Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбектің айтуынша, айлық іс-шара барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа қауіпсіздік шараларын түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
– Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде мамандар 12 586 тұрғын үйді аралады. Жылыту маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 27 689 азаматқа нұсқаулық берілді. Жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 3 516 адамды қамтыған 293 жиын ұйымдастырылды. Жылыту маусымында қайғылы жағдайлардың алдын алу, әлеуметтік тұрғыда осал топтарға кіретін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 2 978 тұрғын үй тізімі нақтыланды. Жылыту маусымы басталғанға дейін 15 тамыз мен 15 қыркүйек аралығында мамандарымыз тізімге кірген үйлерді түгел аралап шығып, қауіпсіздік ережелеріне сай немесе сай еместігін тексерді. 2025 жылғы 1 маусымнан бастап жергілікті атқарушы органдармен бірлесе әлеуметтік осал топтардың қатарына жатқызылатын отбасылардың үйлеріне 328 датчик орнатылды. Жылу беру маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 858 материал жарияланды. Сондай-ақ әлеуметтік желіде 1 433 материал, дауыс зорайтқыш құрылғысы арқылы 9 670 ақпарат берілді, – дейді Дархан Өскенбайұлы.
Облыс аумағында жүргізілген профилактикалық іс-шаралар барысында 881 тұрғын үйдің өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып отырғаны анықталыпты.
– Мамандарымыз тұрғын үйлерді аралау барысында жалпы 1 752 кемшілік анықтаса, оның 604-і автономды жылыту жүйелеріне қатысты. Сондай-ақ электр желілері және электр қондырғыларымен байланысты 978 және басқа да 170 кемшілік байқалып, дер кезінде дұрысталды. Жүргізіліп жатқан түсіндіру және профилактикалық жұмыстар өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеруге, сонымен қатар облыстың тұрғын үй қорының өртке қарсы қорғалуын күшейтуге ықпал етеді деп үміттенеміз, – дейді Д.Қалдарбек.
Сонымен қатар өңірдегі бөлімшелер өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бақылауымен сыртқы су көздеріне, оның ішінде өрт сөндіру гидранттарына қызмет көрсету бойынша маусымдық күзгі жұмыстарды жүргізуде. Алдын алу шаралары аясында гидранттардың техникалық жағдайы тексеріліп, қажет болған жағдайда тазалау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай шаралар, әсіресе қыс мезгілінде, өртті сөндіру кезінде судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, өңірде өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және цифрландыру шаралары қолға алынған. Қалалық өрт сөндіру гидранттарының координаттарын «Google Maps» қосымшасына кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Бұл гидранттардың нақты орнын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің тиімділігін арттыру және төтенше жағдайлар кезінде өртке қарсы бөлімшелердің жедел әрекет ету қабілетін күшейту.
Тағы бір жақсы жаңалық, Т.Рысқұлов ауданының өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өз қолдарымен электр қуатымен жүретін жеңіл автокөліктер өртенген жағдайда өшіретін арнайы құрылғы жасап, оны сәтті сынақтан өткізді. Қазіргі таңда мұндай көліктер күн өткен сайын көбейіп келеді. Алайда олар өртенген жағдайда сөндіру дәстүрлі автокөліктерге қарағанда әлдеқайда күрделі. Себебі мұндай көліктер жоғары вольтты литий-ионды аккумуляторлармен жабдықталған, ал олар қызып кеткен жағдайда өздігінен жану немесе жарылу қаупін тудырады.
Мамандар электр қуатымен жүретін жеңіл автокөліктер өртенгенде сөндіретін ең тиімді әдіс көп мөлшерде суды үздіксіз беру екенін атап өтті. Сондай-ақ аккумулятор температурасы тұрақталғанша 24 сағат бойы бақылау қажет. Жаңа құрылғы осындай жағдайларда өрт сөндіру жұмыстарын қауіпсіз әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




