Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құсшаруашылығы құлашын кеңге жаяды

Құсшаруашылығы құлашын кеңге жаяды
alashorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі уақытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өңдеу өнеркәсібін дамыту маңызды мәселе екенін айтты. Жалпы Президент бұл мәселеге жыл сайынғы Жолдауларында, түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінде айрықша назар аударып жүр. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда тиісті шаруалар жүйелі атқарылуда. Мәселен «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі соның жарқын мысалы бола алады. Осы орайда біз аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар туралы кәсіпорын директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісовамен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Мемлекет басшысының биылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан не түйдіңіз?

– Аталған Жолдау тәуелсіз еліміздің даму бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат, халқымыздың болашағына жол сілтейтін тарихи бағдарлама. Президентіміз Жолдауда қазіргі халықаралық жағдайды терең талдап, әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған сын-қатерлерді атап өтті. Геосаяси тұрақсыздық, жаһандық бәсекелестіктің артуы, жаңа технологиялардың дамуы баршамызға тікелей әсер етіп отырған құбылыстар болып есептеледі. Мұндай жағдайда Қазақстан өзінің тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтай отырып, озық елдер қатарына қосылуы үшін батыл қадамдар жасауы тиіс.

Мемлекет басшысы Жолдауда ерекше атап өткендей, біздің басты мақсатымыз – Қазақстанды цифрлық дәуірдің көшбасшысына айналдыру. Үш жылдың ішінде еліміз жаппай цифрландыру жолына түсуі тиіс. Ол үшін жаңа заңдар қабылданып, ең алдымен Цифрлық кодекс қабылданады. Бұл құжат жасанды интеллект, үлкен деректер, платформалық экономика сияқты бағыттарды реттейтін негізгі құқықтық базаға айналады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа министрлік, яғни Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынды. Бұл өз кезегінде цифрлық трансформацияны жүйелі жүргізуге мүмкіндік беретіні анық. Өйткені бүгінгідей уақыт талап еткен мына заманда кім технологияны жетік меңгерсе, сол алға озады. Егер біз осы бағытта артта қалсақ, онда еліміздің даму болашағына қатер төнуі ықтимал.

Президент Жолдауында елімізді дамытудың бірнеше стратегиялық бағыты нақты айқындалды. Соның ішінде инвестиция тартуды жаңа деңгейге шығару, өңдеу өнеркәсібін, тау-кен және металлургия саласын дамыту, ауылшаруашылығын цифрландыру арқылы өнімділікті арттыру, су ресурстарын басқаруды түбегейлі жаңғырту, көлік-логистика жүйесін жетілдіру, экология мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын заманауи деңгейге көтеру мәселелері қозғалды. Бұл бастамалардың барлығы біздің өңіріміз үшін де аса өзекті. Негізінде Әулиеата өңірі аграрлы аймақ болып есептеледі. Президент атап өткендей, ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді жолға қоймай, ауылды дамыту мүмкін емес. Осыған байланысты біз облыста өндірістің барлық сатысын қамтитын агрохолдингтер құруға қолдау көрсетуіміз керек. Сондай-ақ жерді пайдалану мәдениетін көтеріп, игерілмеген жерлерді айналымға қосу күн тәртібінен түспеуі қажет.

Жолдауда ерекше орын алған мәселе – адам капиталын дамыту. Білім мен ғылымды жаңа деңгейге шығару, жасанды интеллект негіздерін мектептен бастап оқыту болашағымызды айқындайтын маңызды шаруаның бірі.

Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» өндіріс саласына жаңа серпін беріп, жастарды нақты кәсіпке баулиды. Бұл бастамалар біздің өңірдегі колледждер мен университеттердің жұмысына да жаңа міндеттер жүктейді. Денсаулық сақтау, әлеуметтік әділеттілік, демография, көші-қон саясаты да Жолдауда жан-жақты қарастырылды. Әсіресе әлеуметтік масылдықтың алдын алу, адал еңбек пен әділдікті насихаттау қоғам үшін маңызды болмақ.

Жалпы Президент Жолдауы еліміздің алдағы жылдардағы нақты қадамдарын белгілеп берген бағдаршам. Біздің міндетіміз – осы тапсырмаларды өңірлік деңгейде сапалы орындау. Біздің облыс әрқашан елдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ендігі жерде Президент ұсынған жаңа реформаларды табысты іске асырып, өңірімізді заманауи технологиялармен дамыған, әлеуметтік тұрғыдан әділетті аймаққа айналдыруға барлығымыз атсалысуымыз керек. Бәріміз бірлікте жұмыс істесек, межеленген мақсаттарға міндетті түрде қол жеткіземіз. Бұл жолда халықтың сенімін ақтап, еліміздің жарқын болашағына үлес қосу біздің басты парызымыз болып қала береді.

– «Әулие-Ата Феникс» ЖШС қанша адамды жұмыспен қамтып отыр, жалпы құсшаруашылығының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айта отырсаңыз...

– Бүгінде кәсіпорында 250 адам еңбек етеді. Қазір бұл кәсіпорын жақын маңдағы ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзіне айналған. Жұмысшыларға берілетін ай сайынғы еңбекақы қоры 60 миллион теңгені құрайды. Бұл аз сома емес. Осынша қаражат шаруашылық арқылы өңір экономикасының айналымына түсіп, талай отбасының тұрмысын түзеуге, балаларының оқуына, басқа да қажеттілігін өтеуіне сеп болып отыр. Соның арқасында шаруашылықтың тыныс-тіршілігі бүгінде жаңаша рең алған.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты аз емес, жылына 12 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге шамасы жетеді. Жылына шамамен 6,25 миллион құс өсірілетін шаруашылықта бір жылда 6 миллионнан астам балапан өсіп, жетіледі. Бұл ретте кәсіпорынды облыс көлеміндегі тұрғындардың сапалы етке деген сұранысын қамтуда зор әлеуетке ие деп айтуға болады.

– Қарамасаң мал да өспейтіні белгілі. Құстарды сапалы азықпен қамтамасыз ету, оны күтіп-баптау, ем-дом жасау мәселесі қалай жүзеге асырылып отыр?

– Құстарға арналған жемшөп облыс пен өзге өңірлердің шаруаларынан сатып алынады. Өзімізде егістік жер жоқ болса да, жергілікті диқандармен берік байланыс орнатылған. Бірінен жем сатып алсақ, бірінен тағы да керегімізді аламыз, бұл екі жаққа да тиімді.

2024 жылы кәсіпорынға тиесілі 6 жаңа құс қорасы салынды. Еуропалық технологиялар енгізіліп, заманауи жабдықтар іске қосылды. Осы жүйе арқылы өнім сапасын жақсартып, еңбек өнімділігін арттырдық. Құстың саулығы басты назардан түскен емес. Ветеринар мамандар күн сайын бақылау жүргізіп, аурудың алдын алу жұмыстарын тұрақты түрді жүргізіп отырады. Уақытылы вакцинация, дезинфекция жұмысы жүргізіледі, биоқорғау жүйесі секілді шаруалар да жүйелі жолға қойылған. Қажет болған жағдайда облыстық ветеринарлық қызмет пен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары арқылы керекті кеңес ұйымдастырылып тұрады.

Өнімге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда құс еті Әулиеата өңірінен бөлек, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының нарығына да шығарылып, сол жақта саудалануда. Дегенмен кейінгі уақытта көрші Қырғызстан нарығына да тұрақты түрде экспортқа өнім шығару ісі жүйелі жолға қойылған. Соңғы жылдары кәсіпорынның ішкі инфрақұрылымы едәуір жаңарды. Осының бәрі ел экономикасын дамытуға, ауылдағы тұрмысты жақсартуға бағытталған нақты істің көрінісі. Қарапайым ауыл адамдарының қолымен осылайша үлкен өндіріс қалыптасып келеді. Мұны еңбекпен келген жетістік, тиянағын тапқан татымды тірлік, ұқыптылықтың ұтымды жемісі деп те айта аламын.

– Сіз басқарып отырған осы құсшаруашылығы өңір экономикасына нақты қандай үлес қосып отыр?

– Президентіміз өз Жолдауында ауылшаруашылығы еліміздің стратегиялық маңызы жоғары саласы екенін атап өтті. Өйткені ауыл тұрмысы түзелмей, ел экономикасы да тұрақты болмайды. Сол тұрғыдан алғанда біздің құс фабрикамыздың өңірдің дамуына қосып отырған үлесі аз емес деп айта аламын.

Біріншіден, бізде бүгінде еңбек етіп жатқан жұмысшылардың тұрақты табысы бар. Ауылдан жұмыс іздеп, қалаға сабылу жоқтың қасы. Адамдар туған жерінде еңбек етіп, бала-шағасын асырап отыр. Осындай тұрақтылық ауыл өміріне де, жалпы өңірдің әлеуметтік жағдайына да оң әсер етуде. Екіншіден, жоғарыда сөз еткенімдей, біз пайдаланатын жемшөп пен басқа да шикізаттың бәрі еліміздің өз ішінен, яғни отандық шаруашылықтардан алынады. Қажетті өнімдерді өз облысымыздағы және басқа өңірлердегі шаруалардан сатып аламыз. Осы арқылы олардың да шаруасы жүріп, табысы артуда. Яғни, біздің фабриканың жұмысы өзге кәсіпорындардың да дамуына серпін беруде. Үшіншіден, өндірістен шыққан өнімді тұтынушыға жеткізу кезінде көлік, сақтау, логистика саласындағы компаниялардың қызметін пайдаланамыз. Әрбір жүк көлігі, элеватор, тоңазытқыш, қойма секілді барлық шаруа экономикаға әсер ететін айналымдардың бір бөлігі. Біз олардың қызметіне ақы төлейміз, демек, олар да тұрақты табыс тауып, қызметкерлеріне еңбекақы беріп отыр. Төртіншіден, біздің өнімдер өңір ішінде ғана емес, өзге облыстарға және көрші елдерге де жөнелтіледі. Бұл – аймақтық экономиканың кеңейгенін, жергілікті брендтің қалыптаса бастағанын көрсетеді. Әр өңірге, елге жөнелтілген құс етінің арқасында Жамбыл өңірінің аты да көпке танылуде. Сондықтан біздің фабриканың жұмысын үлкен бір тізбектің, яғни ауылшаруашылығы мен өңдеу, тасымалдау және сауда салаларының арасындағы байланыстың өзегі деп айтуға болады. Барлығы бір-бірімен тығыз сабақтас.

– Жолдауда өнімді өңдеу ісін күшейту, дайын тауар шығару қажеттігі айтылды. «Әулие-Ата Феникстің» құс өнімдерін өңдеуді тереңдету бойынша қандай жоспары бар, қазір қандай өнім түрі өндірілуде?

– Президент Жолдауында айтылғандай, өнімді өңдеуді тереңдету біздің де негізгі басымдықтарымыздың бірі болып отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорында құс етін өндіру және оны бастапқы өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Басты өнім балғын және тоңазытылған, мұздатылған тауар ретінде тұтынушыларға жол тартуда. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалғанымыз жоқ. Алдағы уақытта терең өңделген өнімдер шығару жоспарланған. Демек, жақын уақыттарда дүкен сөрелерінен жартылай фабрикаттар, шұжық өнімдері мен вакуумды қаптамадағы дайын тағамдар да табылатын күн алыс емес.

Сонымен қатар инкубациялық жұмыртқа өндірісін және құрама жем өндірісін дамыту көзделіп отыр. Инкубациялық жұмыртқа өндіру ісі еліміз үшін ерекше маңызға ие. Өйткені бұл бағыттағы жоспарлы жұмысты нақты іске асыру арқылы импортқа тәуелділікті азайтып, импортты алмастыруға болады. Бұдан бөлек, шетелден келетін тауарды тұтыну есебінен басқа мемлекеттерге кетіп жатқан валюталық шығындарды да отандық өнімді нарыққа көптеп шығару арқылы қысқарта аламыз. Бұл жұмыстар ауылшаруашылығының түрлі салаларын өзара байланыстырып, сапасы жоғары өнім шығаруға, ішкі нарықты сапалы әрі тиімді бағадағы тауармен қамтамасыз етуге және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік бермек.

– Өз сөзіңізде сапалы өнім мен баға тиімділігі туралы айтып қалдыңыз. Жалпы жұмыртқа мен құс етінің бағасын тұрақты ұстау үшін сіздер қандай шара қолданып жатсыздар? Құстан алынатын өнім қолжетімді болуы үшін не қажет, сіздің кәсіпорын өндірген өнімнің ішкі нарықтағы бағамен салыстырғандағы пайыздық деңгейі қандай?

– Ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету біздің негізгі міндеттеріміздің бірі және Бұл ретте Президенттің де Үкіметке берген нақты тапсырмасы бар. Әйтсе де бағаны тұрақты ұстаудың өзіндік талап-тәртібі бар. Мәселен, біз ең алдымен өндіріс шығындарын оңтайландырамыз, жемшөп пен энергияны үнемді пайдалануға басымдық береміз. Сонымен қатар өнімді тасымалдау мен сақтау тізбегін тиімді ұйымдастыру арқылы қосымша шығындардың өсуін шектейміз. Дегенмен құс еті қолжетімді бағада нарыққа шығуы үшін мемлекеттік қолдау шаралары толастамауы қажет.

Қазіргі таңда біздің өндірген құс еті ішкі нарықтағы орташа бағамен салыстырғанда шамамен 5-7 пайызға төмен деңгейде сатылуда. Бұл – халықты қолжетімді бағадағы сапалы өніммен қамтамасыз ету және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы ұстанымымыздың нақты нәтижесі. Сонымен қатар біз өз облысымыздың аудандарына жылжымалы мобильді дүкен ұйымдастырып, фабриканың босату бағасымен, яғни делдалсыз тікелей тауар сатуды жолға қойдық. Осы арқылы біз өз өнімімізді халық үшін қолжетімді етуге күш салып келеміз. Сондықтан бізде өндірілген өнімнің бағасы бойынша да, алыс аудандарға оны кідіріссіз жеткізу тұрғысынан да мәселе оңтайлы шешіліп, бұл өз тиімділігін дәлелдеп қойды. Осы бастаманың нәтижесінде өңірде бағаны тұрақтандыруға және инфляцияны тежеуге өз үлесімізді қосып отырмыз десек мұным артық болмайды.

Жолдауда экспорт әлеуетін арттыру жайы сөз болды. Осы кәсіпорынның құс өнімдерін қандай мемлекеттер тұтынып жатыр, қай елге қанша тонна жөнелтілуде? Осы жағын тарқата айтып берсеңіз...

– 2017 жылдан бері «Әулие-Ата Феникс» құс өнімдерін негізінен Қырғызстанға және Ресейге экспорттап келеді. 2019 жылы өніміміз алғаш рет екі елге бірдей жеткізіліп, жалпы 269 тонна құс еті экспортталды. 2020 жылдан бастап негізгі экспорт бағыты Қырғызстан Республикасы болып таңдалып алынды. 2022 жылы экспорт көлемі 400 тоннаға жетсе, 2023 жылы 463 тонна құс өнімі жөнелтілді. 2024 жылы көрсеткіш 277 тоннаға жетсе, ал 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 100 тонна құс өнімі жөнелтілді. Экспорттан түскен қаржы көлемі жыл сайын жүздеген миллион теңгеге жетіп, өңірдің экономикалық әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр.

– Сіздер өндіріске автоматтандыру, цифрлық жүйе секілді жаңашылдықтарды енгізу жұмыстарын қалай жүзеге асырып отырсыздар?

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру, цифрландыру мен заманауи технологияларды жүйеге кеңінен енгізу уақыт талабы екенін нақты айтты. Расында да, қазір еңбек өнімділігін арттыру мен сапалы өнім өндірудің кілті осы цифрлық жүйеде жатқан сияқты. Біздің кәсіпорында да осы бағыттағы жұмыстар ілгеріректе біртіндеп, соңғы уақытта жүйелі түрде іске асырылып келеді. Тауық баздарының іші мұнтаздай тап-таза әрі ұядай жылы. Бастысы ауа айналымы мен температурасы автоматты түрде реттеледі. Құс қоралар бұрынғыдай шаң-тозаң мен қапырықтан ада, іші мұнтаздай таза, реттелген микроклимат сезіледі. Арнайы желдеткіш жүйе ауаны үздіксіз айналдырып тұрады, ал жарықтандыру құстың табиғи өмір ырғағына сай автоматты түрде қосылып-өшеді. Температура мен ылғалдылықты да адам қолымен емес, компьютер арқылы реттейміз. Бұл тек құсқа жайлы жағдай жасап қана қоймай, өнім сапасын да жақсартуда.

Өндірістегі барлық үдеріс цифрлық бақылауға алынған. Арнайы датчиктер мен мониторинг жүйесі арқылы әр құстың өсуі, жемшөптің қанша жұмсалғаны, судың көлемі, бәрі нақты көз алдымызда тұрады. Бұрын мұның бәрін қолмен жазып, есептеп шығу қиын еді. Енді оператор бір экраннан-ақ бүкіл қораның жағдайын көре алады. Егер ауа температурасы өзгерсе немесе су беру тоқтап қалса, жүйе дереу ескерту жібереді.

Жемшөп жеткізу мен беру процесі де автоматтандырылған. Арнайы тасымалдау желісі арқылы жем әр қораға өз мөлшерінде жеткізіледі, ал суды тарату жүйесі құстардың жасына және салмағына қарай реттеледі. Мұның бәрі уақытты үнемдейді, адамның еңбегін жеңілдетеді, әрі өнімділікті арттырады.

Қазір біз осының бәрін бір орталықтан басқаруға көшіп жатырмыз. Яғни, деректердің барлығы орталық цифрлық платформаға біріктіріледі. Болашақта жасанды интеллект жүйесін қосу арқылы өндірістің тиімділігін терең талдап, болашақтағы тәуекел мен шығынды алдын ала болжауға мүмкіндік аламыз. Мұның бәрі кәсіпорынның ішкі тиімділігін еселеумен қатар, ауылшаруашылығы саласының жалпы дамуы үшін де маңызды болмақ. Себебі осындай заманауи тәсілдер ауылшаруашылық саласындағы кәсіпорындардың әлеуетін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтады. Бүгінде ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Көптеген агроөнеркәсіп кешендеріндегі жұмыс жеңілдеп, адамдар ауыр еңбектен біршама арылып, жұмысшылары жаңа технологиямен жұмыс істеуді мейлінше терең меңгерген, білім мен біліктің арқасында аулшаруашылығы соны серпін алған салаға айналып келеді.

– Жолдауда ауылшаруашылығын субсидиялау тетіктерін жетілдіру жайы сөз болды. Құсшаруашылығы үшін қандай қолдаулар көрсетілсе тиімді болар еді деп ойлайсыз?

– Иә, бұл мәселе біз үшін өте өзекті. Президентіміз ауылшаруашылығын қолдаудың жаңа тәсілдері туралы айтқанда, біз оның ішінде мал, егін, құс өсіру бағыттарын теңдей дамыту қажеттігін ерекше назарда ұстауымыз керек. Себебі ауылдағы кез келген өндірістің тіршілігі, оның өсіп-өркендеуі мемлекеттің тікелей қолдауына байланысты. Құсшаруашылығы да соның бірі. Менің ойымша, ең алдымен субсидияны құрама жем құнын арзандатуға бағыттау керек. Себебі құс етінің өзіндік құнында ең көп үлесті жемшөп шығыны алады. Егер жем қымбаттаса, артынша өнім бағасы да өсуі әбден мүмкін. Бұл әрине, тұрғындарға да, өндірушіге де ауыр соққы болатыны сөзсіз. Егер мемлекет осы бағыттағы қолдауды күшейтсе, яғни жем өндірушілерге және оны тұтынушы шаруашылықтарға бірдей жеңілдік жасалса, саладағы тұрақтылық артар еді. Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған инвестициялық субсидиялар да аса қажетті іс. Құс фабрикасын жаңарту деген жаңа ғимарат салу деген ұғым емес. Ескі жүйені толықтай заманауи технологиялармен алмастыру арқылы ғана біз діттеген мақсатымызға жете аламыз. Қазірдің өзінде біз көп нәрсені автоматтандырдық, бірақ жаңа жабдықтар мен цифрлық жүйелерге көшу әлі де қаржы мен қажырлы еңбекті талап етуде. Егер мемлекет осы бағытта ұзақ мерзімді, төмен пайызды несиелер мен субсидиялар ұсынса, отандық өндірушілердің әлеуеті әлдеқайда артар еді.

Инкубациялық жұмыртқа өндірісі мен құс етін терең өңдеу біздің елімізде әлі де жеткілікті дамымаған бағыттардың бірі екенін жасырмауымыз керек. Мысалы, жұмыртқаны шетелден тасымалдау өндірістің өзіндік құнын арттырады. Ал егер осы салаларға жеңілдетілген несие мен арнайы мемлекеттік бағдарлама ұсынылса, онда құс өнімдері өз елімізде толық циклмен өндірілер еді. Бұл өз кезегінде импортты азайтып, отандық өнімнің сапасы мен көлемін арттырады. Қазіргі таңда біздің саланың басты мақсаты – ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз ету, сонымен қатар экспорттық әлеуетті кеңейту. Мысалы, Қырғызстан мен Өзбекстан бағытында сұраныс жоғары. Бірақ ол жаққа үлкен көлемде өнім жөнелту үшін қаржылық және техникалық қолдау қажет. Мемлекет тарапынан мақсатты бағдарламалар мен ынталандыру шаралары жүзеге асса, шаруашылықтар көршілес елдердің нарығын да сапалы отандық өніммен қамтуға қауқарлы болар еді.

Жалпы алғанда ауылшаруашылығында ең маңызды тетіктерді субсидиялау арқылы ел экономикасының әлеуетін жандандыруға болады. Шаруаларға қолдау тұрақты түрде әрі лайықты деңгейде көрсетілсе, еңбек те еселенеді, нәтиже де өз жемісін береді.

– Президент ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, су ресурстарын үнемдеу мәселесін де көтерді. Бұл құс фабрикасының дамуына қаншалықты ықпал етеді?

– Президент көтерген бұл мәселелер құс фабрикасының дамуына да тікелей ықпал етеді. Себебі біздің өндіріс құрама жемге тәуелді, ал жемшөп дақылдары егістіктерде өсіріледі. Жердің өнімділігін арттыру, су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы жергілікті шаруашылықтардың жемшөп өндіру мүмкіндігі көбейеді, бұл біз үшін шикізат базасының тұрақты әрі қолжетімді болуына жол ашады. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану құс фабрикасындағы санитарлық-гигиеналық шараларды жүргізуде де маңызды. Яғни, жер мен суды ұқыпты пайдалану жалпы аграрлық тізбектің тиімділігін арттырып, біздің өндірістің тұрақты дамуына да қолдау көрсетеді.

Жолдауда агросалаға инвестиция тарту міндеті қойылды. «Әулие-Ата Феникс» қандай инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда, қандай жобалар қолға алынады?

– Агросалаға инвестиция тарту ісі біздің кәсіпорын үшін де басым бағыттың бірі. «Әулие-Ата Феникс» бүгінде құс етін өндіру көлемін ұлғайтуға, өндірісті автоматтандыруға және заманауи жабдықтар орнатуға инвестициялар бағыттап отыр. Қазіргі таңда құс етін терең өңдеу өндірісін дамыту, инкубациялық жұмыртқа шығару және құрама жем зауытын салу жобалары қолға алынуда. Бұл бастамалар өңірде ел көңілінен шығатындай өнім өндіруге, жергілікті шаруашылықтармен әріптестікті нығайтуға және ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Облыстық мәслихат депутаты ретінде сіз ауылшаруашылығы саласындағы қандай бастамаларды көтеріп, қандай мәселелерді шештіңіз?

– Өзімнің кәсібім асыраушы салаға тән болғандықтан көбіне ауылшаруашылығы саласына қатысты мәселелерді көтеріп тұрамын. Мысалы, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және фермерлерге лайықты жағдай жасау мәселесі назардан тыс қалған емесе. Сондай-ақ субсидиялау тетіктерін жетілдіру, ауылшаруашылығы техникасын жаңарту және цифрландыруды енгізу бойынша ұсыныстарым қолдау тапты. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, жол және әлеуметтік нысандарды дамыту сияқты мәселелердің шешілуіне де үлес қосып келемін.

Сонымен қатар ауылшаруашылығы саласы бүгінде мал мен құстың денсаулығын тексеруге арналған мамандандырылған зертханаларға мұқтаж. Сондай-ақ өндірілетін азық-түлік өнімдеріне таңдамалы талдау жүргізіп, олардың ұлттық әрі мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін қадағалау қажет. Бұл бағыттың жақын уақытта дамуы аса маңызды деп санаймын, себебі сапалы және денсаулыққа пайдалы өнім ұлт денсаулығына деген қамқорлық деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар