
Сала мамандары мерейлі мерекені Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен бастады. Іс-шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Қатысушылар бір минут үнсіздікпен ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды.
Одан кейін Тараз қаласының орталық алаңында Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай заманауи өрт сөндіру және құтқару техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Онда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өртті сөндіру және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде пайдаланылатын ең үздік арнайы техникалары көпшілік назарына ұсынылды.
Сол секілді дәл осы күні облыс орталығында Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай жаңа тақырыптық нысан – «Құтқарушылар аялдамасы» ашылды. Жоба Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен мен қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Аялдамада LED-экран орнатылып, онда Төтенше жағдайлар министрлігінің профилактикалық бейнероликтері мен әлеуметтік хабарламалар көрсетіледі.
Мерекелік шаралар легі «Баласағұн» орталық концерт залында Құтқарушылар күні және Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынмен қортындыланды. Салтанатты кешке облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, құқық қорғау органдарының басшылары, төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Нұржан Сәбитұлы ерлік пен адалдықты, батылдық пен жауапкершілікті ту еткен құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, сын сағатта алдыңғы шепте жүргендері үшін алғыс білдірді.
Өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою барысында ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталды. Оларға облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сонымен бірге төтенше жағдайлар департаментіне 10 теледидардың сертификаты берілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов та өз әріптестеріне арнаулы атақтар мен «Төтенше жағдайлар министрлігіне – 30 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
Бұдан бөлек, ерлікпен қаза тапқан құтқарушылардың ата-аналары мен жұбайларына қаржылай сертификаттар беріліп, ерекше құрмет көрсетілді.
Бұл күні дәл осындай салтанатты кештер әр ауданда өтіп, құтқарушылар құрмет құшағына бөленді.
Осы ретте айта кетейік, 30 жылда құтқару қызметі айтарлықтай дамып, жетістіктерге жетті. Реформалар мен сынақтарға қарамастан, құтқарушылар әрдайым шешуші сәттерде алдыңғы қатарда болды. Бұл кезеңде шамамен миллионға жуық зардап шеккен адамға көмек көрсетіліп, жарты миллионнан аса төтенше жағдай жойылды. Ірі және ауқымды төтенше жағдайлар жойылды.
Бұл туралы жуырда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 19 қазан – Құтқарушы күніне орай өткен баспасөз конференциясында Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Кеген Тұрсынбаев айтты.
– Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері халықаралық жаттығуларға, гуманитарлық және авариялық-құтқару операцияларына қатысты. Мысалы Түркия, Ауғанстан және Қырғызстандағы өрттерді, жер сілкіністерін және сел апаттарын жоюға қатысты. Шетел мемлекеттеріне 49 рет гуманитарлық көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі заманауи көпсалалы құрылым. Оған өрт сөндіру және құтқару бөлімшелері, әскери қызметшілер, медицина қызметкерлері, авиация мен теңіз қызметі, оқу орталықтары, ғылыми институттар, сондай-ақ кадрларды даярлау орталығы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы кіреді. Басқару органдары мен жедел қызметтер айтарлықтай модернизациядан өтті, барлық деңгейде өзара әрекеттесу алгоритмдері жаңартылды. Бұл шаралар апаттар мен табиғи қатерлердің салдарын азайтып, әрекет ету тиімділігін арттырды. Мысалы биыл су басқан елді мекендер саны 95 пайызға азайды. Цифрландыру мен қауіп-қатерлерді болжауға үлкен назар аударылуда. Геоақпараттық және спутниктік жүйелер белсенді түрде енгізілуде. Табиғи қатерлерді талдау үшін жасанды интеллект қолданылуда. Сондай-ақ қауіпті аймақтардың цифрлық карталары әзірленуде. Ахуалдық талдау орталықтары мен азаматтық қорғау күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйелері құрылды. Құлақтандыру жүйесіндегі цифрлық трансформация аяқталып, ескірген шешімдердің орнына заманауи платформалар енгізілді. Өңірлерде сатылай басқару жүйесі қалыптастырылып, бытыраңқы құрылымнан Бірыңғай басқару принципіне көшу жүзеге асырылды. Реформа шеңберінде аумақтық бөлімшелермен ведомстволық бағынысты мекемелер біріктірілді. Бұл ресурстарды орталықтандырып, жергілікті жерлердегі қызметті басқаруды жеңілдетті. Аталған қадамдар жұмылдыру мен жедел әрекет етуді арттыруға және азаматтық қорғау саласындағы басқару сатысын күшейтуге бағытталған болатын. Кезең-кезеңімен өртсөндірушілер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерін біріктіретін әмбебап құтқару кешендері құрылып жатыр. Бұл бөлімшелер қазір Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл облыстарында жұмыс істеп, кешенді көмек көрсету тиімділігін көрсетіп отыр. Шымкент және Ақтөбе қалаларында төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін авиажасақтар құрылды. Болашақта мұндай бөлімшелер барлық өңірлерде пайда болады. Бұл көмек тек уақытында ғана емес, барлық жерде қолжетімді болуын қамтамасыз етуге де бағытталған қадам, – деген вице-министр ауылдық округтерде «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы іске асырылып жатқанын жеткізді.
Шағын ауылдардың мыңдаған тұрғынын қорғайтын 82 жаңа өрт сөндіру пункті ашылған. Еріктілерге техникалық қолдау көрсетіліп, байланыс құралдары берілуде.
Сондай-ақ табиғи қауіптерге, оның ішінде қар көшкіні мен сел процестеріне мониторинг жүргізу жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. Алатау тауларында заманауи гидро-сейсмикалық бекеттер орнатылды.
Сонымен қатар Сейсмологиялық ғылыми база жетілдірілуде, оның жабдықтары жаңартылып, Қазақстан-Қытай сейсмология орталығын құру туралы меморандумға қол қойылды.
Алматы қаласында жер сілкінісі болған кезде зардап шеккендерді қабылдап, орналастыру және құтқару операцияларын үйлестіру үшін «Алатау» Оңтүстік базасы құрылды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен соңғы екі жылда материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайтылды. 800-ден аса техника және 20 мыңнан аса құрал мен жабдық, алғаш рет ұшақтар мен басқа да әуе кемелері сатып алынып, 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару стансалары салынды. «Таза Қазақстан» концепциясын іске асыру шеңберінде барлық қалалық және аудандық бөлімшелердің аумақтарын көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Эргономика мен қорғау стандарттарына сай өртсөндірушілер мен құтқарушылардың заманауи жаңа нысанды киім-кешектері енгізілді. Төтенше жағдайлар министрлігі халық қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға үлкен мән береді. Әрбір адам төтенше жағдай кезінде әрекет ету дағдыларын білуі тиіс. Бұл адамның жеке басы мен қоғамдық қауіпсіздіктің негізі болып табылады. Сондықтан елімізде жыл сайын тұрғындар мен ұйымдарды қатыстыра отырып 80 мыңнан астам оқу-жаттығу өткізіледі. Оқу-жаттығулардың жаңа форматтары енгізілуде. Тікұшақ техникасын тарту арқылы өрт-тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды. Биыл теңіз жасағы Каспий теңізіндегі мұнай төгілу салдарын жоюдың республикалық оқу-жаттығуын алғаш рет ұйымдастырып, өткізді. Бұл бөлімше еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады. Президенттің тапсырмасына орай көмір кәсіпорындарына ауқымды ревизия жүргізіліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 2 мыңнан астам бұзушылығы анықталды, 60-тан астам объектінің жұмысы тоқтатылды. 2026 жылдан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа жүйесі күшіне енеді (барлық қауіпті өндірістік объектілер бір жұмыс күні бұрын ескерту арқылы тексерілуге жатады). Қазіргі заманғы қауіптерді ескере отырып, мемлекеттік материалдық резервті тиімді әзірлеудің жаңа механизмдері енгізілді. Оны есепке алу мен толықтырып отыру өңірлердің қажеттіліктеріне және кез келген жағдайда халықты жедел қолдауға бағытталған. Биыл «Азаматтық қорғау туралы» Заңға елеулі өзгерістер енгізілді. Өнеркәсіптік, өрт, сейсмикалық қауіпсіздік талаптары мен жекелеген құрылыс нормалары күшейтілді. Өрттен сақтандыру механизмі енгізіліп жатыр. Біз құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетеміз. Президенттің тапсырмасы бойынша заң шеңберінде тұрғын үй төлемдері, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне көтерме жәрдемақылар, төтенше жағдайлар кезіндегі міндеттерді орындағаны үшін қосымша ақылар белгіленіп, сауықтыру-курорттық ем алу тағайындалды. Соңғы екі жылда қызметкерлердің жалақысы айтарлықтай өсті. «Салауатты ұлт – мықты Қазақстан» бастамасы аясында құтқарушылар мен жас ұрпақты біріктіретін «BATYR TEAM» спорт клубы жұмыс істейді. Бұл клуб жастардың бойында төзімділік, тәртіп пен патриотизм сезімін дамытады. Жақында қызметіміздің мерейтойына орай жекпе-жектен әлем чемпионаты өтті. Халықаралық аренада өрт сөндіру-құтқару спортынан айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Күн сайын өртсөндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер, кинологтар, сүңгуірлер, әскери қызметшілер, ұшқыштар, ғалымдар, өрт сөндіру және өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторлары мен сейсмологтардан тұратын 30 мың қызметкер азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда адал қызмет етеді, – деді Кеген Тұрсынбаев.
Расында да 30 жылдық тарихында ҚР Төтенше жағдайлар министірлігі еліміздің қауіпсіздік жүйесінің берік тірегіне айналды. Сол себепті құтқарушыларға құрмет мерекеде ғана емес, күн сайын көрсетілсе де артық емес.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ