Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Малдың амандығы маманға байланысты

Малдың амандығы маманға байланысты
Автор
Ветеринария саласындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру және жандандыру үшін облыста барлық мүмкіндік жасалып жатқаны белгілі. Әсіресе соңғы жылдары бұл бағытта нақты істердің қолға алынуы соның дәлелі.

Мысалы, қазіргі уақытта ауылдық округтерде жаңа ветеринариялық пункттер ашылып, мамандардың жұмыс жағдайы жақсаруда. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, кадр тапшылығын азайту, жастарды осы салаға тарту ісі де жүйелі жүргізіліп келеді. Ветеринар мамандар «еңбегім елге болсын» деген ниетпен ауылшаруашылығы саласында тұрақтылықтың сақталуына сүбелі үлес қосуда. Тиісті жұмыстар жүйелі жүргізілген сайын мал басы тұрақты көбейіп, халықтың да тұрмысы жақсара түсті.

Облыстық ветеринариялық станса басшысы Серік Бердыбаевтың айтуынша, бүгінде аймақтың эпизоотиялық ахуалы тұрақты. Эпизоотияға қарсы шараларға облыстық бюджеттен 3,49 миллиард теңге бөлініп, 2,1 миллиард теңгесі игеріліпті. Республикалық бюджеттен 678,9 миллион теңге қаралса, 396 миллион теңгесі қажетті бағытқа жұмсалған.

– Облыс әкімінің 2023 жылғы қаулысына сәйкес облыс әкімдігі ветеринария басқармасына қарасты қала және аудандардағы ветеринариялық стансалар біріктіріліп, қайта ұйымдастырылды. Қазіргі таңда кәсіпорында 1 055 қызметкер еңбек етіп жатыр. Облыс көлемінде 11 ветеринариялық бөлім және 160 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Оның 143-і ғимаратпен қамтылған. Кәсіпорын теңгерімінде 255 автокөлік бар. Өңірде 41 типтік үлгідегі биотермиялық шұңқыр пайдаланылуда. Сонымен қатар 20 инсинератор болса, 15-і стационарлық, бесеуі жылжымалы. Үшеуі уақытша жұмыс істемейді. Сібір жарасы ошақтары бойынша Әулиеата өңірінде 189 көмінді орны тіркелген. Олардың барлығы қоршалып, «Қауіпті аймақ» белгісі орнатылған. Бұл ошақтар топографиялық картаға және Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізілген, – дейді Серік Съезбекұлы.

Аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауылшаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу мақсатында 10 жылда бір санақ жүргізіліп тұратыны белгілі. Ел Үкіметі 2023 жылдың 29 желтоқсанында «2025 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу туралы» қаулы қабылдаған болатын. Осылайша биылғы жылдың 1 тамызында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Ауқымды статистикалық шара барлық өңірді қамтып, өзекті деректердің маңызды көзіне айналды. Санақтың бастапқы бірінші онлайн кезеңі 1-31 тамыз аралығында өтіп, өсімдік және малшаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ үй шаруашылықтары қатысты. Одан кейінгі екінші офлайн-кезең – 20 қыркүйек-20 қазан аралығында интервьюерлер онлайн-сауалнамадан өтіп үлгермеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралады.

Жалпы ауылшаруашылығы санағының нәтижесінде осы саланың жай-күйінің егжей-тегжейлі және объективті бейнесі алынып, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер, оның әрбір санатының рөлі туралы толық деректер алынған екен. Соның ішінде мал санағына келсек, бүгінде ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесінде 504 147 мүйізді ірі қара, 3 835 222 уақ мал, 217 339 жылқы 8 665 түйе тіркеліпті. 2025 жылы 1 492 781 төлді бірдейлендіру жоспарланса, бұл іс қазіргі уақытта аяқталуға жақын.

– Осы жылға бекітілген жоспар бойынша 16,5 миллион профилактикалық манипуляция жүргізу жоспарланып, эпизоотияға қарсы егу ісінің 9 айлық қорытындысы шықты. Мысалы, оба ауруына қарсы 412 421 ұсақ мал, аусыл бойынша 517 033 ірі қара мен 3 853 587 уақ мал қамтылды. Сібір жарасына қарсы 481 343 ірі қараға, 3 630 039 ұсақ малға, 167 526 жылқыға, 4 100 шошқаға, 8 017 түйеге екпе егілді. Қарасанға қарсы екпе 45 250 ірі қараға, брадзот бойынша 261 180 ұсақ малға, лептоспирозға қарсы 7 000 ірі қараға, 21 000 ұсақ малға, 1 500 жылқыға салынды. 384 709 ірі қараны түйінді дерматиттен, 12 971 ірі қара мен 65 357 ұсақ малды, 5 417 жылқыны, 350 түйені, 15 600 итті құтыру ауруынан сақтау үшін тиісті екпе егілді. Пастереллезге қарсы 9 200 ірі қара, 46 000 ұсақ мал, 4 000 жылқы, эктимаға қарсы 200 000 ұсақ малға екпемен қамтылды. Сарып ауруына қарсы 5,7 миллион зерттеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 3,7 миллион диагностикалық тексеру жүргізілді. Анықталған ауру ошақтарына келсек, жыл басынан бері облыс аумағында бірқатар ауру ошағы тіркелді. Атап айтсақ, құтыру бойынша 3 жағдай, пираплазмоз бен сальмонеллез және пастереллезден екі-екіден, анаэробтық энтеротоксемия бойынша 1 жағдай анықталды. Аталған ошақтарда карантиндік шектеу енгізіліп, толық көлемде ветеринариялық-профилактикалық жұмыстар атқарылды. Жалпы ветеринария саласына тән жұмыстар халықтың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан облыстың ветеринариялық қызметі облыс аумағындағы эпизоотиялық жағдайды бақылауда ұстап, мал ауруларының алдын алу және жою бойынша кешенді жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді, – деді станса басшысы.

Мұндай жұмыстар әрбір ауданда жүргізілетіні белгілі. Талас аудандық ветеринария бөлімінің атқарған жұмыстары да көңілге қонымды. Аталған бөлім жылдың басынан бері жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау мен қан сынамаларын алу жұмыстарын бекітілген жоспарға сай атқарып келеді.

Аудан бойынша 36 167 мүйізді ірі қара, 463 018 уақ мал, 2 548 түйе, 20 578 жылқы, 162 шошқа бірдейлендіру есебіне тіркеліпті. Сонымен қатар ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру базасының дұрыс жұмыс істемеуі мал санын нақты білуге кедергі келтіріп тұр екен. Бұл жөнінде Талас аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Берік Қаратаев айтты.

– Қазіргі уақытта мал иелерінің «Төрт түлік» қосымшасын пайдаланбауының салдарынан малдың кіріс-шығысын бақылау қиындап отыр. Мал межелі жерге жеткенімен, сатып алушының болмауына байланысты сатылған мал есептен шықпай отыр. Қазіргі уақытта 5 216 бас сиыр, 48 689 қой-ешкі, 2 701 жылқы, 504 түйе жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты бірдейлендіру базасы есебінен шықпай отыр. Бірдейлендіру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес 12 000 мүйізді ірі қара, 150 000 уақ мал, 350 түйе, 100 шошқа төлдеріне тиісті құлақ жапсырмалары алынып, олар толығымен сырғаланды. Нәтижесінде 12 087 бұзауға, 151 000 қозы-лаққа, 5 000 құлынға, 350 ботаға, 100 торайға сырға салынды. Сонымен қатар қылқұйрықтыларды бірдейлендірудің чип салу әдісі бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстар аудандық «Талас тынысы» газетінде және бөлімнің әлеуметтік желідегі «Instagram» парақшасында жарияланды. Алдын ала осы жұмыс жүргізілетіні жөнінде хабарландыру аталған ақпарат көздерінде жарияланып және жұмыс қолжетімді бағадағы чиппен қамтамасыз етуден басталды. Аудандық ветеринариялық инспекциямен келісіліп, аудан әкімінің орынбасарының қолдауымен, Ақкөл, Үшарал, Ойық, Кеңес, Аққұм, Тамды, Қаратау ауылдық округтерінде жылқыларды чиптеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Сонымен қатар аудандық ветеринариялық инспекциямен бірлесе отырып, жол бойында орналасқан шаруа қожалықтарға жылқы малдарын түнгі уақытта жолға жаймау және төлдерді, сырттан әкелінген малдарды чиптеу туралы ескерту қағаздары берілді. Жалпы чип салу мәселесі бойынша ауыл әкімдері осы жұмысқа атсалысса деген ұсынысымыз бар, – деді Б.Қаратаев.

Аудан бойынша Аққұм, Бостандық, Сәду Шәкіров, Ойық, Үшарал ауылдық округтерінде ветеринариялық пункт 2020 жылы салыныпты. Аққұм ауылдық округіндегі ветеринариялық пункт қолайсыз жерге және төмен сапада салынғандықтан бұл күнде жарамсыз жағдайда тұрса керек. Қазіргі уақытта ветеринар мамандар амалдың жоқтығынан әкімшілік ғимаратта қызмет көрсетіп жатыр екен. Сонымен қатар Бостандық, Сәду Шәкіров, Ойық ауылдық округтеріндегі ветеринариялық пункттер жылумен қамтылмағандықтан олар да әкімшілік ғимаратты паналап отырған көрінеді. Биылғы жылы Ақкөл, Қызыләуіт, Тамды, Берікқара, Кеңес, Қасқабұлақ ауылдық округтерінде жаңадан ветеринариялық пункт салу жұмыстарын жүргізу қолға алыныпты. Қаратау ауылдық округінде ветеринариялық пункт сатып алынған жеке үйде орналасқан екен. Алдағы уақытта Қаратау қаласы мен Көктал ауылдық округінде ветеринариялық пункт салу жоспарға еніпті. Жалпы мамандар қажетті жабдықтармен қамтылыпты.

– Биылғы жылы 5 жаңа «Нива» автокөлігі берілді. Алдағы уақытта тағы 5 автокөлікпен қамту жоспарланып отыр. Жалпы техника паркінің тозығы жеткен. 2012 жылы алынған автокөліктердің жағдайы сын көтермейді. Жалпы бөлімде 14 «Нива», 1 «Ssang Yong», 3 «ДУК», 3 «УАЗ» автокөлігі бар. 2 «ДУК», 1 «УАЗ», 5 «Нива» автокөлігі жарамсыз. Ветеринариялық-профилактикалық жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі уақытта 35 000 мүйізді ірі қараға, 100 шошқаға, 493 800 уақ малға аусыл ауруына қарсы вакцина салынды. Сондай-ақ 33 300 сиыр мен 16 500 жылқыға, 100 шошқаға, 2 200 түйеге, 443 800 уақ малға Сібір жарасы ауруына қарсы екпе егілді. 27 000 мүйізді ірі қара нодулярлық түйнеме ауруына қарсы екпемен қамтылды. Сонымен қатар 38 705 сиырдан, 420 808 уақ малдан, 1 200 жылқыдан, 500 иттен және 1 700 түйеден қан сынамалары алынып, сарып ауруынан амандығы тексерілді. Нәтижесінде 2 уақ малдың бруцеллезге шалдыққаны белгілі болды. Мал иелеріне 44 250 теңге өтемақы төленді. Құтыру ауруы Аққұм ауылдық округінің тұрғыны Н.Бижігітовтың итінен анықталып, аумағы 500 шаршы метр болатын ауласы және ит жатқан орындар толығымен залалсыздандырылды. Қазіргі уақытта аталған азаматтың ауласына «Ветеринария туралы» Заңның 10-1 бабына сәйкес ветеринариялық инспекция тарапынан карантин жарияланды. Аққұм ауылдық округі бойынша 130 итке құтыру ауруына қарсы екпе егіліп, 500 дана құтыру ауруының брикеті ауыл сыртына тасталды. Аудан бойынша 1 600 итке құтыру ауруына қарсы екпе салынды. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Аудан бойынша жыл басынан 741 қаңғыбас ит ауланып, жойылса, 30 ит панажайға өткізілді. Қаңғыбас иттерді аулап жоюға 2 маман, 1 «УАЗ» автокөлігі тартылып отыр. Бұл іс облыстық ветеринариялық станса арқылы қаржыландырылды. Қазіргі уақытта 390 итке чип салынып, «Itcor» базасына енгізілді. Сонымен қатар 115 итке кастрация, 15 стерилизация жасалды. Аудан бойынша Сібір жарасының 7 ошағы бар. Атап айтқанда, Берікқара мен Қаратау ауылдық окруктерінде екі-екіден, Қасқабұлақ, Үшарал ауылдық окруктерінде және Қаратау қаласында тіркелген. Барлық ошақтар қоршалып, бетондалып, ескерту тақтайшалары орнатылған. Барлық ошақ орнындарынан топырақ сынамалары алынып, тексерілуден өткізіледі. Сонымен қатар аудан бойынша мал өлексесін тастайтын Бостандық, Ойық, Үшарал, Қызыләуіт, Қаратау, Берікқара ауылдық округтері мен Қаратау қаласында Беккари шұңқырлары бар. Барлық нысандар қоршалған және ол нысандар ветеринариялық пункт меңгерушілерінің ұдайы бақылауында тұр. Сонымен қатар Сәду Шәкіров және Кеңес ауылдық округтерінде Беккари шұңқыры салынған, бірақ құжаттары қазіргі уақытта рәсімделу үстінде. Тамды ауылдық округінде жер телімі белгіленіп, құжаттары рәсімделуде. Жалпы аудан бойынша Беккари шұңқырымен қамтылу 50 пайызды құрап отыр. Бостандық, Ойық ауылы мен Қаратау қаласында мал сою алаңшалары бар. Бостандық ауылы мен Қаратау қаласындағы мал сою алаңдары сумен және электр энергиясымен қамтылған. Ал Ойық ауылындағы мал сою алаңы ауылдан тысқары жерге орналасқандықтан электр энергиясын тартуға мүмкіншілік болмады. Дегенмен осы мәселе мотор (движок) пайдалану арқылы шешіліп отыр. Сонымен қатар жерасты суын пайдалануда. Мал сою алаңдарында 97 бас мүйізді ірі қара, 102 уақ мал, 57 жылқы, 25 бас сойылды. Барлық сойылған малдарға сою алдында және сойылғаннан кейін тексеріс жүргізіледі. Жоғарыда аталған нысандарға (Беккари шұңқыры мен мал сою алаңы) қарауыл, қасапшы штаттары қарастырылмаған. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан Үшарал, Кеңес, Аққұм, Бостандық ауылдық округтерінде кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары 3 кезең аясында жүргізілді. Қора-жайларды сапалы дәрілеу мақсатында аталған ауылдық округ әкімдеріне және «Талас тынысы» газетіне қора-жайларды механикалық жолмен тазарту туралы хат, хабарландыру берілді. Осы жұмыстарға 2 «ДУК» автокөлігі, 5 дезинфектор маман жұмылдырылды. Кене шағып ауырған адам тіркелген жоқ, – дейді Б.Қаратаев.

Халық арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары бойынша ауылдық округтерде 45 кездесу өткізіліп, аудандық «Талас тынысы» газетіне 5 мақала беріліпті. Сонымен қатар бөлімнің әлеуметтік желідегі «Instagram», «Facebook» парақшасында 32 пост жазылыпты.

Ветеринария саласын цифрландыру жұмыстары бойынша ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру, бірыңғай автоматты база жүйесі, «Ветлаб», «Itcor», «Tort tolik» қосымшалары желіге қосылып, қазіргі уақытта жұмыс қалыпты жұмыс істеп тұр екен.

Жалпы ауылдық округтер бойынша 87 маман жұмыс атқарса, оның 33-і жоғарғы білімді, 32-сі арнаулы орта, 17-сі орта білімді, бесеуі техникалық қызметшілер. Ветеринар мамандардың қазіргі уақытта орта жасы 40 жасты құраған. Биылғы жылы 4 жас маман жұмысқа қабылданса, Қасқабұлақ, Қаратау, Көктал, Тамды ауылдық округтерінде мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Жас мамандардың ветеринария саласына келмеуіне айлық жалақының төмен болуы мен жұмыстың қиындығы себеп болып отыр екен. Мәселен, ветеринариялық санитар 90 мың теңге айлық алса, ветеринариялық фельдшер 160 мың, ветеринариялық дәрігер 220 мың теңге еңбекақы алуда. Сонымен қатар 2024 жылы 3 жас маман жәрдемақы алса, 2025 жылы 6 жас маман өтініш білдіріпті.

Ауданның ветеринария саласында еңбек етіп жүрген жас маманның бірі – Бейбарыс Сарабек. Ол 1998 жылы Қаратау қаласында дүниеге келген. Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияда 9-сыныпқа дейін білім алып, одан кейін осы аудан орталығындағы техникалық колледжге архитектура мамандығы бойынша оқуға түскен.

– Колледжді 2018 жылы бітірдім. Сол жылы Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетке ветеринариялық медицина мамандығына оқуға түстім. 2023 жылы оқуды аяқтап, Қаратау қаласындағы Талас аудандық ветеринариялық лабораторияда 1 жыл жұмыс істедім – дейді ол.

Бейбарыс биыл наурыз айында Тамды ауылдық округінің ветеринариялық пунктіне меңгерушісі болып барыпты. Жас та болса жауапкершілігі мол маманға басшылық сенім артып отыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар