
Талай таланттының бағын ашып, талай талаптының бабын келістірген редакциядан түлеп ұшқан түлектер аз емес. Алды Ақордада мемлекеттік қызметте меритократиялық жүйемен сатылап өссе, енді бірі – «Ақпарат саласының үздігі» атанып, дәстүрлі және жаңа медианың қарыштап дамуына, тіпті қазақ руханиятының әлем өркениеті көшіне ілесуіне айтулы үлес қосып, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мақсат, мұрат бір – ел мүддесі жолында аянбай еңбек ету.
Ардың жүгін арқалаған «арайлықтар» екі онжылдықтың ішінде толайым шығармашылық табысқа жетіп, көзіқарақты оқырманның оң бағасын алып, тұрақты аудитория қалыптастыра алды. Облыстық медиа серіктестіктің құрамына кірді. Газеттің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымен қатар, ақпараттық-сараптамалық сайты ашылды. Осылайша оқырман «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды». Қазір жаhан елдерінде орын алған жайттың бәрі аталған ақпараттық медиа ресурстарда лезде жылт ете қалады. Тек сымсыз құрылғыны әп-сәтте сүйкей салсаңыз жеткілікті.
Отыз жасқа әлі аяқ баса қоймаған жамбылдық жастардың легі «AR-AI»-ды оқып өстік. Ол кезде аптасына бір мәрте шығатын газетті сарыла күтетінбіз. Жаттанды тақырыптардан көз талып, жауыр болмайтын кез. Сын садағына алынған мәселелердің шешімі араға ұзақ уақыт салмай «айтылды-орындалды» деп, баспа бетінен қайта көрініс тауып жататын. Түрлі жаңылтпаштар, карикатуралар, әзіл-сықақ әңгімелер, ізгілердің тамырдан тап басып айтқан қанатты сөздері, сондай-ақ циклдық жазба айтыстар газеттің ажары мен базарын кіргізе түсетін.
Ең алғашқы шимай-шатпағым, ұйқас қуған өлең-тақпағым оқушы кезімде жас басылымның «Көңілашар» бетіне жарияланғаны күні кешегідей есімде. Бұрын газет бетіне шыққан тырнақалды дүниемізді мектеп әкімшілігі арнайы «Мақтаныш маңдайшасына» іліп қоятын. Ол бір жеті сонда тұратын. Бір апта бойы төбең көкке жетіп, мектепте үлкен абыройға бөленіп қалушы едік. Сол бізді жаза түсуге қанаттандыратын.
Студент күнімде «AR-AI»-дың негізін қалаған жазушы-журналист, драматург марқұм Болат Бекжановпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол сәтте Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен жарық көретін «Ғұмыр-Дария» басылымында қатардағы тілші едім. Айтпақшы, қоғамның қозғаушы күшіне айналған қариялар басылымның құрылуына біркісідей атсалысқан да сол Болат аға болатын. Ізгі адамның қазақ руханиятын ілгерілетудегі ілкімді ісі өңір баспасөзінің шежіре тарихында мәңгі сақталары хақ.
«Жақсымен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген. Сонымен Болат ағамен құрған екеуара диалог барысында ол «Ар» деп ат алған, киелі Әулиеатаның жоғын түгелдеген басылымның шығу тарихы туралы толғана сөйлеп, зор мақтаныш сезімімен бөліскен еді. «Әр шығарма, әр мақала – жазушы-журналистің ішінен шыққан шаранасы, сол үшін әркім өз баласын қызғыштай қорғайды, «AR-AI» да – менің төл балам» деп еді жарықтық.
Мен «AR-AI» жастар газетінде небәрі екі апта ғана қызмет еттім. Бас редактор Тұрсынбек Темірланұлының бағыт-бағдарымен құлаш-құлаш бет беріп, ойлы оқырманның санасына шырақ алып түсерлік тұщымды дүниелер ұсынуға тырыстық. Асүйден әрі аспайтын, жайшылықта жылы жауып қоя беретін отбасылық әрі қоғамдық мәселелерге қозғау салдық. Осылайша небәрі он бес күннің ішінде талабым танылып, одан әрі қызметім сатылап өсе кетті. Қазіргі таңда «Aulieata-Мedia» серіктестігіне қарасты Контент орталығына жетекшілік етемін. Сондықтан «AR-AI» – мен үшін үлкен трамплин... Өсіп-өніп, көгере бер, бағымды ашқан басылым!
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Әлеуметтік ғылымдар магистрі, PhD докторант