Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бағлан Қазиев, аудан әкімі Ернар Есіркепов, сондай-ақ аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен белсенді жастар қатысты.
Акцияның басты мақсаты – бұлақ көздерін ашу, өзен-көл жағалауларын тазарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру.
Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде мұндай бастамалардың маңыздылығына ерекше тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» акциясы өңірде кеңінен қолдау тауып отыр.
– Халқымыз ежелден табиғатқа жанашырлықпен қараған. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Сулы жер – нулы жер», «Су бар жерде тіршілік бар» деген нақыл сөздер – соның айғағы. Сондықтан тау бөктеріндегі бұлақтарды тазарту тек табиғатты қорғау ғана емес, бұл қоғамда экологиялық сананы қалыптастырудың нақты көрінісі. Сұлутөр – өңіріміздің ең көрікті жерлерінің бірі. Оның таза әрі көркем болуы – баршамызға ортақ міндет. Осы іске атсалысып жатқан еріктілерге, ақсақалдар мен жастарға алғыс білдіремін. Осындай игі бастамаларды ел болып жалғастыра берейік, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожахан Бижанов сөз алып, көпшілікке ақ батасын беріп, табиғатты аялау әр азаматтың парызы екенін атап өтті.
Акция барысында қатысушылар бұлақ көздерін ашып, айналасын абаттандырды. Іс-шараға жастар да белсенді қатысты.
Еріктілердің бірі Мағжан Дәкен акцияның жастар үшін маңызы зор екенін жеткізді.
– Бүгін біз Сұлутөр тауының бөктерінде бұлақ көздерін ашып, аумақты тазарттық. Мұндай акциялар табиғатқа деген жауапкершілікті арттырады. Аудан жастары әрдайым осындай игі істерді қолдайды және алдағы уақытта да белсенді қатысатын болады, – деді белсенді жас.
Жалпы жыл басынан бері өңірде өткізілген экологиялық акцияларға 18 мыңнан аса адам және 850-ге жуық кәсіпорын мен мекеме қатысқан. Нәтижесінде 45,8 мыңнан аса жасыл желек отырғызылып, 1,8 мың шақырым көше жолдары тазаланған. Сонымен қатар 410 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы абаттандырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1,8 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.
Мұндай ауқымды шаралар өңірде экологиялық мәдениеттің қалыптасуына, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыруға зор үлес қосуда.
Айжан ӨЗБЕКОВА



