ешкі, 574 қылқұйрықты, 71 түйе бар. Мал ауыл халқының күш-қуаты болғандықтан оның ауру-сырқаудан, өлім-жітімнен амандығы күнделікті қадағаланып, түрлі аурулардың алдын алу үшін тиісті іс-шаралар уақытылы жүргізілуде. Ауылдық округте 5 маман жұмыс істейді. Өзім ветеринариялық пункттің меңгерушісімін, сондықтан көбіне Бірыңғай автоматты база жүйесінде отырамын, деректерді тіркеймін, есеп-қисап жасап, басқа да мәліметтерді жүйеге енгіземін. Қалған төрт маман әр түрлі мал ауруларына қарсы қан сынамасын алады, екпе егеді, малды бірдейлендіру жұмыстарын жүргізеді. Жылына екі рет малдан қан алынады, вакцинация жасалады, бірдейлендіру, чиптеу, сырғалау жұмыстарының барлығы жоспар бойынша атқарылады.

Былтыр бізге су жаңа «НИВА» автокөлігі берілді, ветеринариялық пункт те салынып жатыр. «Беккер» шұңқыры мен қырда және ауылда мал шомылдыратын екі тоғытпа бар. Бөлтірік ауылына екі мал дәрігер, Көшек батыр ауылына екі фельдшер мен бір санитар бекітілген. Ауылдық округтегі бес маманның ішінде Жасұлан Сәтекбай мал дәрігер болса, Күмісбек Керімбеков пен Мадихан Бекбасаров – фельдшер, ал Елдос Тыныбеков санитар болып еңбек етеді. К.Керімбеков, Е.Тыныбеков үшеуміз «Құлан» ауылшаруашылығы колледжінде білім алсақ, ал Ж.Сәтекбай – Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің түлегі. Міндетіміз – ортақ іске жұмыла кірісіп, тұрғындар мен шаруаларға қажет кезде көмек көрсету.

Жасым 34-те. Бөлтірік ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген соң, «Құлан» ауылшаруашылығы колледжіне оқуға түстім. Бір жыл Өскемендегі №27943 әскери бөлімінде азаматтық борышымды өтедім. Сол жерде темірдей тәртіп пен еңбекқорлықты, жауапкершілікті бойға сіңірдік. Одан кейін туған ауылыма оралып, мамандығым бойынша еңбек жолымды бастадым, – дейді Бағдат Дулатбайұлы.

Өңірімізде мал дәрігері бола жүріп ел экономикасына сүбелі үлес қосып келе жатқан жастар жетерлік. Соның бірі біз әңгімелескен Бағдат Әліптің  туған ауылында жүріп, осы салаға етене араласқанына 12 жыл болыпты. Еткен еңбегі қоғам тарапынан бағасыз қалған емес. Өткен жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталуы осы сөзіміздің айғағы. Оның мал дәрігері мамандығын таңдауына анасы Өзипа Ботабаеваның өмір жолы ерекше әсер етсе керек. Өзипа Құлбайқызы да бір кездері «Құлан» ауылшаруашылық колледжінде мал дәрігері мамандығы бойынша білім алған екен. Еңбек өтілінде 20 жылдық тәжірибесі бар Ө.Ботабаева қазір зейнет демалысында. Ұлы Бағдатқа бар білгенін үйретіп, мал емдеудің қыр-сырын жастайынан меңгеруіне себепкер болған ардақты ана. Құрсағын жарып шыққан перзенттерінің арасындағы жалғыз ұлын аяқтандыру – отағасы екеуінің ортақ арманы.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар