Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жолдардың жағдайы жақсарып келеді

Жолдардың жағдайы жақсарып келеді
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында көлік-логистика саласын дамытуды еліміздің стратегиялық басымдығы ретінде айқындап берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғап тұрған маңызды көпір іспетті. Соңғы жылы еліміздің аумағы арқылы өткен жүк көлемі 1 миллиард тоннадан асқанымен, транзиттік әлеуетті толық пайдалану үшін әлі де ауқымды жұмыс қажет көрінеді.

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ АУҚЫМДЫ

Президент аталған Жолдауында: «Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн...

Жалпы мен бұған дейін бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет.

Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте.

Тапсырманың орындалу барысын жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қараймыз, – деді.

Жалпы Жолдау жүктеген міндет үдесінен шығу үшін елімізде ірі қалалар мен шалғай ауылдарға дейінгі жолдардың жағдайы толық талапқа сай болуы тиіс. Ол үшін әр облыстағы республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу мен қайта салу жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет. Облыс орталықтарында немесе индустриялық аймақта жүктерді қабылдайтын, өңдейтін және қайта тарататын аймақтық логистикалық хаб салыну тиіс. Облыс арқылы өтетін теміржол желілерін жаңарту, жүк тиеу алаңдарын көбейту және контейнермен тасымалдау үлесін арттыру да аса маңызды. Жүк тасымалы мен кеден рәсімдерін жеңілдету үшін цифрлық платформалар енгізудің де артықшылығы осы Жолдауда сөз болды. Жаңа жолдар мен логистикалық нысандар салу арқылы жеке инвестиция тарту, осы арқылы жергілікті жердегі халыққа жұмыс орындарын ашу, шекараға таяу аймақтарда жүк көліктері үшін арнайы тұрақтар, сервистік аймақтар және «жасыл дәліз» қағидасымен өтетін жолдар жасақтау да кезек күттірмейтін мәселе.

Жалпы Қазақстан Республикасының қазіргі экономикалық дамуы жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Бұл кезеңде елдің географиялық және стратегиялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттілігі айқын байқалып отырғаны белгілі. Қазақстанның Еуразия құрлығында маңызды геосаяси орында орналасқанын ескерсек, көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту ел болашағы үшін шешуші рөл атқаратыны анық.

Негізінде Қазақстан аумағы арқылы бірнеше халықаралық транзиттік дәліздер өтетіні белгілі. Оның ішінде Қытайды Еуропамен, Ресейді Оңтүстік Азиямен және Орталық Азия елдерін Кавказ аймағымен байланыстыратын бағыттар бар. Осындай артықшылықтарды дұрыс пайдалану еліміздің халықаралық экономикалық қатынастардағы беделін нығайта түсетін маңызды фактор екенін атап өту қажет. Қазіргі уақытта мемлекетіміз инфрақұрылымға, оның ішінде көлік жүйесіне инвестиция тартуды белсенді жүргізіп келе жатқанының мәнісі осында. Тәуелсіздік жылдарынан бері теміржол, автокөлік, әуе және су жолдарын жаңғырту бағытында ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикалық жүйеге терең ықпалдасып жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар ел аумағындағы мультимодальды тасымал орталықтары мен заманауи қойма кешендерін көбейту маңызды екені айқын. Мысалы, Алматы мен Астана қалаларында халықаралық талаптарға сай логистикалық хабтар қалыптасып келе жатқанына қарамастан, аймақтарда әлі де сапалы орталықтардың жетіспейтіні белгілі. Сондықтан Қазақстанның барлық өңірінде инфрақұрылымды бірдей дамыту қажеттілігі туындап отырғаны шындық. Өйткені көлік саласын әртараптандырудың стратегиялық мәні зор. Теміржол саласы еліміздің негізгі жүк тасымалы жүйесі болып қала бергенімен, автомобиль жолдарын да дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, ауылдық аймақтарды ірі сауда-өнеркәсіп орталықтарымен байланыстыратын бағыттардың сапасын көтеру өте маңызды. Себебі ішкі логистиканың дамуы еліміздің экономикасына тікелей әсер ететін фактор екені дәлелденіп келеді. Сондай-ақ, әуе көлігі инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Халықаралық әуежайлардың жаңартылуы, жаңа әуе бағыттарының ашылуы Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін арттырып жатыр. Бұл өз кезегінде елдің туристік әлеуетін нығайтуға оң әсер етіп отырғанын атап өткен жөн.

Болашақта Каспий теңізі бағытын тиімді пайдалану да ерекше маңызға ие болады деп күтілуде. Теңіз порттарын кеңейту және жүк логистикасын оңтайландыру Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік торабының біріне айналдыратыны сөзсіз.

Жалпы алғанда, логистика саласын дамыту экономикалық қажеттілікпен қатар, еліміздің халықаралық беделін арттыруда да үлкен рөл атқарады. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың уақытылы және нәтижелі орындалуы Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті елге айналуына ықпал ететіні белгілі. сол үшін де Қазақстан өзінің көлік-коммуникациялық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға барын салуда.

 

ОБЛЫСТА ОҢДЫ ІС КӨП

Осы орайда  Әулиеата өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етер болсақ, көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі істер қолға алынуда. Соңғы жылдары өңірде республикалық маңызы бар бірнеше жол учаскелері жаңартылып, елді мекендерді байланыстыратын ішкі бағыттар ретке келтірілуде. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлініпті. Қаралған қаржы есебінен барлығы 17,7 шақырым көше жолдары мен 5 көпірдің құрылысы салынып, ұзындығы 8 шақырым жол қайта жаңғыртудан және 438,8 шақырым жол орта жөндеуден өткен.

– Оның ішінде 62,1 шақырымы облыстық маңызы бар автожолдар болса, 48 шақырымы аудандық маңызы бар, 330,4 шақырымы елді мекен көшелері. Барлығы 182 жобаны іске асыру аясында 464,5 шақырым жол құрылыс арқылы, қайта жаңғырту және орта жөндеулермен қамтылуда. Бөлінген қаржылар ішінде жалпы 4 миллиард теңге, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталған. Іске асырылып жатқан 182 жобаның 21-і 2024 жылдан өтпелі. Қалған 161 жоба жаңа жобалар есебінде. Оның ішінде 23 жоба келер жылға өтпелі. Бүгінде 182 жобаның 145-і бойынша жұмыстар аяқталған, 48-інде тиісті жұмыстар жалғасуда. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдар бойынша 7 жоба жоспарланған. Оның екеуі келесі жылға өтпелі. Бүгінде 7 жобаның алтауында жұмыстар аяқталса, бір өтпелі жобада жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Аудандық маңызы бар жолдар бойынша 17 жоба іске асырылуда. Оның екеуінің жұмысы келер жылы да жалғасады. Бүгінде 15 жобада жұмыстар аяқталды, 2 жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, оның бірі Жамбыл, екіншісі Қордай ауданында, – дейді Мұрат Құттыбайұлы.

Қазіргі уақытта қайта жаңғырту, құрылыс нысандары бойынша 15 жоба іске асырылып жатыр екен. Оның 14-і келесі жылға өтпелі. Бүгінде 10 нысанда осы жылға жоспарланған жұмыстар аяқталыпты. 5 жоба бойынша яғни Меркі ауданындағы үш, меркі және Қордай ауданындағы бір-бір жобаның жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Осы жылы елді мекен көшелерін орта жөндеу бойынша барлығы 145 жобаны іске асыру жоспарланыпты. Оның төртеуі келер жылға өтпелі. Бүгінде 113 жобаға қатысты жұмыстар аяқталса, 32-сі бойынша тиісті жұмыстар қызу жүргізілуде.

– Ол жобалардың 9-ы Тараз қаласында, бесеуі Қордай ауданында, төртеуі Талас ауданында жүргізілуде. Сол секілді Жамбыл, Жуалы, Байзақ ауданында үш-үштен, Т.Рысқұлов ауданында екі, Меркі, Шу, Мойынқұм ауданында бір-бір жоба жүзеге асырылуда. Жалпы іске асырылып жатқан жобаларды қараша айында толық аяқтау көзделуде. Жол жөндеу жұмыстарының сапасы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалымен бірлесіп тексерілуде. Бұл ретте екі мекеме арасында 279 миллион теңгеге шарт жасалды. Бүгінгі күнге осы филиал мамандары 248 инспекциялық шығу өткізіп, нәтижесінде 1079 сынама іріктелді. Оның 222-інде сәйкессіздік анықталып отыр. Бұл ретте анықталған кемшіліктерді жұмыс тәртібінде жою шаралары қабылдануда. Жалпы атап өтетін болсақ, есепті кезеңде жол жөндеу барысында сапасыз жол құрылыс материалдарының қолданылуы немесе шарт талаптарының бұзылуына жол берген мердігерлерге басқарма тарапынан 3,7 миллион теңге тұрақсыздық айыппұлдары салынып, кепілдемелік мерзімде өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін 1 мердігерді жосықсыз деп тану бойынша сот процесстері жүруде. Сол сияқты аудандар тарапынан да шарт талаптарының бұзылуына жол берген 3 мердігерді жосықсыз деп тану және 1,7 миллион теңге айыппұл тұрақсыздығын салу бойынша сотқа арыз берілді. Бүгінгі таңда сот шешімімен 1 мердігер жосықсыз деп танылса, 2 мердігер бойынша сот процесстері жалғасуда. Автожолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарына дайындық барысына тоқталатын болсақ, жолдарды қысқы кезеңге дайындау бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бақылауға алынды. Жұмыс жоспарына сай алдымен жол жөндеу және күтіп ұстау ісіне жауапты мердігерлер анықталып, барлық келісім рәсімдері аяқталуда. Сондай-ақ жол саласында пайдаланылатын құм, тұз сияқты инертті материалдардың қоры жасақталуда. Тиісті мекемелер жол техникасының жағдайын тексеріп, оны қысқы жұмысқа дайындауда. Өндірістік базалар мен техникалық бокстар да толық дайындық деңгейіне келтірілуде. Сонымен қатар жолдарға қыс кезінде қолданылатын уақытша белгілер орнату жұмыстары қарастырылған. Жалпы 2025 жылдың қараша және желтоқсан айларында жергілікті маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 385,5 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға 21 мердігер ұйым қатысады, сонымен қатар 178 арнайы техника жұмылдырылады. Қысқы маусымда жолдар тайғанақ болмауы үшін облыс бойынша 14 925 тонна құм және 1 500 тонна тұз қажет. Қазіргі таңда оның жартысына жуығы дайындалған. Тарқата айтқанда, 7 075 тонна құм (47 пайыз) және 860 тонна тұз (57 пайыз) қоймаларға жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы 25 қазаннан бастап жергілікті атқарушы органдар, әкімшілік полиция басқармасы және төтенше жағдайлар департаменті мамандарының қатысуымен тексерілді, – дейді М.Саурықов.

 

АУДАНДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Аудандардың жол желісі аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуында үлкен рөл атқаратыны белгілі. Жамбыл ауданда жалпы 34 аудандық маңызы бар автомобиль жолы бар болса, олардың ұзындығы 172 шақырымды құрайды екен. Бұдан бөлек, елді мекендердің ішкі көше жолдарының саны – 324, жалпы ұзындығы – 260,3 шақырым. Осы жолдар тұрғындардың күнделікті қатынасында аса маңызды рөл атқарып отыр.

Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділет Әлиевтің айтуынша, аудан аумағын басып өтетін республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының ұзындығы 58 шақырымды құрайды екен.

– Аталған халықаралық автодәліз ауданның көлік жүйесінде стратегиялық мәнге ие. Себебі ол елімізде халықаралық жүк тасымалы мен сауданың дамуына айтарлықтай ықпал етеді. Ал облыстық маңызы бар автожолдардың ұзындығы 103 шақырымды құрайды. Оның ішінде «Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент» жолының ұзындығы – 41 шақырым, «Аса – Қарабастау» жолы 38 шақырым болса, бұған қоса «Тараз қаласына батыстан кіреберіс» – 8 шақырым, 16 шақырым Тараз қаласының айналма жол бөлігі бар. 2025 жылы ауданымызда жалпы ұзындығы 22 шақырымнан астам бес аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың жалпы құны 458 миллион 553 мың теңгені құрайды. Жоба «50-50» паритетті қаржыландыру тәсілімен жүзеге асырылуда, яғни қаржының бір бөлігі облыстық бюджеттен, бір бөлігі аудандық бюджеттен бөлінеді. Аудан қазынасынан бұл мақсатқа 264 миллион 269 мың теңге қарастырылған. Жөндеуден өтіп жатқан жолдардың қатарында «Алмалы Ресорт» туристік нысанына кіреберіс, құны 207 миллион 960 мың теңгені құрайтын  7 шақырым жол бар. Сондай-ақ «Таскөл» туристік нысанына кіреберіс жолдың  2,8 шақырымы 117 миллион 120 мың теңгеге жөнделуде. Сол секілді Қызылкайнар ауылына кіреберіс жолдың ұзындығы 839 метр, құны 34 миллион 420 мың теңге. Қапал ауылына кіреберіс жол бойынша да ұзындығы 1 шақырымды құрайтын жөндеу жұмысына 38 миллион 53 мың теңге қаралды. «Айшабибі-Қаратау» бағытындағы жолды жөндеу үшін ұзындығы 10,5 шақырымға 61 миллион теңге бөлінді. Ауданда биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы да біраз елді мекеннің көшелері жаңарып қалды. Барлығы сегіз елді мекенде 22 көше жөнделуде. Бұл жұмыстарға 489 миллион 794 мың теңге бөлінген. Соның басым бөлігі облыстық бюджеттен, қалғаны аудан есебінен қарастырылған. Мысалы, Бесағаш ауылында төрт көшеге 141 миллион 825 мың теңге, Ащыбұлақта бір көшеге 72 миллион 829 мың теңге, Қаракемерде үш көшеге 66343 мың теңге қаржы қаралды. Сол секілді Айша бибіге 88 миллион 561 мың теңге төрт көшені, Өрнек ауылына 43 миллион 700 мың теңге бір көшені, Аса ауылына 25 миллион 911 мың теңге екі көшені, Тоғызтарауға 20 миллион 925 мың теңге үш көшені, Гродековоға 29 миллион 700 мың теңге төрт көшені орташа жөндеуден өткізу үшін бөлінді. Ауданда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқандықтан, оған тоқмейілсуге болмайды. Жолдардың сапасы мен төзімділігі барлық талапқа сай болуы тиіс. Осы жұмыстардың сапасын бақылау үшін арнайы зерттеу де дер кезінде жүргізіледі. Ол үшін аудан мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстық филиалы арасында тиісті келісімшарт жасалған. Бұл мақсатқа 18 миллион теңге бөлініп отыр. Келісімшарт 2025 жылдың 27 ақпанында рәсімделген. Осы ретте аудан көлемінде жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуге байланысты бірқатар нақты іс атқарылып жатқанын да айта кетуіміз керек. Атап айтсақ, 5000 шаршы метр жолдағы шұңқырлар жамалып, ойылған, бұзылған тұстар тегістеледі. Жол бойына 264 жаңа белгі орнатылады, ескілері ауыстырылады. Қауіпсіздік үшін 282 шаршы метр жасанды кедергі қойылады. Сонымен бірге 164 шақырым жолдың жүріс бөлігіне таңбалар сызылып, қозғалыс бағыты айқындалады. Өрттің алдын алу мақсатында 18 гектар жерде минералды жолақтар жыртылса, ал 119 шақырымнан астам жол жиегі тегістеледі. Бағдаршамдарға да көңіл бөлінген, төрт нысандағы бағдаршамдар күтіп ұсталса, Тараз-НДФЗ жолының бойына бір жаңа бағдаршам орнатылады. Қауіпсіздік үшін 82 метрлік қоршау-белдеу қойылады. Жол бойындағы 6000-ға жуық қураған ағаш кесілуде, сондай-ақ 1200 шаршы метр аумақтағы су өткізгіш құбырлар тазаланады. Мұның бәрі аудан жолдарының сапасын жақсартып, көлік қозғалысын қауіпсіз етуге бағытталып отыр, – деді Әділет Досмаханбетұлы.

Қазіргі таңда аудандық маңызы бар «Айшабибі-Қаратау» автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстары бойынша 8 шақырымға суық қайта өңдеу әдісі жүргізіліп, жол негізінің 4 шақырымы асфальт төсеміне дайындалыпты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша «Бесағаш ауылы Бейбітшілік, Жеңіс, Жеңіс бұрылысы, Абай көшелерін орта жөндеу» жобасы бойынша барлық көшелерде құм-қиыршық тас қоспасы төсемі жасалып, асфальтталыпты. Бүгінгі күнге 500 метр Бейбітшілік және 200 метр Жеңіс көшесін асфальттау жұмыстарын жүргізу жұмысы қалып отырған көрінеді.

Ауданда көшелері жөндеуден өткізіліп жатқан елді мекеннің бірі – Өрнек ауылы. Өрнек ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ботаевпен тілдескенімізде ол ауылдың жалпы бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты әңгіме өрбітті. Айтуынша, осы ауылдық округке Өрнек ауылы мен Жұма стансасы қарайды. Өрнекте 470 түтін болса, тұрғындар саны – 2 782. Жұма стансасында 50 үй болса, мұнда 303 адам тұрады.

– Биыл ауылдық округке қатысты жағымды жаңалықтар көп. Өйткені жол жөндеу ғана емес, басқа да құрылыс жұмыстары қатар атқарылды. Елді мекенде жалпы ұзындығы 20,3 шақырымды құрайтын 16 көше бар. Оның барлығына да асфальт төселген. Биыл Абай көшесін бұрылысымен қоса ұзындығы 2,170 метріне орта жөндеу жұмыстарын «Мерей Строй Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 55 104 000 мың теңгеге жүргізді. 172 миллион теңгеге әкімшілік ғимаратының құрылысы салынды. Өрнек, Жұма елді мекендерінің ауызсу жүйесінің құрылысын жүргізу міндеті «Алихан ойл З» ЖШС-на жүктелді. Ол құны 1 768 310,142 теңгеге 55,2 шақырым ауызсу құбырын тартып, жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі таңда қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Өрнек ауылы аумағында мал шомылдыру үшін тоғытпа құрылысының жұмыстарын мердігер «Жаңа Қазақстан-2024» ЖШС атқарды. «Ер есімі-ел есінде» ескерткішіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа 14 137 000 теңге бөлінді. Қожагелді зиратына апаратын жолға қиыршық тас төселді. Ағымды жөндеуге «Еркежан» жеке кәсіпкерлігі 13 538 000 теңге жұмсады. Өрнек ауылдық округінің аумағындағы қоғамдық орындарға «Абдулах» жеке кәсіпкерлігі есебінен 1 230 000 теңгеге тал көшеті отырғызылды. Әкімшілік ғимаратына газ кіргізуге 1 миллион 687 мың теңге қаралып, «Әулие Ата-газ монтаж проект» ЖШС тиісті жұмыстарды толығымен аяқтады. Келер жылы Өрнек ауылы және Жұма стансасына кіші футбол алаңшасының жанынан балалар ойын алаңшасын салу жоспарлануда. Тұрғындар тарапынан алдағы уақытта көтеріліп отырған басқа да мәселелердің орындалуы кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады, – деді ауыл әкімі.

Елімізде көлік логистикасы дамыса мемлекеттің экономикалық қуаты артып, ішкі және сыртқы сауда ауқымы да кеңейетіні сөзсіз. Сондықтан логистиканы дамыту ісі жер-жерде жалғаса береді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар