Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Диспетчерлік орталыққа 10 айда 426 445 қоңырау түскен

Диспетчерлік орталыққа 10 айда 426 445 қоңырау түскен
Автор
Белгілі бір қиындыққа тап болған жағдайда тұрғындар «101» және «112» нөміріне қоңырау шалып, көмекке жүгінетін диспечерлік орталық жұмысының маңызы зор.

Осы жылдың 10 айында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жоспарлау және жедел басқару орталығына «101» және «112» жедел байланыс желілері арқылы 426 445 қоңырау түскен екен. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп, 2024 жылы орталық қызметкерлері 386 620 қоңырау қабылдаған.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, негізгі жүктеме көбіне «112» нөміріне түсіп жатыр екен. Биыл бұл нөмір арқылы 372 584 қоңырау қабылданған. Шақырулар өткен жылмен салыстырғанда 33 169-ға көп. Мамандар мұндай өсім тұрғындардың бірыңғай «112» нөмірінің мүмкіндіктері туралы хабардарлығының артуымен және жедел қызметтерге жүгіну белсенділігінің өсуімен байланысты екенін атап өтті.

Ең көп қоңырау 52 561 шақырумен шілде және 50 175 қоңырау түскен тамыз айларында тіркелген. Ең төмен көрсеткіш ақпан айында байқалыпты, бұл айда 31 291 тұрғын көмекке жүгінген .

Қазан айының соңғы аптасында «101» және «112» желісіне жалпы 4 537 қоңырау түскен. Оның 2 147-сі жедел сипаттағы, 2 390-ы жедел сипаттағы емес қоңырау. Зардап шеккендер жоқ.

Өкініштісі «112» нөміріне келіп түскен қоңыраулардың едәуір бөлігі әлі де нақты көмек сұрау мақсатында емес, анықтамалық ақпарат сұрау, қате терілген нөмірлер, балалардың әзіл-қалжыңына қатысты екен. Есепті кезеңде осындай 253 151 қоңырау тіркелген.

Тегінде «112» сияқты нөмірлерге себепсізден-себепсіз қоңырау шалуға болмайды. Бұл жерде адам өмірі үшін жауап беретін қызметкерлер отырады. Олар үшін әрбір қоңырау, әрбір адамның өмірі маңызды. Сондықтан байқамай қоңырау шалып қойған жағдайда жауапкершіліктен қашпай, бәрі дұрыс екенін, қоңырау түймесі абайсызда басылып кеткенін айтып ескертуді ұмытпаған жөн.

Жоспарлау және жедел басқару орталығының мамандарының айтуынша, қоңыраулар санының өсуі азаматтардың жедел қызметтер жүйесіне деген сенімінің артқанын көрсетеді. Сонымен қатар орталық өкілдері «101» және «112» нөмірлерін жауапкершілікпен пайдалану қажеттігін еске салады. Әрбір жалған немесе маңызсыз қоңырау шынайы көмек қажет ететін адамдарға көмек көрсетуді кешіктіріп жіберуі мүмкін.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар