Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәрігерлер оқушыларға дәріс оқыды

Дәрігерлер оқушыларға дәріс оқыды
Автор
Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Сардар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері үшін ерекше әрі маңызды сабақ өткізілді. Бұл күнгі сабақ олардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Ерекше білім беру сағатын Тараз қаласындағы Әскери госпитальдің медицина қызметкерлері өткізді. Кездесуге госпитальдің медициналық бөлім бойынша орынбасары, медицина қызметінің майоры Ернар Садыков, әскери емхананың бастығы, медицина қызметінің майоры Абдулла Сәуленбеков және әскери психолог, аға лейтенант Бахтыкүл Әжіханова қатысты.

Сабақтың басты мақсаты – тәрбиеленушілерге әскери жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету. Сондықтан бұл күні әдеттегі дәптер мен оқулықтың орнын шиналар, таңғыштар мен жгуттар алмастырды. Теориялық дәріс орнына тәжірибелік жаттығулар өтті.

Офицерлер балаларға қан кетуді тоқтату, сынған сүйекті бекіту үшін шина салу, жасанды тыныс алдыру, жүрек соғысын қалпына келтіру сияқты әдістерді көрсетті. Әрбір қимыл мен тәсілдің маңызын түсіндіріп, жылдам әрі дұрыс әрекет етудің адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынын айтты.

– Дала жағдайында әскери дәрігердің басты міндеті – сабыр сақтау, жағдайды дұрыс бағалау және жараланған адамның халін тұрақтандыру үшін бар мүмкіндікті жасау. Мұндай білім тек соғыс алаңында ғана емес, кез келген төтенше жағдайда қажет болуы мүмкін, – деді майор Ернар Садыков.

Сабақ тәжірибемен ғана шектелмей, кәсіби бағыт-бағдар беруді де көздеді. Әскери қызметкерлер мамандықтары туралы, әскери дәрігер болудың жауапкершілігі мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берді. Олар өз өмір жолынан сыр шертіп, бұл мамандыққа қалай келгенін айтып, оқушыларға шынайы үлгі көрсетті. Әңгімелердің әсерлі болғаны соншалық, көптеген оқушы үлкен қызығушылықпен тыңдап, көздерінен құрмет пен таңданыс байқалды.

– Айта кету керек, бұл сабаққа қатысқан балалардың барлығы да «Сардар» клубының мүшелері және олар бұл ұйымға өз еріктерімен, үлкен қызығушылықпен келген. Сондықтан олардың әскери іске деген ынтасы саналы, мақсаттары айқын. Ал мұндай тәжірибелік сабақтар сол мақсатты одан әрі нығайта түседі, – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің әскери жетекшісі Ғани Аденов.

Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі ерекше байқалды. Олар бірінен соң бірі кезекке тұрып, шина салу, таңғыш байлау немесе қан қысымын өлшеу сияқты дағдыларды өз қолдарымен жасады. Оқушылар мұндай тәжірибенің қызықты әрі пайдалы болғанын айтып, әсерлерімен бөлісті.

– Бұл сабақ мен үшін ерекше есте қаларлық дәріс болды. Бұрын алғашқы көмек көрсету туралы тек кітаптан оқып немесе фильмнен көріп жүретінбіз. Ал бүгін оны өз қолымызбен жасап көру мүмкіндігі туды. Әскери дәрігерлердің әр қимылына қарап, олардың қаншалықты жауапты әрі батыл маман екеніне көзім жетті. Осындай өз ісіне жетік мамандардың арқасында талай адам ажалдан аман қалғаны шүбәсіз. Мен өзіме үлкен мотивация алдым. «Болашақта мен де осындай қастерлі мамандық иесі болуым мүмкін» деген ой келді. Осындай сабақтар жиі өтіп тұрса, біз секілді жас ұрпақ өз бағытын дұрыс таңдар еді деп ойлаймын, – дейді 12-сынып оқушысы Нұртас Шабденов.

Оның сыныптасы Сапарбек Дінмұхамед те бұл іс-шараның ерекше әсер қалдырғанын айтады.

– Әскери дәрігер мамандығы туралы бүгінгі сабақта көп нәрсені түсіндім. Әсіресе, өмір мен өлім арасындағы сәттерде дәрігердің салқынқанды болуы, жылдам шешім қабылдауы – нағыз ерлік екен. Менің ойымша, мұндай сабақтар тек білім емес, ерік-жігер мен жауапкершілікті де үйретеді. Әскери форма киген дәрігерлердің сабырлы да сенімді әрекеттері маған қатты ұнады. Бұрын медицина мен әскери істі екі бөлек дүние деп ойласам, енді бұл екеуі бір мақсатқа адам өмірін қорғауға қызмет ететінін түсіндім. Сол себепті мен де болашақта әскери дәрігер болу мүмкіндігін байыппен қарастырып жүрмін, – дейді С.Дінмұхамед.

Мектеп басшылығы мен Әскери госпиталь өкілдері осындай бірлескен іс-шараның жоғары деңгейде өткеніне ризашылық білдіріп, мұндай тәжірибелік сабақтарды алдағы уақытта тұрақты түрде өткізу жөнінде келісімге келді.

Көп жылдан бері белсенді жұмыс істеп келе жатқан «Сардар» әскери-патриоттық клубы оқушылардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруды басты мақсат етеді. Клубтың тәрбиеленушілері әрдайым қоғамдық және әскери бағыттағы іс-шараларға белсене қатысып келеді.

– Біз өзіміз де кезінде біреудің өмір жолынан шабыт алып, әскери медицинаға келген едік. Ал бүгінгі жасөспірімдер бізге қарап өз жолын таңдаса, бұл – үлкен жетістік. Біздің ынтымақтаса жұмыс істеуіміз олардың алдына жаңа көкжиектер ашып, елге адал қызмет ететін, денсаулық пен өмірді қорғауға дайын нағыз патриоттарды тәрбиелеуге үлес қосады деп сенемін, – дейді әскери емхананың бастығы, медицина қызметінің майоры Абдулла Сәуленбеков.

Осылайша, «Сардар» клубының жас сарбаздары үшін өткен бұл сабақ тек әскери медицинаның негізін үйретіп қана қойған жоқ, сонымен қатар олардың жүрегіне нағыз ерлік пен адамгершілік рухын ұялатты.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар