Жылыжайдың ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және ата-аналар қауымы қатысып, өздерінің игі тілектерін айтып, баталарын берді
Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы өз сөзінде жалпы аумағы 66 шаршы метрді құрайтын бұл жылыжайдың ауданымыз үшін маңызы зор екенін жеткізді. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Әбубекұлы да: «Көкжиек» жылыжайының ашылуы балаларды адал еңбекке баулып, болашақта ауылшаруашылығы саласында кәсіби маман болуға үлкен мүмкіндік береді» – деп, жылы лебізін білдірді.
Ал мектебіміздің директоры Ләйлә Шүкеева жылыжайдың жұмысымен таныстырды.
– Жылыжай тек өсімдік өсіру алаңы емес, сонымен қатар, тәжірибе мен зерттеу орталығы. Онда оқушылар биология, экология пәндерінен алған білімдерін іс жүзінде қолданып, табиғат заңдылықтарын терең түсінуге мүмкіндік алажы, – деді мектеп директоры.
Жылыжайда қияр, қызанақ, болгар бұрышы, құлпынай, тіпті жапон бананын да өсіру қолға алынған. Бұл оқушылардың бойында табиғатты аялау, еңбекқорлық және жауапкершілік қасиеттерін дамытуға зор үлесін қосады.
Д.Қонаев атындағы мектеп ұжымы осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақты еңбекқорлыққа, туған жерін сүюге және табиғатты қорғауға тәрбиелеуде.
Ақзира ТӨЛЕЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәннің мұғалімі




