Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТҮС жори білесіз бе?

ТҮС жори білесіз бе?
Автор
Түс көру дені сау адам үшін ешбір артық құбылыс емес. Оны қарт та көреді, жас та көреді. Түс әртүрлі болып көріне береді. Тіпті кейде кәдімгі түрлі-түсті кино көргендей болу да ғажап емес. Ол қызықты да әсерлі, үрейлі де қуанышты болып кездесе беретіні белгілі. Түстің өзін ғылымда күйзеліс пен қуаныштың нәтижесінде пайда болатын дүние деп сипаттайды. Ал әр халықтың өз тұрмыс-тіршілігі мен күнделікті өмірі, әдет-ғұрпына байланысты түс көру түрлері де болады. Шынында, ұйқыда жатқан адамның жағымсыз түс көруіне өзі жатқан бөлменің ыстық, қапырық болып кетуі, ұйықтар алдында шамадан тыс тамақтану, төсекте ыңғайсыз жату, жатар алдында қорқынышқа толы немесе өте әсерлі фильм көру, жүйкені жұқартатын ауыр ой ойлау, күйзелу себеп болуы мүмкін. Кейбір сырқаттанған адамдар ұйықтағанда жағымсыз түс көруі ықтимал.

Қорқынышты түс көрген адам кейде үрейлі дыбыс шығарып, айқайлап, қара терге малынып, жүрегі қысылып, демі тарылып, қатты шошып оянады. Зерттеушілердің пікірінше, жоғарыдағыдай жағдай адамның сол қырынан жатып, жүрек тұсына ауырлық түскеннен болатын көрінеді. Ол кезде жүрек соғуы бірнеше секундқа тоқтайды екен де, адам биік құздан немесе жардан құлап бара жатқан түсті осы сәтте көретіні белгілі болған. Жас балалардың да ұйқыдан жылап, шошып оянатын кездері болады.

Түстің мазмұны мен тақырыбы, ондағы шым шытырық оқиға адамның күнделікті өмірдегі қызметіне, атқарар кәсібіне, іс-әрекеттеріне, ой-қиялдарына, көрген-естіген жағдайларға байланысты, яғни ол сыртқы ортаның әсерінен туындайтыны белгілі. Кейде әдейі тапсырыспен түс көруге де болады екен. Мысалы, өткен ХХ ғасырдың басында норвегиялық ғалым Вольд бірде ұйықтап жатқан адам табанының алдыңғы жағын жіппен орап, оны сирағына тартып байлап тастаған. Жаңағы ұйықтап жатқан адам бұл кезде өзін аяғының ұшымен жүргендей сезінген. Немесе әлгі адам түсінде баспалдақпен жоғары өрлеп бара жатқанын және велосипед тепкенін көрген. Ал қатты ұйқыдағы кісінің табанына ыстық затты басқанда түсінде секіріп жанұшыра жүгіргенін көріпті. Егер ұйқыда жатқан адамның бетін қалың көрпемен тұмшаласақ, тыныс алуы қиындаған оның түсіне өзіне тап берген құбыжық енеді екен. Ал егер оның көзіне қызыл жарық түсірсек, түсінде найзағайлы жауын-шашынды көреді. Ұйқы құшағында жатқан адамның құлақ тұсына әкеліп судың ыдыстан ыдысқа құйылған дыбысын шығарғанда теңіз толқындарымен арпалысып, жаны қысыла малтып жүргені жайлы түс көрген. Осы секілді сандаған мысалды келтіре беруге болады. Кейде түс адамның күндізгі ойлаған ойының, ерекше толғанысының жалғасы ретінде де көрінеді. Бұл әсіресе кісі бір күрделі іс, проблема жайлы екі үш күн бойы есінен шығармай сарыла ойлап жүрсе, кейде соны түсінде де жалғастырады екен.

Адамзат тарихында шешімін таппай жанын жегідей жеген істі түсінде оп-оңай реттеген кездер де болған. Мысалы, орыс химигі Д.И.Менделеев өзін әлемге танымал еткен химиялық кестесін, яғни химиялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көріп, қағазға түсірген. Ал неміс химигі Ф.А.Кенуле бензолдың құрылымдық формуласын да түсінде көріп, соны ертеңіне қағазға жазыпты.

Белгілі жазушы Ф.Д.Достоевский «Жасөспірім» («Подросток») атты романының негізгі сюжетін түсінде көрген. Көрнекті орыс ақын-жазушылары А.С.Пушкиннің, В.Маяковскийдің, А.А.Феттің шығармашылығында да түс көру, соңынан оларды жырға қосып, поэмаға айналдыру ерекше орын алған. Мұндай қызықты мысалдарды басқа белгілі өнер адамдарының шығармашылығынан да кездестіруге болады.

Мысалы, ХVII ғасырда өмір сүрген италиялық сазгер Джузеппе Тартини түсінде скрипкада ойнап отырған шайтанды көреді. Шошып оянған сазгер скрипканы қолына алып, құлағында қалған әуенді қайталап шығып, нотасын қағазға түсіреді. Бұл оның өміріндегі ең үздік шығармаларының қатарына қосылады. Осы сияқты мысалдарды басқа талантты өнерпаздардың, суретшілердің және де басқа есімдері тарихта қалған ұлы адамдардың өмірлерінен кездестіруге болады.

Жазушы Мағира Қожахметова: «Түс көркем де терең, философиялық, танымдық маңызы зор туынды іспеттес. Өз құрылымы, өз жүйесі, кейіпкерлері бар. Соның бәрі қосылып, бағыттайды, жөн сілтейді, қажет болса, тәлім-тәрбие де береді. Нендей қателік жасағанымызды, не істеу керектігін көптеген түсіміз дәл айқындайды. Егер назар салсақ, қауіп-қатерден де сақтандырады. Шым-шытырық оқиғаны талдағаныңдай, қиын жұмбақты шешкеніңдей көрген түсіңді барлап-зерттеу оңай емес.

Кішкентай кезімізде абысын-ажындарына кейде тамсана, кейде қобалжи айтып отыратын әйелдердің түстері, енді зерделесем, шынында, көркем шығармадай естіледі екен. «Ұлы атамыз Әбдірахман түс жоритын, – дейді анамыз. – Адамдар көп келетін, ұзақ әңгімелесетін, ең соңында дұға оқып, шығарып салатыны есімде». Кішігірім театр ма дерсің, көз алдыңа елестеткенде. Түске қастерлей қарағаны ғой бабаларымыздың, дұға қылып, тәңірге жалбарынғандарынан сақтанғаны да, нендей де түсті жақсылыққа бағыштағаны да байқалады. Өкінішке қарай, біз қалт еткен титтей қимыл-әрекеттеріміздің әрқайсысына арналар өз дұғасы, түстің де мән мазмұнына орай өз дұғасы, өз кілті болатынын күні бүгінге шейін ескермек түгіл, мүлдем білген де жоқпыз. Әлем аясындағының бәрінің де өз ережесі, формуласы түрлі-түрлі құбылыстың сырын айқындауға көмектессе керек», – деп ой түйеді өзінің «Түс – көркем дүние» («Ана тілі» газеті, 31.10.2013 жыл) деген мақаласында.

Қазақта ерте кезден-ақ түс жору деген түсінік бар. Халық түсті әрқалай жорып жатады. Мысалы, жайсыз түс көрсек, онда өзімізге бір қырсық кесірдің таянғаны деп жоритындар да аз емес. Түсті қалай жорысаң, өмірде солай болады екен. Мысалы, сіз түсіңізде өзен-көлден балық көрсеңіз, оған қармақ салып аулап жүрсеңіз, ол балық қармағыңызға ілінсе, онда үлкен олжаға кенелесіз. Қолыңыз жетпей жүрген арманыңыз орындалады. Ғайыптан дәулет бітеді. Басыңызға бақ қонады. Ел ішінде беделді боласыз. Түсіңізді үш күннен кейін жорысаңыз болады. Ал егер түсіңізде бастаудан су алып ішсеңіз немесе бет-қолыңызды жуып жатсаңыз, онда өзіңіздегі бар уайымнан құтыласыз. Көкірегіңіз сол бұлақтай мөлдіреп, қуанасыз. Егер бойдақ болсаңыз, неке жолыңыз ашылады. Айтып тауыса алмайтын мейір шапағат көресіз. Ал түсіңізде ақ боз ат мініп жүрсеңіз, көп ұзамай қызметіңіз өсіп, абыройыңыз асқақтап, биік дәрежеге қол жеткізесіз. Басына тәж кисе, онда ол өңінде байлыққа ие болады. Суда жүзіп жүрген балықты көрсе, адам өңінде перзент сүйеді. Өзінің ұйықтап жатқанын көрсе, онда өңінде жақсы табысқа жетеді. Сүйікті адамдарыңның бірін құшақтау – бақытты болудың нышаны. Жылаған болса, өңінде қуанады. Күнді көрсе, өңінде дұшпандарынан мерейі үстем болып, дәулеті тасиды. Жұлдыздарды көрсе, балаларының дәрежесі жоғары болады. Өзен көрсе, кісі өңінде үлкен олжаға, пайдаға кезігеді. Баққа кіріп, оны аралау – жақсылықтың белгісі. Егер түсіңізде мөлдір бұлақ көрсеңіз, достармен сөйлесудің арқасында сіз туралы жақсы сөздер айтылуда, көп уақыт өтпей қуанышты хабар аласыз.

Міне, түсті осылай жори білу де жақсы қасиет. Есте ұстайтын бір мәселе, көрген түсіңізді иманды, аузы дуалы немесе ең жанашыр адамға жорытып, оған сүйінші беруді ұмытпаңыз. Қазақ ежелден ырым, наным-сенім дегенге қатты мән беретін халық болғандықтан түсті кез келгенге жорыта берудің өзін жөн көрмейді. Сонда да түс белгісіз тылсым дүние болғаннан кейін кім-кімді де еріксіз ойға жетелейді... Кім біледі? Бізге белгісіз жұмбақ дүние әлі де көп қой. Түс – адамға берілген табиғат сыйы, оның бойындағы сан алуан қабілетінің бір қыры, дүниедегі ең құпия, күрделі құбылыс екенін мойындауымыз керек.

Иә, өкінішке қарай, кейде біз қандай түс көрсек те мән бермей, ұдайы асығамыз, беймаза тірліктің қым-қуыт астарында тұншығамыз да жүреміз. Не өзімізге, не қатар жүрген өзгеге қол ұшын беруге дәрмен жоқ. Әйтпесе ой таразысынан өткізсек, түс ішкі дүниенің, сезім, түйсік әлемінің өнімі емес пе? Көз бен көңілді қатар қуанышқа бөлейтін туындыны талдап-тамашалағандай қарасаң, түстің айтары көп. Ол құлақ құрышын қандырар ән, күй, жанар сүріндірер бояу үндестігі, сан алуан ойға жетелер ертегі, әңгіме, хикаяттарға ұқсайды. Сондықтан да көрген түсіңе жүрдім-бардым қарауға болмайды. Оны дұрыс жори білсек, ой таразысынан өткізе алсақ, әрқайсысының өз орны бар.

Қазақ атамыз «Жақсы – ісіне сенеді, жаман – түсіне сенеді» деп мысқылдап жатады. Сонда да болса түске мән берген артық емес. Қазақ «түсінде аян беріпті» деп жатады. Шынында да, кейде түс базбір нәрсені алдын ала болжатып, келер күндерде болатын іс оқиғалардың белгісін білдіреді. Бірақ көпшілік оған дер кезінде мән беріп, көңіл бөле бермейді. «Түсті көруінен емес – жоруынан қорық» демекші, түсіңізді жақсылыққа жорысаңыз, жақсылыққа, жамандыққа жорысаңыз, жамандыққа қарай бұрылып кетуі мүмкін. Ең бастысы, түсімізді тек жақсылыққа жори білейік!

Ғалым-физиологтардың айтуынша, түс көрген адамның миы толық тежелмей, оның көптеген бөлімі тынымсыз, белсенді жұмыс атқарып жататын көрінеді. Сондықтан түс көрген кісінің ұйқысы шала болып, дұрыс тынықпай, ертеңіне жұмыс қабілеті төмендеп, ештеңеге зауқы соқпай, дені дел-сал күйде жүретіні белгілі. Жақсы, жанға жағымды түс көрген адамның көңіл күйі көтеріңкі болып, келер күндерге үмітпен қарайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, нендей түс көрсек те әрдайым жанға жағымды, көңілге нұр құятын түс көріп, олар жарқын істерге жетелеп, ырыс-берекеге кенелтіп, армандарымызды қанаттандыра бергей!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының

докторы, профессор, Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар