
Бұл басылымның жарық көруіне сол кездегі облыстық ішкі саясат департаментінде басшылық қызметте болған, тіл мен ұлт, сонымен қатар жастардың жанашыры, ақынжанды атпал азамат Масат Берік ағамыз еді. Ал басылымның алғашқы бас редакторы, баспасөз бен өңір мәдениетінде өшпес қолтаңба, өнегелі із қалдырған Болат шайыр Бекжанов (көзі тірісінде есім-сойын өзі осылай бедерлейтін) ағамыз болды. Осы аталған екі ағамыз да жастар газетін жалтақ ұрпақ, жалған ұран толған басылым емес, кешегі Сұлтанмахмұт Торайғыров ағаларымыздан қалған «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деген қастерлі қағидамен өсіп-өніп келе жатқан жастарды қанаттандырып, олардың қанатын Қаратауға, қаламын Алатауға қайрап, редакция шаңырағын құндылықтардың құтханасына айналдырды. Басылымға белгілі ақын, журналист Азамат Есалы, бүгінгі қазақ поэзиясымен есімі қатар аталып қана қоймай, мақтанышпен айтылатын ақын Ерлан Жүніс, белгілі журналист Өркен Кенжебек, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, ақын Хамит Есаман, еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің аймақтағы меншікті тілшісі, ақын Табиғат Абаилдаев, республикалық «Жас Алаш» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі, белгілі журналист Нұрболат Әлдибек секілді сен тұр, мен атайын деген таланттар келді. Осы аталған азаматтармен қатар көптеген жастар шыңдалды, шығармашылықпен айналысты. Қазіргі таңда жас та болса аталған басылым көптеген жастардың қанатқаққан қасиетті ұясы секілді. Басылымның аталған алғашқы түлектері бұл күнде елге белгілі, жұртқа беделді, қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік орны бар азаматтарға айналды.
Мен де өзімді сол алдыңғы буын ағалар салған жолдың жалғастырушы жауынгері ретінде елестетемін. Облыстық телеарна мен қалалық газетте жүрген жерімнен сол кездегі басылым бас редакторының орынбасары, қазіргі бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек хабарласып, екі кештің ортасында редакцияға дереу жету керектігін айтты. Ол кезде басылымның әу баста ашылуына тікелей ықпал еткен Масат Әшімұлы аға бас редакторлыққа келген еді. Бұрындары ол кісіні сырттай және тілшілік тіршілікпен жиындарда бірнеше мәрте көргенім болмаса, жеке сыр сөкпеген, жыр төкпеген едім. Құстай ұшып жеткенім осы еді, Масат аға «жастардың ішінде жалындап жүргендердің бірісің, көп сөзді қой да, бізге кел. Әрі қатардағы жауынгер емес, бірден бөлім меңгерушісі міндетін сеніп тапсырамыз» деді. Төбемнен жай түскендей, есеңгіреп қалғаным рас. Ол уақытта қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде еңбек етіп жүрген кез. Содан ала таңнан қалалық газеттегі басшылардың алдынан өтіп, облыстық жастар газетіне келдім. Масат Әшімұлы әрбір үтір, нүктеге үлкен жауапкершілікпен қарайтын, талабы өте жоғары бас редактор болды. Кейінірек кейбір азаматтар ол кісімен екі, тіпті екі күн бірге жұмыс істегенін мақтан еткенін де естідік, ал біз екі жылға жуық уақыт ол кісімен бірге еңбек еттік.
Жұмысқа қабылданған санаулы күнде журналистер мерекесі келіп қалып, әріптестермен бірге маған да «премия» түсті. Не істерімді білмей, бас редакторға баруға бел будым. Кіріп, «Масат аға, маған да жұртпен бірге қаражат түсті, жұмысқа кіргеніме бар-жоғы үш-ақ күн болды. Қателесіп кеткен болуы керек» дегенім сол еді, Масат аға «Әй, бала, ол менің мәселем, сен оған бас қатырма, бұл саған аванс, маған тек барыңды салып аянбай жақсы жұмыс істе» деп ұрсып берді. Әрине, Масат ағаның еңбекқорлығы, әділдігі, жастарға деген сенімі қайталанбайтын, айта берсең таусылмайтын дүние. Ол кісінің редакторлығы кезінде газет шығатын күндері таңға дейін редакцияда қонатынбыз. Азанда қаланың маршруттары жұмысына кірісе бастағанда қайтатынбыз. Бір күні «Осы Масат аға не түскі асқа шықпайды, қара шай мен қайнаған су болса болды тәулік бойы жұмыс істей береді, өзі азанда қаншада келер екен» деген оймен газет таңғы алтыларда біткен бойда, үйге барып, көз ілмей, таңғы асымды ішіп, бір сағаттан соң жұмысқа келсем менімен бірдей қайтқан бас редактор таңғы 7:40-та жұмысқа келді. Жәй келген жоқ, мен оразамды ашқан сол уақытта ол кісі өзінің газетке беретін идеяларын қағазға түсіріп келіпті. Ол жазбаларының өзі бірнеше беттік, таңнан сол қағаздарды алдымызға шашып жіберіп, осындай нәрселерді газетке берейік деп ортаға тастағанда қайран қаласың. «Бір газет шығып жатқанда, келесі газеттің елу пайызы дайын болуы керек» дейтін талабы да табандылыққа үйретті. Жұмыста өте қатал болды, бірақ жай қарадүрсін қатал емес, әділ қаталдық еді. «Жұмыс уақыты біткенде менімен замандастарыңдай сөйлесе беріңдер» дейтін және солай болатын да. Ол кісінің ақындығы, әдебиетке жанашырлығы өз алдына бір төбе. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бір өзі мектеп еді. Одан кейін журналистер мерекесіне жан-жақтан берілетін заттай марапаттар, тұрмыстық техникалар болса олардың бірін де өзі алмай, кабинетіне жинап, «Қайсысың шаңырақ көтеріп, отау құрып, үйленесіңдер, осы заттарды соған береміз» дейтін және солай болатын да.
Әріптестердің қуанышы болса қатал редакторымызды танымай қалатынбыз. Өлеңдетіп тілек жаудырып, ән салып, би билеп, сен тұр, мен атайын деген біз секілді жастарды шаңға қалдырып кететін. Тіпті кейбір замандас әріптестер шаңырақ көтеріп, тойына шақырса көлікті өзі тізгіндеп, бізді өзінің орнына отырғызып қоятын. Кейде жұмысымыз көңілінен шықпай қалса, тапсырманы ойдағыдай орындай алмасақ немесе жұмысқа кешігіп қалсақ «Мен сендерді қарғаймын, сендер де мен сияқты бас редактор болыңдар, бастық болыңдар, сөйтіп өздерің де менің күйімді кешіңдер» дейтін. Айта берсең редактордың жастарға үлгі болар ісі өте көп. Осының бәрі жастар басылымының ішіндегі қайнаған өмірдің бір көрінісі ғана.
Жастар газеті жалынды жастық шағымыз жанартаудың қызуына айналуға себеп болды. Қаншама жас ақындардың тырнақалды туындылары оқырманмен қауышты. Қаншама өнегелі дүниелер жарық көрді, әлі де жарық көріп келеді. «AR-AI» газеті десе қайталанбас өмірдің қайырмасындай сол кезеңдер еріксіз еске оралады. Масат аға осы редакциядан зейнетке шыққанда да қатал редакторымызбен қимай қоштастық. Мұнан кейін белгілі журналист Дәулет Төлендінің кезінде де жастар басылымы заманауи жаңашылдықтардың алдынан табылды. Ал ақын жүректі, журналист Біржан Сөктай ағаның бас редакторлығы кезінде газет тұңғыш рет смартфондағы цифрлық бағдарламаға енді. Яғни кез келген қалта телефоны арқылы газетті оқу мүмкіндігі ел аумағы бойынша алғашқылардың бірі болып осы жастар басылымында жүзеге асты. Шығармашыл жастарға рухани қолдау да молынан болды.
Бұл басылым журналист боламын деген әрбір жасты жан-жақты шыңдайтын үлкен шеберхана. Басылымның алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов ағамыз айтқандай, газеттің жұмысы зауыттың, өндірістің жұмысынан ешбір айырмашылығы жоқ. Ауырлығы, қиындығы, қызығы да бар. Бірақ осындай редакторлардың шеберлігінің арқасында, сондай жауапкершілікті ойнап-күліп жүріп атқаратынбыз. Қазіргі «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлының да жастар газетіне қолдауы, қамқорлығы, көзқарасы айрықша. Қазір қас пен көздің арасында газетке жазылу мәселесі заманауи тұрғыда жеңілдеді. Осындай қолдаулардың нәтижесінде газет қазір де жаңашылдықтардың көш басында. Жастар басылымының қазіргі бас редакторы, ақын Тұрсынбек Темірланұлының креативті бастамалары, көзқарасы, ондағы еңбек етіп жүрген талабы таудай жастар мен толағай тәжірибелі әріптестердің еңбегі апта сайын көпшіліктің көз алдында.
Қорыта айтқанда, биылғы 80 жыл толған Ұлы Жеңісті жақындатқан майдангерлеріміз, ата-әжелеріміз сұрапыл соғысқа аттанарда ажалдың аузында ғана емес, нағыз жастықтың қауызында болған еді. Оған Әлия мен Мәншүктей аруларымыздың өмірдеректерінің өзі айқын дәлел. Желтоқсандағы Сәбира, Қайрат, Ерболдардың жауқазын жастығы куә. Ұлт мақтанышы, даңқты батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас, оған әрқашан әзір болу керек» деген сөзінің өзі ұлағатты ұстаным. Ал әр дәуірдің төбе көрсетер жастарының үні болуы заңдылық. Сондықтан Мәңгілік ел болуды мақсат еткен қазіргі қазақ жастарының үні, жалыны осы басылым деп айтар едім. Сондықтан газеттегі барша әріптестеріме, жалпы басылым ұжымына жырдың қызыл жолбарысы атанған Жамбыл бабамыздың жасын ғана емес, шешендігін де, өнегесін де тілер едім.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ,
Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі