
Қазір нақты қай күні «AR-AI»-ға келгенімді есіме түсіре алмай отырмын. Бірақ ол күн менің жүрегімде ерекше жылылықпен сақталған. Газетке алғаш келген сәтте ұжым мені бірден жылы қабылдады. Әсел Жұматаеваның орнына жұмысқа қабылданған болатынмын. Сол кезде әріптестерім Әселдің де, менің де арықтығымды меңзеп: «Бір арықтың орнына бір арық келді» дегені есімде. Сонда ұжымның жылы қабылдағанына, әзіл-қалжыңмен шын ықыластарын білдіргеніне риза болдым.
«AR-AI» – жастар газеті болған соң ұжым да жас, замандастар. Ойымыз да, қалжыңымыз да, армандарымыз да бір арнада тоғысты. Редакциядағы орта – шынайы достық пен шығармашылықтың ұясы болды. Кезінде Масат Берік, Болат Бекжанов ағалар жұмысын бастап берген басылым бүгінде тамырын тереңге жайып, діңі жуандаған бәйтерек іспетті. Кейде өзара әңгімелесіп қалғанымызда: «Жақсы ниетпен басталған екен ғой бұл газет», – деп айтып отырамыз.
Уақыт өте келе мені «Арай» деп атайтындар көбейді. Бір мекемеге хабарласқанда: «AR-AI»-дан Айжанмын ғой» – десем, олар мені телефон нөмірлерінің тізбесіне солай сақтап қояды екен. Кейде хабарласқанда: «Арай, сәлеметсіз бе?» – деп амандасып жататындар да бар. Бұрын «Мен Айжанмын» деп түзетіп жататынмын, қазір үйреніп кеттім. Қалжыңдап жүріп: «Екінші атым – Арай» дейтін болдым.
«AR-AI» мен үшін журналистикадағы орнымды анықтаған, өзімді таптырған, шығармашылығыма жол ашқан орта. Осы жылдар ішінде үйренгенім көп, көргенім мол. Ұжымның ауызбіршілігі мен татулығы – бізді алға сүйреген басты күш болды.
«AR-AI» маған не берді?» деген сұраққа ойланбай-ақ: «Ол маған жол берді, болашаққа сенім ұялатты» деп жауап беремін.
Биыл «AR-AI» газетінің 20 жылдығына орай өзім үшін ғана емес, оқырман үшін де маңызды бір еңбек жарық көрді. Ол – «Менің анам» атты кітабым. Бұл кітапты жазу идеясы ұзақ уақыт бойы көкейімде жүрді. Журналистік тәжірибемде талай адаммен тілдесіп, олардың өмір жолдарын жаздым. Бірақ бір сәтте сол тұлғалардың артында тұрған, үндемей жүрген, бірақ олардың адам болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген аналар жайлы жазғым келді. Содан 2017 жылы «Менің анам» деген жобаны ұсынып, сол кезден бастап осы уақытқа дейін 100-ге жуық тұлғаның анасы жайлы мақала жазып, газетке беріппін.
«Менің анам» – танымал тұлғалардың, елге, облысқа белгілі азаматтардың өз аналары туралы естеліктерінен құралған жинақ. Әр сұхбат, әр әңгіме – жүректен шыққан шынайы сыр. Бұл кітап – аналардың ұлы тұлғаларды тәрбиелеген көрінбейтін еңбегіне тағзым.
Кейіпкерлерімнің арасында қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер өкілдері, спортшылар мен ұстаздар сияқты түрлі салада елге танылған азаматтар болды. Олардың бәрі өз анасы туралы сағынышпен, ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алады. Бірінің анасы еңбекқорлығымен үлгі болса, екіншісінің анасы сабырлы мінезімен, тәрбиесімен ерекшеленген. Бір ана өмір бойы қарапайым ауыл мектебінде мұғалім болған, ал енді бірі он баланы қатар өсіріп, елге елеулі ұрпақ тәрбиелеген.
Осындай тағылымды әңгімелер арқылы мен оқырманға ананың қоғамдағы рөлі, оның бала тәрбиесіндегі орны туралы ой тастағым келді. Осы еңбектің жарық көруіне «AR-AI» газетінің үлкен әсері болды. Осы ұжымда жүріп, мен өмірдің әр қырын тани білдім, кейіпкермен тіл табысуды, оқырманмен сырласуды үйрендім. Ең бастысы – әр адамның өмірінде айтылмай жүрген үлкен тарих бар екенін ұқтым. Ал сол тарихтың бастауы – ана.
Сондықтан бұл кітапты «AR-AI»-дың 20 жылдық мерейтойына қосқан шағын үлесім деп білемін. Газет мені өсірді, шығармашылығымды ұштады. Ал мен сол жолда жинаған тәжірибем мен түйгенім арқылы осындай бір рухани дүниені ұсындым.
Айжан ӨЗБЕКОВА,
облыстық «AR-AI» жастар газетінің аға тілшісі