Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовтың айтуынша, жаңа Салық кодексіне сараланған салық ставкалары енгізіліп, қосылған құн салығы реформаланған. Сондай-ақ «Сән-салтанат салығын» және арнайы салық режимдері өзгерді. Салық жеңілдіктерін алудың ашық және нақты ережелері әзірленді. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру қарастырылып, енді сервистік модельге көшу жүргізіледі екен. Нәтижесінде салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқарған.
– Жаңа Салық кодексін талдау нәтижесінде жеке тұлғаларға салынатын көлік құралдары салығына қатысты негізгі өзгерістер мен жеңілдіктер анықталды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік салығы көліктің шыққан жылына және қозғалтқышының көлеміне қарай есептеледі. Бұрын қозғалтқыш көлемі 3-4 литр аралығындағы көліктер үшін салық мөлшері 35-тен 66 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) арасында болса, енді бұл көрсеткіш 15 АЕК-ке дейін қысқарады. Ал 4 литрден асатын қозғалтқышы бар көліктер бұған дейін 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін салық төлеп келсе, 2026 жылдан бастап бұл санаттағы көліктер 117 АЕК, яғни шамамен 460 мың теңге көлемінде салық төлейтін болады. Сондай-ақ көліктің шығарылған уақытына қарай жеңілдіктер енгізіледі: егер көлікке 11 жылдан 20 жылға дейін уақыт өтсе – 30 пайыз жеңілдік, ал 21 жылдан асса – 50 пайыз жеңілдік беріледі. Мысалы, базалық салық мөлшері 60 мың теңге болса, көлік иесі 15 жылдық көлік үшін 42 мың теңге, ал 25 жылдық көлік үшін 30 мың теңге төлейді. Бұдан бөлек, құны 75 миллион теңгеден асатын көліктерге қосымша 10 пайыз көлемінде акциз салығы енгізіледі. Бұл салықты көлікті алғаш рет тіркегенде немесе қайта сатқанда төлеу қажет болады. Фермерлік және шаруа қожалықтары бір «пикап» түріндегі көлік құралы бойынша салық төлеуден босатылады. 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген, дайындалған немесе жиналған немесе ел аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3 000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін мөлшерлемелер алынып тасталды. 2026 жылдан бастап бірыңғай салық ставкамен көлік салығы 60 мың көлемінде төленетін болады. Сондай-ақ қолданысқа енгізілгелі отырған салық кодексінде жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы алынып тасталды. Басқаша айтқанда дүкендер арақ-шарап, сыра секілді алкоголь өнімдерін сату үшін лицензия алу керек. Лицензия алғанда лицензияны алғаны үшін лицензиялық алым төленеді, оның мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке тең – 393 000 теңге. Сондай-ақ лицензияны пайдаланғаны үшін төлемақы жылына 4 мезгіл 100 айлық есептік көрсеткіш (393 000 теңге) көлемінде төленеді. Ал келесі жылдан бастап тек лицензия алғаны үшін бірреттік алым төленіп, лицензияны пайдаланғаны үшін төлемақы алынбайды, – деген Ерлан Мирамбекұлы мұнымен қоса жеке тұлғаларға арналған базалық салықтық шегерімнің қолданысқа енгізілетінін жеткізді.
Атап айтқанда, базалық салықтық шегерім айына 30 айлық есептік көрсеткіш (123 870 теңге) мөлшерінде, бірақ күнтізбелік жыл үшін 360 еселенген айлық есептік көрсеткіштен (1 486 440 теңге) аспауға тиіс. Осы сома аясында, яғни айына 123 870 теңге шеңберіндегі табысқа салық салынбайды. Жаңа шегерім оқу, денсаулық сақтау, ипотекалық төлемдерге, көпбалалы отбасыларға және стандарттық шегерімдерге қатысты барлық жеңілдіктерді біріктіреді. Бұдан былай бұл шегерімдер жеке-жеке есептелмей, жалпы тәртіппен қолданылады.
– Сол секілді бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін салық шегерімдері 882 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 5 000 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін (20,6 миллион теңге) ұлғайтылды. Келесі жылдан бастап бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың 20,6 миллион теңгеге дейінгі табыстарына жеке табыс салығы салынбайды. Қалған әлеуметтік осал топтар бойынша әлеуметтік шегерім 882 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қалдырылып отыр. Сондай-ақ зейнетақы төлемдері мен біржолғы зейнетақы төлемдері үшін жеке табыс салық салудан босату көзделген. Өздеріңіз білетіндей міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алған кезде, жеке табыс салығы есептелінеді. Енді 2026 жылдан бастап бұл норма жойылады, яғни міндетті зейнетақы төлемдерді, оның ішінде артық сомаларды ипотекалық несие алуға, ипотекалық несиені төлеуге немесе денсаулық сақтауға алу кезінде жеке табыс салығы салынбайды. Жаңа Салық кодексі шеңберінде салықтық есептіліктердің көлемі 30 пайызға қысқартылады. Демек қолданыстағы 39 салық есептілігінің 12-сі жойылады. Бұл ретте тапсырылмаған есептіліктер нөлдік көрсеткішпен тапсырылған есептіліктерге теңестірілетін болады. Мәселен, бұрын жеке табыс салығы бойынша 240.00 нысанындағы декларацияны жеке нотариустар, адвокаттар және жеке сот орындаушылары тапсырып келген. Ал енді жаңа тәртіп бойынша олар бұл декларацияны мүлде тапсырмайды, оның орнына 270.00 нысанының қосымшасын ғана тапсырады. Сондай-ақ 400.00 нысанына қосымша ретінде тапсырылатын 421.00 ай сайынғы акциз есеп-қисабы, көлік құралдары мен жер салығына қатысты ағымдағы төлемдердің есеп-қисаптары – 701.00 және 701.01 нысандары, сондай-ақ егер салық міндеттемесі 300 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жағдайда мүлік салығы бойынша есеп-қисап тапсыру міндеттемесі жойылады. Бұдан бөлек, патент құнының, бөлшек салықтың және тағы басқа есептіліктердің (911.00, 912.00, 913.00 нысандары) де тапсыру міндеттемесі алынып тасталады, – дейді Е. Нұрмаханбетов.
Маманның сөзіне сүйенсек, жаңа Салық кодексі бойынша, егер салық есептілігін белгіленген мерзімде тапсырмасаңыз, ол автоматты түрде «0» көрсеткішпен тапсырылған болып саналады. Бұл жағдайда айыппұл салынбайды. Егер кейін табыс немесе басқа деректер болғаны анықталса, салық төлеуші қосымша декларация тапсырып, мәліметтерді түзете алады. Есептілікті тапсыру мерзімін ұзарту немесе бұрын тапсырылған есептілікті кері қайтарып алу мүмкін емес. Барлық өзгерістер тек қосымша декларациялар арқылы жүзеге асырылады. Мысалы бұрындары сіз кәсіпкер ретінде тіркеліп, бірақ іс жүзінде жұмыс істемеген болсаңыз және декларация тапсыруды ұмытып кетсеңіз, біраз уақыттан кейін кірістер органы сіздің банктік шотыңызға шектеу қоятын. Сол кезде салық органына барып, декларация тапсырылмағанын және әкімшілік іс қозғалатынын білетінсіз. Шотты ашу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) алу қажет болатын. Егер өзіңіз тапсыра алмасаңыз, декларация тапсырумен айналысатын арнайы консалтинг ұйымдарға жүгінетінсіз. Декларация тапсырғаннан кейін ғана шотыңыздың бұғатталуы алынатын. Қазір ол үшін кірістер органдары сізге хабарлама жібереді, декларация тапсырылмаса банк шоттарына бұғат қойылады, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Осының барлығы келесі жылдан бастап жойылуы көзделген, яғни салық төлеушілерге қолдаудың бір түрі.
Жаңа өзгерістердің тағы бірі – салық берешегінің шекті мөлшері ұғымының енгізілуі. Салықтық берешектің шекті мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерінде айқындалып, ол салықтық міндеттемені қамтамасыз етудің әрбір тәсілі немесе салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың әрбір шарасы үшін жеке-жеке қолданылатын болды.
Өндіріп алудың жаңа тәртібіне сәйкес, берешек мөлшеріне қарай келесі шаралар қолданылады: егер берешек 20 айлық есептік көрсеткішке (86500 теңгеге) дейін болса тек хабарлама жолданып, өсімпұл есептеледі, 20 АЕК-тен (86 500 теңгеден) астам болса хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі, сондай-ақ шоттар бұғатталып, инкассалық өкімдер шығарылады. Егер 45 АЕК-тен (194 625 теңгеден) асқан жағдайда мүлікке тыйым салу және дебиторлардан өндіріп алу сияқты барлық өндіріп алу шаралары қолданылады. Ал 27 000 АЕК-тен (116,7 миллион теңгеден) астам берешек болған және ол сот шешімі бойынша үш айдан астам уақыт өтелмеген жағдайда борышкерге шетелге шығуға тыйым салынады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ




