Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрғын үй саясаты нәтижесін беруде

Тұрғын үй саясаты нәтижесін беруде
Автор
Облыста бірнеше жылдан бері құрылыс саласында қызу жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Оның ішінде биыл облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы арқылы жалпы құны 285,9 миллиард теңге болатын 184 жоба қолға алыныпты. Аталған жобаларға бюджеттен 92,5 миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Олардың 139-ы биыл толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс болса, 45 нысан келесі жылға өтпелі болып есептеледі.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚАЛЫПТЫ ДЕҢГЕЙДЕ

Атап айтқанда, осы жылы тұрғын үй бағытында 52 нысан салынып жатса, оның 50-ін биыл ел игілігіне ұсыну жоспарланған, ал 2 жоба келер жылға өтпелі. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 63 нысан бар, оның 50-і биыл бітеді, 13-і келесі жылға қалады. Сонымен қатар сатып алу шартымен 1 415 пәтер берілмек. Оның 361-і республикалық бюджет есебінен, 1 054-і облигациялық қаражат арқылы жүзеге асуда. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, жалпы жоспар бойынша 2027 жылға дейін облыс аумағында 9 мың пәтерге арналған 153 тұрғын үй бой көтеруі тиіс. Мәселен, 2023 жылы 1 724 пәтерден тұратын 29 үй салынса, өткен жылы 1 905 пәтерді құрайтын 35 тұрғын үй бой көтеріпті. 2025 жылы 1 836 пәтерлік 30 үй, 2026 жылы 1 860 пәтері бар 31 тұрғын үй, 2027 жылы 1 800 пәтерді құрайтын 30 үй салу жоспарланған. Алайда тұрғын үй саясатына енгізілген өзгерістерге байланысты аудандарда жалға берілетін үйлер салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлу тоқтатылған екен. Осыған орай кезектегі азаматтарды баспанамен қамту ісі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылуда. Нақты айтқанда, бастапқы нарықтағы, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерді қайта реконструкциялау шеңберінде пайдалануға берілген және жеке кәсіпкерлер салған тұрғын үйді немесе пәтерді сатып алу тетігі арқылы жандана түсуде. Бұл бағытта жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Облыста коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 40 174 азамат тіркеліпті. Оның 30 045-і – әлеуметтік осал топтағы азамат. Өткен жылдың қорытындысымен облыс аумағында 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2023 жылмен салыстырғанда 104,5 пайызға артыпты. Атап айтқанда, арендалық тұрғын үй бағытымен 3 көпқабатты үй пайдалануға берілген. Онда жалпы 148 пәтер бар. Бұл жобалардың құрылысына 1,3 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Мұндай үйлер негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған және баспана кезегінде тұрған азаматтарға жалға беріледі. Кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 23 үй салынды. Онда 1 011 пәтер бар, құрылысқа 15,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл бағдарлама негізінен «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие шартымен тұрғындарға беріледі. Ал сатып алу тетігі арқылы 1 671 пәтер халыққа ұсынылды. Бұл бағытқа 23,2 миллиард теңге қаражат жұмсалған. Мұнда дайын пәтерлер нарықтан сатып алынып, кейін азаматтарға сатылу немесе бөлу арқылы берілді. Осылайша былтыр облыс бойынша мыңдаған отбасы жаңа пәтерге қол жеткізіпті. Тұрғын үй құрылысы мен баспанамен қамту бағдарламаларының арқасында өңірде тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. 2025 жылы пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 100,8 пайызға орындап, 765 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланыпты. Оның 33 пайызы бюджет қаражаты есебінен, 67 пайызы жекеменшік қаражаты есебінен салынуда. Қаңтар-тамыз айының қорытындысымен 403,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 102,8 пайызға асыра орындалыпты. Жалпы құрылыс саласына 390,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемін 113 пайызға асыра орындау жоспарланған екен. Қаңтар-тамыз айының қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 119,6 пайызға асыра орындалған. 2025 жылы облыста арендалық тұрғын үй бойынша 1 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Онда 90 пәтер бар, жобаның жалпы құны – 1,7 миллиард теңге. Кредиттік тұрғын үй бағытында 43 көпқабатты үй салынып жатыр екен. Онда барлығы 1 940 пәтер қарастырылған, құрылысына 12,8 миллиард теңге бөлініпті. Ал сатып алу тетігімен 1 415 пәтер беріледі. Бұл бағытқа 21,5 миллиард теңге қаражат жұмсалуда.

– Биыл облыста 18,4 миллиард теңгеге 2 190 пәтерлік 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11,8 миллиард теңгесі құнды қағаз есебінен, 1,7 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен қаралған. Жыл соңына дейін оның 2 030 пәтерге арналған 44 үйін аяқтау көзделген. Оның ішінде Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында 17 үй, Асқаров көшесінің соңында 4 үй, 14-ықшамауданда 22 үй бой көтеруде. Сарысу мен Шу ауданында бір-бірлен арендалық үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 480 пәтерлі 9 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 60 пәтерлі 1 арендалық және 420 пәтерлі 8 кредиттік үй бар. «Ұлы дала» ықшамауданында пайдалануға берілген кредиттік үйлердің бір бөлігін «Дос и К Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған 45 пәтерлі 4, «Бином» ЖШС тұрғызған 60 пәтерлі 3, «ЕрНұрЖан Құрылыс – 2010» ЖШС салған 60 пәтерлі 1 үй құрайды. Сондай-ақ осы ықшамауданда «Бином» ЖШС 60 пәтерлі 1 арендалық үйдің құрылысын да толық аяқтады. Осының арқасында биыл облыста жүздеген отбасы шетінен жаңа пәтерде қоныстой тойлауда. Бір маңызды мәселеге тоқталсақ, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлердің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылысын осы жылы бастау үшін 7,7 миллиард теңге өтінім ұсынылды. Аталған жобалар қолдау таппаған жағдайда 2026 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішінің орындалмау қаупі бар. 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша 1 415 пәтер сатып алынады. Бүгінгі күнге 113 пәтер сатып алынса, 30 пәтер сатып алу конкурсында. Қалған пәтерлердің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, республикалық бюджет есебінен 4,9 миллиард теңгеге 361 пәтер сатып алу жоспарланған. Есеп бойынша бір шаршы метрдің бағасы шамамен 326 800 теңге болса, оның 70 пайызы 228 760 теңге көлемінде есептеледі. Орташа алғанда бір пәтердің аумағы 60 шаршы метрді құрайды, сонда бір пәтердің құны шамамен 13,7 миллион теңге болады. Осы есеппен 361 пәтер сатып алуға жалпы 4,9 миллиард теңге бөлінді. Бұл пәтерлердің аудандардағы бөлінісіне келсек, Тараз қаласында 140 пәтерге 1 миллиард 921 миллион теңге, Байзақ ауданында 40 пәтерге 549 миллион теңге, Жамбыл ауданындағы 30 пәтерге 411 миллион теңге, Қордайда 26 пәтерге 356 миллион теңге, Меркіде 30 пәтерге 411 миллион теңге бөлінді. Сол секілді Мойынқұм ауданында 10 пәтерге 137 миллион теңге, Т.Рысқұлов ауданында 20 пәтерге 274 миллион теңге, Талас ауданында 35 пәтерге 470 миллион теңге, Шу ауданында 30 пәтерге 411 миллион теңге қаралды. Сондай-ақ облигациялық қарыз есебінен 16,5 миллиард теңгеге 1 054 пәтер сатып алу көзделген. Мұнда бір шаршы метрдің бағасы 326 800 теңге болса, оның 80 пайызы, яғни 261 440 теңге шамасында есептеледі. Орташа есеппен бір пәтердің ауданын 60 шаршы метр деп алсақ, бір пәтердің құны 15,6 миллион теңге болады. Осылайша жалпы сомасы 16,5 миллиард теңгеге 1 054 пәтер алынады. Бұл бағытта қаржы бөлу аудандар мен қалалар арасында тиісті реттілік бойынша қалыптасты. Тарқата айтсақ, Тараз қаласында 120 пәтер үшін қаралған сома 1 миллиард 882 миллион теңгені, Байзақта 180 пәтерге 2 миллиард 823 миллион теңгені, Жамбыл ауданында 140 пәтерге 2 миллиард 196 миллион теңгені, Қордай ауданында 94 пәтер үшін 1 миллиард 474 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ Меркі ауданында – 60 пәтерге 941 миллион теңге, Мойынқұм ауданында – 10 пәтерге 156 миллион теңге, Сарысу ауданында – 120 пәтерге 1 миллиард 882 миллион теңге, Т.Рысқұлов ауданында – 100 пәтерге 1 миллиард 568 миллион теңге, Талас ауданында – 120 пәтерге 1 миллиард 882 миллион теңге, ал Шу ауданында 110 пәтерге 1 миллиард 725 миллион теңге қаралды. 2025 жылы облыс бойынша тұрғын үй қорын толықтыру бағытындағы жұмыс ауқымды жүріп жатыр, – дейді Ерлан Құрмантайұлы.

 

ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУ ҮШІН ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ ҮЛЕСТІРІЛУДЕ

Облыста жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін беру және оған қажетті инженерлік инфрақұрылымды дайындау жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Жалпы жоспар бойынша 2027 жылға дейін жеке тұрғын үй салу үшін 31 тұрғын алқаптан кемінде 13,3 мың жер телімі шетінен үлестірілуде. Оның ішінде 2023 жылы 2 алқаптан 869, былтыр 11 алқаптан 4 185 жер телімі халыққа беріліпті. Биыл 7 алқаптан 5 574, келер жылы 11 алқаптан 2 744 жер телімін беру көзделіпті. Қазір облыс бойынша жеке тұрғын үй салуға жер алу үшін 206 941 азамат кезекке тұрыпты. Оның ішінде Тараз қаласында – 130 456, Байзақта – 12 226, Жамбыл ауданында – 11 990, Жуалыда – 6 146, Қордайда – 11 552, Меркіде – 13 054, Мойынқұмда – 282, Т.Рысқұловта – 8 597, Сарысуда – 1 217, Таласта – 978, Шу ауданында 10 443 адам кезекте тұр. Осы бағыттағы инфрақұрылымдық жобалар бес сала бойынша жүзеге асырылып жатыр екен. Атап айтсақ, бұл жұмыстар жаңа тұрғын алқаптарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, бұрынғы тұрғын алқаптардың аумағын кеңейту және инженерлік желілер тарту, көпқабатты тұрғын үйлерге арналған ішкі инженерлік жүйелерді салу бағыттары бойынша жүзеге асуда. Сондай-ақ Тараз қаласы мен Талас ауданындағы индустриалды аймақтарға инженерлік желілер тарту, әлеуметтік нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы бойынша 2 мектеп, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 12 нысанға инфрақұрылым тарту ісі бар. Биыл осы жұмыстарға бюджеттен 11,3 миллиард теңге бөлініпті. Бұл қаржыға 63 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде биыл төрт жаңа тұрғын алқапта жеке тұрғын үй салуға арналған 1 130 жер телімі дайындалуда. Олар – Меркі, Тескентоған және Аққайнар елді мекендерінің аумақтарында орналасқан. Қазіргі таңда 14 инженерлік инфрақұрылым желісінің құрылысы толық аяқталған көрінеді. Оның ішінде Тараз қаласының «Ұлы дала» ықшамауданындағы магистралдық электр желілері кеңейтілген. Сондай-ақ Сүлейменов көшесіндегі бірқатар тұрғын үйдің инженерлік желілері тартылып, аумағы абаттандырылған, Қордай ауданындағы Ауқатты ауылында су құбыры тартылып, Қаратауда су және кәріз жүйесінің екінші кезеңі аяқталған.

– 2022-2024 жылдары жер кезегінде тұрған азаматтарға арнап 4 067 жер учаскесін дайындау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 2022 жылы – 3 198 учаске, 2023 жылы – 869 учаске дайын болды, ал 2024 жылы жаңа учаске бөлінген жоқ. Осы жұмыстардың нәтижесінде алдағы жылдары жеке тұрғын үй салғысы келетін азаматтар үшін инфрақұрылымы толық дайын, инженерлік жүйелері тартылған жаңа алқаптар қолжетімді болмақ. Облыста тұрғын үй салу мақсатында 5 жаңа алқапта жалпы құны 4,5 триллион теңгеден асатын 10 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – Тараз қаласындағы Асқаров, Хамукат, Қарасу, Құмшағал алқаптары мен Қордай ауданындағы Аухатты, Меркі ауданындағы Мыңқазан бағыттарын қамтиды. Қазіргі таңда екі жобаның құрылысы толық аяқталуға жақын. Оның бірі – Тараз қаласының Асқаров көшесіндегі алқапқа тартылып жатқан су жүйесінің екінші кезеңі, екіншісі – Қордайдағы Аухатты ауылына су құбырын тарту жұмысы. Сондай-ақ 6 алқаптағы инженерлік желілерді кеңейтуге 3,3 триллион теңге бөлініп, тамыз айының қорытындысы бойынша Тараздың «Ұлы дала» ықшамауданында электр желілерін тарту жобасы аяқталмақ. 34 ішкі алаңдық инженерлік желі құрылысына биыл қаражат бөлінген жоқ. Дегенмен Тараз қаласындағы 9 жобаның жұмысы толық аяқталып, тағы 24-інде құрылыс жалғасып жатыр. Ал Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында  орналасқан «Арай» алқабындағы ішкі желілер мен абаттандыру жұмыстары сот процесіне байланысты уақытша тоқтап тұр. Бұдан бөлек «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Тараз қаласында екі мектептің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы салынып жатыр. Оның бірі – 1 200 орындық 13-ықшамаудандағы мектеп, екіншісі 2000 орындық «Ұлы дала» ықшамауданындағы мектеп. Тағы бір айта кетер жайт, 5 қыркүйекте облыстық құрылыс басқармасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне арнайы хат жолдап, бұрын жоспарланған жобалардың бірі – «Автовокзал» маңындағы 14-ықшамаудан бойынша құжаттардың өзектілігі жойылғанын хабарлады. Аталған жобаның құны 2,5 миллиард теңге болатын және ол магистралдық және алаңішілік электрмен жабдықтау желілеріне қатысты еді. Есесіне осы қаржыны аса маңызды басқа жобаға, яғни Тараз қаласы Асқаров алқабындағы су, газ және электр желілері мен қиыршық тас жолын салу жұмыстарына (екінші кезең) бағыттау ұсынылды. Бұл жобаның сметалық құны шамамен 14 миллиард теңге және қазір ол бойынша сараптама қорытындысы алынған, – дейді Е.Орынбаев.

 

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Жыл сайын өңірде тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Ескі үйлердің шатыры, жертөлесі, қасбеті, жылу және су жүйелері жөнделуде. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар екенін айтады. Оның ішінде 151-і барак типтес үйлер болса, 1 287-сі екі қабатты және одан жоғары үйлер екен.

– Қаладағы көпқабатты үйлердің басым бөлігі өткен ғасырда салынғандықтан  біразында тозу белгілері байқалады. Қазіргі таңда 30 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген 1 103 үй бар. Соның ішінде 2011 жылдан бері 2025 жылға дейін 563 үйге жөндеу жұмысы жүргізілді. Аталған үйлерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары республикалық және жергілікті бюджет қаражаты мен тұрғындардың қайтарымды қаражаты есебінен атқарылып, жалпы сомасы 23,101 миллиард теңгені құрады. Ал қалған 540 үйді кезең-кезеңімен жөндеу жоспарда тұр. Соңғы жылдары тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мысалы, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» шеңберінде 2024 жылы жалпы 6,366 миллиард теңгеге 70 тұрғын үй жөнделді. 2025 жылға 73 үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды. Бұл мақсатқа 7,8 миллиард теңге сұратылып, өтінім тиісті министрлікке жолданғанымен қаржы әзірге бөлінген жоқ. Сонымен қатар 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысында кейбір өзекті нысандар назарда. Мәселен, «Ақбұлақ»» ықшамауданындағы №2 үй, Қылышбай ақын көшесіндегі №51 үй және «Қарасу» алабындағы №7 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар да тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында, қайтарымды қаржы есебінен іске асырылуда. Жалпы алғанда қалада жыл сайын тұрғын үйлер жаңарып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. 2026 жылға 57 үйді жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған бағдарлама бойынша 2025 жылға Абай көшесіндегі №117, 121, 123, 128, 129, 130, 132, 134, 139, Әйтеке би көшесіндегі №1, 2 және Қазыбек би көшесіндегі №103, 113, 120, 140 үйлер жөнделуде. Жалпы жоба құны 2,574 миллиард теңгені құрайды. Осы жұмыстарға 6 мердігер компания жұмылдырылды. Қазіргі таңда 15 үйдің жұмыстары аяқталу барысында. Аталған бағдарламаны ары қарай жүзеге асыру үшін 2026 жылға келесі 21 тұрғын үйді жөндеу жоспарлануда. Атап айтқанда, Сүлейменов көшесіндегі №8, 10, 12, 14, 16,     16 а, 18 а, 20, 26, Бөлтірік шешен көшесіндегі №1, 3, 5, 7, Желтоқсан көшесіндегі №76, Ниетқалиев көшесіндегі №9 а, Рахимов көшесіндегі №1 а және Жамбыл даңғылындағы №123, 115 а, 119 а, 170, 172 үйлердің сәулеттік келбеті қалпына келтірілетін болады. Қазіргі таңда осы үйлердің жобалау- сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді Ғалым Исабайұлы.

Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың сөзіне сүйенсек, тұрғын үй құрылысын жүргізуде заңсыздыққа жол берілген жағдайлар ескерусіз қалып отырған жоқ.

– Облыс көлемінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласына бақылау жүргізетін жалғыз салалық орган біздің басқарма болып табылады. Басқарма мамандарының жұмысы елдегі заңнамаларға, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына негізделген. Осы заң аясында мекеме құрылыс нысандарын тексеріп, барлық жұмыс кезеңінде сапаны, қауіпсіздікті және құрылыс нормаларының орындалуын қадағалайды. Басқарма тарапынан жүргізілетін бақылау жаңа салынып жатқан ғимараттар мен қайта жөнделіп жатқан нысандардың заң талаптарына сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында басқарма қызметкерлері жалпы 164 нысанда жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл тексерулер көбіне құрылыс барысында анықталған заңбұзушылықтар мен тұрғындар немесе тапсырыс берушілер тарапынан түскен шағымдарға байланысты ұйымдастырылды. Тексеру нәтижесінде құрылыс сапасын жақсартуға бағытталған 117 нұсқама берілді. Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтар бойынша 316 әкімшілік іс қозғалды. Жүргізілген бақылау нәтижесінде 263 тапсырыс беруші, 22 мердігер мекеме, 7 жобалау ұйымы, 5 сараптама орталығы және 2 геологиялық зерттеу мекемесі жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса 9 техникалық және 8 авторлық қадағалаушының да жұмысына қатысты ескертулер беріліп, олар да әкімшілік жауапкершіліктен тыс қалмады. Бұл – құрылыс барысындағы бақылау жұмысының заң аясында іске асып отырғанының айғағы. Жалпы заңбұзушылықтар бойынша салынған айыппұл сомасы 73 миллион теңгеден асты. Бұл көрсеткіш басқарманың құрылыс сапасын арттыру, жобалық және техникалық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Мұндай тексерулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі негізгі мақсат – облыс аумағында салынып жатқан және пайдалануға берілетін нысандардың сапалы, қауіпсіз әрі халық игілігіне жарамды болуын қамтамасыз ету. Қазір облыста 64 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 41-і мемлекет қаржысына, қалғаны жеке инвесторлар мен кәсіпкерлердің қаражаты есебінен салынуда. Жеке қаражатқа салынып жатқан үйлердің көбі Тараз қаласында, олардың саны – 21 үй, ал Жамбыл ауданында осындай 2 үй бой көтеруде. Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында 13 үйдің, Асқаров көшесінің соңындағы жаңа тұрғын алқапта 4 үйдің, ал «Балауса» ықшамауданында 22 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Аудандар бойынша Жаңатаста 1, Шу қаласында 1 көпқабатты үй салынып жатыр. Жоспар бойынша 18 тұрғын үй 2025 жылы аяқталып, тұрғындарға берілмек. Ал 22 нысанның құрылысы келесі жылға өтеді. Бір нысанда, яғни №15 жер телімі бойынша құрылыс жұмысы сот процесіне байланысты тоқтап тұр. Тексеру барысында кейбір құрылыс нысандарында ережелердің бұзылғаны анықталған. Соның нәтижесінде 1 тапсырыс берушіге, 8 мердігер ұйымға, 4 авторлық және 8 техникалық қадағалаушыға әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 9 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен бірге 2 автор мен 6 техникалық қадағалаушының сарапшы аттестаттары алты ай мерзімге тоқтатылды. Жеке қаржыға салынып жатқан үйлерге қатысты да тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 9 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Бұдан бөлек құрылыс нормалары мен ережелерін бұзғандарға анықталған кемшіліктерді түзету туралы нұсқама берілді. Инженерлік-коммуникациялық желілер бойынша да 8 жоспардан тыс тексеру жасалды. Соның нәтижесінде тапсырыс берушілер мен мердігерлерге, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалаушыларға айыппұл салынып, кейбір мамандардың аттестаттары уақытша тоқтатылды. Бұдан басқа Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі ұсынған жоспар аясында 78 нысанда профилактикалық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде құрылыс барысында анықталған кемшіліктер жөнінде барлық қатысушыға, яғни тапсырыс берушілерге, мердігерлерге, техникалық және авторлық қадағалаушыларға ескерту берілді. Аймақта тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді, бірақ сапа мен талапқа сай болуын бақылау күшейтілген, – деді А.Қарабалаев.

Жалпы Әулиеата өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынының барысы осындай. Қала мен аудандарда жаңа ықшамаудандар мен тұрғын алқаптар ашылып, жұртшылыққа жайлы баспана ұсыну бағытындағы жұмыстар жемісін беруде. Бұл істе мемлекет қаржысы мен жеке инвесторлардың үлесі қатар артып келеді. Жаңғыртылып жатқан ескі ғимараттар да қаланың келбетін көркейтіп, халықтың өмір сапасын арттыруға үлес қосуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар