Жуырда жоба аясында «Этносаралық және конфессияаралық келісім» тобы Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барды. Топ құрамында облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ардагерлермен жұмыс қызметінің бастығы Қайнар Байғабылов, сондай-ақ ауыл әкімдері, ақсақалдар, аналар мен ардагерлер кеңестерінің төрағалары, жастар және этномәдени бірлестік өкілдері болды.
Жиын барысында сөз алған Қуаныш Мамашев ел ішіндегі тұрақтылық пен бірліктің маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі таңда еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы – ең басты құндылығымыз. Бұл бағытта әр ауылдың, әр азаматтың үлесі зор. Біз барлығымыз бір мақсат – ел бірлігін сақтау жолында қызмет етуіміз қажет, – деді Қ.Мамашев.
Кездесулер барысында этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, өзара сыйластық пен түсіністікті нығайту мәселелері кеңінен қаралды. Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Замана Исмаилова ауылдардағы қоғамдық ахуалға мониторинг жүргізді. Мұндай кездесулер қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың өзара байланысын күшейтіп, бейбіт өмірдің қадірін ұғынуға мүмкіндік береді. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы – ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықтың жарқын көрінісі.
Элизат ҚОНЫСБАЙ,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің ақпараттық жұмыс және
қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші сарапшысы




