
Мені ең алғаш жұмысқа қабылдаған Масат Әшімұлы еді. Ол күндер әлі есімде. Алғашқы кезде тәжірибем аз болғандықтан электронды пошта арқылы келген әрбір хатты қағазға шығарып, бастыққа апаратынмын. Тіпті қажеті жоқ хабарламаларды да, шетелден келген түсініксіз шақыртуларды да түгел апара бердім. Бірде сондай хаттардың бірінде Лос-Анджелеске шақыру келіпті. Мен оны да шығарып апарғанымда Масат ағайдың күліп: «Біз енді Лос-Анджелеске бара қоймаймыз ғой. Әуелі көздеріңді ашып қарасаңдаршы» – деген сөзі әлі құлағымда.
Сол сәт мен үшін үлкен сабақ болды. «Жіберген қатеңнен үйренсең – ол қателік емес, тәжірибе» деген сөздің жаны бар ғой. Әйтеуір, «Жұмысымды дұрыс істейін» деген ниетпен бәрін шығара бергенім де қазір жылы естелік болып қалды.
Кейін газеттің тізгінін Дәулет Төлендіұлы ұстады. Ол кезең де өз алдына бір дәуір болды. Сол уақытта жастар жиналып, ұйымшылдықпен еңбек еттік. Біріміздің қуанышымызды бөлісіп, біріміздің қиындығымызды бірге көтердік. Жанымдағы әріптестерім – Қамар Қарасаева, Айжан Өзбекова, Шолпан Бөгенбаева, Ғалия Садықова – бәрі де жүрек төрінде. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дейді халық. Сол әріптестерім әрқашан ақылын аямай, демеу болып, шынайы достықтың үлгісін көрсетті.
Мен еңбек еткен жылдар «AR-AI»-дың тарихында «егіздер жылы» деп те аталып жүр. Өйткені бір жылдың ішінде екі әріптесіміз егіз қыз бала сүйді. Алдымен Нұрым Сырғабаев егіз қыздың әкесі атанды. Одан кейін мен өзім егіз босанып, дүниеге кестетігер аруларды әкелдім. Бұл жағдай редакция тарихында алғаш рет болды.
«AR-AI» – менің үлкен мектебім. Ол жерде алған білімім де, тәжірибем де өмірлік азығыма айналды. Сондықтан мен әрдайым «AR-AI»-ыма тек жақсылық тілеймін. Оқырмандары көбейіп, мақалалары мазмұнды, ойлы бола берсін! Қалам ұстаған журналистердің абыройы асқақ, мерейі үстем болсын! «Халықтың сөзі – қазына, журналистің сөзі – аманат» деген де сөз бар. Сол аманатты арқалап жүрген әріптестерімнің қаламы ұштала берсін!
Жансая БАЗАРБАЕВА,
«Jambyl-Taraz» газетінің жарнама менеджері