 
                                        Жалпы қазіргі заманда цифрлық технологиялар әлем бойынша адам өмірінің барлық саласына дендеп енуде. Тіпті қарапайым адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі де цифрландыру процесінен тыс қалған жоқ. Сондықтан әрбір азаматтың цифрлық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы.
«Цифрлық сауаттылық дегеніміз не?» деген сұраққа жауап іздесек, цифрлық сауаттылық адамның компьютер, смартфон, интернет секілді заманауи цифрлық құралдарды қауіпсіз әрі тиімді қолдана білуі. Бұл тұрғыда кез келген адам ақпаратты іздеу мен қабылдауда сауаттылық танытудан бастап, сараптау, өңдеу, онлайн қауіпсіздікті сақтау, интернеттегі алаяқтықтан қорғана білу қабілетіне ие болуы тиіс.
Жұртшылықтың көкейінде «Цифрлық сауаттылықты қалай дамытуға болады?» деген сұрақ болуы мүмкін. Бұл тұрғыда тегін курстар мен вебинарларға қатысу, смартфон мен компьютердің негізгі функцияларын меңгеру, балалар мен ата-аналарға арналған цифрлық гигиена сабақтарын енгізу, онлайн қауіпсіздік ережелерін үйрену сияқты тәсілдердің тиімділігі мол.
Президент аталған Жолдауында: «Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екені сөзсіз. Бірақ оның қауіп-қатері де аз емес. Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн.
Киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн», – деп атап көрсетті.
Цифрлық технологияларды, интернет ресурстарды қауіпсіз және тиімді пайдалануда қандай да бір білім мен дағдыларға ие адамды цифрлық сауаттылығы бар адам деп қабылдауға болады. Әсіресе жастар мен мұғалімдер үшін бұл ауадай қажет. Сондықтан мектептерде де, отбасында да цифрлық дағдыларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуі керек.
Негізінде оқу сапасы мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан да қазіргі мұғалім жаһандық құзыреттіліктерді меңгерген, өз ісін сүйетін, жоғары тәжірибелі маман болуы керек. Аталған Жолдауда айтылған халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект орталығын құру, цифрлық қауіпсіздікті меңгеру кезек күттірмейтін мәселе екені анық. Себебі жасанды интеллект, ІТ саласы болашақта бұдан әрі де дами түседі. Әлемде жасанды интеллект тіршіліктің барлық саласына еніп жатқанда, елімізде бұл бағытты жедел дамытуды қолға алу өте орынды. Президенттің тапсырмасымен келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығы іске қосылатын болды. Бұл бастаманың қоғамға үлкен өзгеріс әкелетіні шүбәсіз.
Мемлекет басшысы ұсынған цифрлық активтер, криптобиржаны дамыту, цифрлық алаяқтардан қорғану мәселелерінің біз сөз етіп отырған цифрлық сауаттылыққа тікелей қатысы бар. Киберқауіпсіздік, цифрлық алаяқтықпен күрес нәтижелі болуы үшін осындай қадамдардың маңыздылығы зор. Еліміздегі барлық азаматтар цифрлық сауаттылық тақырыбында белгілі бір дәрежеде білімді болса, онда елімізде күрделі мәселе туындамайды.
Жалпы цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллект тілін меңгеру болашақта баршаның ортақ міндетіне айналмақ. Дүниежүзілік ғылым мен технологияның дамуы бізді осыған әкеле жатыр. Бүгінгі таңда әлемнің кейбір елдерінде азаматтардың, оның ішінде мұғалімдердің жасанды интеллект тілін, ақпараттық технологияларды меңгеруі жоғары деңгейде қалыптасып отыр.
Бұл ретте елімізде халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін кезең-кезеңмен арттыру жүйелі түрде жалғасын табуда. Мысалы, «Электрондық үкімет» порталы азаматтардың мемлекеттік қызметтерге жылдам қол жеткізуі үшін жұмыс істей бастағанда барлық азаматтар жаңа технологияларды пайдалануды білмейтін. Қазір бұл көпшілікке таңсық емес. Оны шешуде халыққа көрсетілетін қызметтерді алу өз-өзіне қызмет көресту арқылы үйретілді.
Жұртшылық «Электрондық үкіметті» және үйден шықпай-ақ қажетті электрондық мемлекеттік қызметтерді алуды қамтитын мемлекеттік қызметтерді пайдалану дағдыларына жетік болуы тиіс. Сондай-ақ «Ашық үкіметтің» төрт компонентін пайдалануды қамтитын дағдыларды, яғни лектрондық сауданы, тауарлар мен қызметтерді сатып алу, сату және жылжыту дағдыларын бес саусақтай білгені абзал. Сол секілді дербес деректерді қорғай білу де маңызды.
Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында 2022 жылдың бірінші қаңтарынан бастап 1-сынып оқушыларына «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізілді. Мектеп оқушыларының білім алуын тиімді жүзеге асыруда да осы цифрлық байланыстың пайдасы орасан зор екені айтпаса да түсінікті. Ұcтаздар мен оқушылар арасында онлайн байланыс орнатылуына мүмкіндік туды.
Цифрлық сауаттылық – халықтың өмір сапасын жақсартудың тиімді жолдарының бірі. Цифрлық технология қоғам өміріне дендеп араласқанын жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай жаңа сипатқа ие болғанынан аңғарамыз. Расымен де адамзат қауымы күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Сондықтан да біздің балаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде жасанды интеллект және ауқымды деректер жасау саласында бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сол себепті әр ата-ана бұған баса мән бергені жөн.
Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,
білім саласының қызметкері






