Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еркіндікті сезініп, еңсе тіктедім

Еркіндікті сезініп, еңсе тіктедім
Автор
– Әй, бала, қайда кетіп барасың? – «Aq jol»-дағы тілшілік қызметім осымен аяқталды, көке, – дедім қазіргі Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйінің» фойесінде сонадай жерде желке тұсымнан маған аңтарыла қарап тұрған Несіпбек Дәутайұлына. Бұл менің облыстың бас басылымы – «Aq jol» газетінде екі жыл еңбек етіп, жұмыстан кетіп бара жатып, қарауыл және көлік жүргізушілерімен ғимараттан шығар есіктің аузында қоштасып, «Ал, жақсы» деп тұрған сәтім еді.

«Aq jol»-да жүріп талай нәрсе үйрендім. Ауылда тас ойып, қой бағып жүріп, отыздан асқанда аудандық газетке тілші болу, онда төрт-ақ жыл еңбек етіп, облыстағы журналистиканың қайнаған қара қазанына келіп түсу оңай болған жоқ. Сондықтан мүйізі қарағайдай жазғыштар еңбек ететін телегей-теңіз ақпарат айдынында жағаға шығып қалуым орынды еді. Міне, арада күндер зулап, мен кететін күн де туған сәт еді бұл.

– Байқап тұрмын, не болып қалды, ары қарай не істейсің енді, баратын жерің бар ма? – деді Несіпбек Дәутайұлы.

– Өзім жұмыс істеген аудандық газеттің редакторымен сөйлестім, бір айдан кейін бір орын босайды екен, – деп төмен қарадым.

– Не деп барасың ол жаққа, бері қарай жүрші, – деп ол кісі кабинетіне ертіп келді.

Бұрын қайда жұмыс істегенімді, қанша балам бар екенін, пәтер жалдап тұратынымды тәптіштеп сұрап, «Әп-әжептеуір ауданда жүрген жеріңнен алдырып, енді қалай күн көресің?» деп мен үшін уайымға салынып, үстел үстіндегі қағаздардың арасынан бірдеңе іздей бастады.

– Қордайға барғың келе ме?

– Жоқ, көке, мына тұрған Жамбыл ауданына пәлен жыл Тараздан қатынап жұмыс істедім. Облысқа ауысқанда басқа-басқа, сол жағынан қатты қуанған едім...

Жарықтық, біреуге қоңырау шалып: «Сенде бос орын бар ма, «Aq jol»-да жұмыс істеген, бірдеңе-бірдеңе жазып жүретін. Бірақ, құқаң-сықаңы жоқ, ұя бұзбайтын бала» деп жатты. Ол «орын жоқ» деді-ау деймін, тағы біреуге қоңырау шалып, «штат жоқ болса, штат ашу керек» дегендей болды.

Осылайша Несіпбек Дәутайұлы «AR-AI»-ға жұмысқа тұру мүмкіндігім бар екенін, десе де сәл-пәл күте тұруым қажеттігін айтты. Екі-үш айдан кейін жастар басылымы редакторының сол кездегі орынбасары Тұрсынбек Темірланұлына жолығып, бір мақаламды беріп кеттім. Кейін Масат Беріктің қабылдауында болдым. Ол кезде жұмысқа тұру оңайға соқпайтын. Қай редакцияға барсаң да үлкен сүзгіден өтесің. Жазуың, мінезің, жұмысқа деген ынтаңнан бастап, «ішетін-ішпейтініңе» дейін қаралатын. Масат ағаның алдында жарты сағат түрлі сұраққа жауап беріп, пора-пора терлеп, «AR-AI»- дың «отымен кіріп, күлімен шығуға» уәде беріп жатып, әйтеуір жұмысқа қабылдандым. Сол кезде әріптес қыз «Нұрым, Масат аға өте қатал, ел бұл жақтан қашатын жер таппай жүрсе, сенің мұнда келгеніңе жол болсын!» деді. Ал «AR-AI»-дың тілі менің жаныма жақын еді. Журналистика саласына бет бұрмай тұрып жастар газетінің оқырманы болдық, ара-тұра белгілі журналист Есет Досалы арқылы жазған-сызғандарым жарияланып жүрді. Жиып-теріп 5-6 материал жіберсек, соның ілуде бірі ғана жарияланатын. Редакцияға да келіп, ондағы жұмыс істеп жүрген тілшілермен танысып, оларға қызыға қарайтынбыз, «Шіркін, мен де осы басылымда еңбек етсем ғой» деп армандайтынмын. Сол арманым Несіпбек Дәутайұлының айтуымен Масат Берік редактор болып тұрғанда орындалды. Масат аға редактор ретінде өте талапшыл, құрғақ сөзді ұнатпайтын, мінезі қатал еді. Бір жолы үш-төрт журналист материалды шала дайындағанымыз үшін түсінік жаздық. Мен мәліметтерді толық алып үлгермей, материалды шолтитып бере салған едім. Сонда: «Кетіңдер бәрің! Нұрым, сен де кет» деп маған сұсты жанарын қадады. Сол кезде маған «Сен уәде беріп едің ғой. Мыналардан сенің жасың үлкен, бұның не?» дегендей көрінді. Сол кезден бастап мәліметті ертерек алуға, мақаламды демалыста жұмысқа келіп жазуға дағдыландым.

Масат Берік барлығымызды талант ретінде бағалайтын, бірақ журналистердің ішінде Нұржан Қадірәліні айрықша жақсы көретін, орынбасары Тұрсынбек Сұлтанбекті де іш тартып, пікіріне құлақ асатын. Жалпы кез келгеніміздің қуанышымызға ортақтасуға, материалдық жағдайымыздың жақсы болуына, ретін тауып мерекеде сыйақы алуымызға бар күшін салатын. Жаңадан отбасын құрған, нәрестелі болған әріптестерге материалдық көмек берілетін. Шатаспасам, осы көмекті алу мүмкіндігіне бірді-екілі әріптес ие болды-ау деймін. Редакцияға келген сыйлықтар сондай қуаныш иелеріне тарту етіліп жататын. Тіпті біздің фототілші Алтынбек Қартабай ол кісінің қаладағы пәтерінде үй алғанша тегін тұрды.

Масат аға журналистің кабинетте отырып, мақаланы баяндамаға сүйеніп жазғанын жаны қаламайтын. Тілшілердің аудандарға іссапарға шығып, ел арасында жүріп, мәселені көзбен көріп, көңілге түю арқылы жанды мақала беруін құптайтын.

Менің кабинетте қамалып отырмай іссапарға шығуыма, мақалаға өз толғанысым арқылы құнарлы сөз қосып, сөз құрау шеберлігімді көрсете алуыма, шынын айтқанда, «AR-AI»-да мол мүмкіндік туды. Аудандық газетте де еркіндік болды, бірақ ол кезде тәжірибеміз толыспаған еді. Ал «Aq jol»-да жазушылықтан гөрі таза журналистік шеберлік талап етілетін. Әр редакцияның өз үйретері болды, оның ішінде «Aq jol»-да жүріп үйренгенім «AR-AI»-да жұмыс істеп кетуіме айтарлықтай көмегін тигізді. Қазір республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Жасұлан Сейілхан сол кезде «AR-AI» газетінде «Экономика» бөлімінің меңгерушісі етін. Өте таланты, сауатты журналист, оның да үйреткені аз болмады. Қарамағында бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінде еңбек етіп жүрген Шынболат Күзекбаев, «AR-AI» газеті бас редакторының қазіргі орынбасары Талғат Нұрханов бар екен. Осы бөлімге мен келіп қосылдым. Талай жұмыстан таң ата қайтқан кезіміз болды.

Масат Беріктің кезінде «AR-AI» газетіне жұмысқа тұрсам, Дәулет Төлендінің кезінде осында жүріп отбасымда тағы бір ұл дүниеге келді. Одан кейін егіз қыз көріп, көпбалалы отбасы атандық. Үйлі болдық. Үйлі болдық дейтінім, көпбалалы отбасы ретінде Тараз қаласында үй кезегінде тұрсақ та «Отбасы» банкіне қалалық әкімдіктің тұрғын үй қатынастары бөлімінен жолдама ала алмай жүргенмін. «Отбасы» банкінің мамандары «Сіздің үй алуға мүмкіндігіңіз бар, әкімдіктен жолдама әкеліңіз» десе, аталған бөлім мамандары түрлі сылтау айтып шығарып салатын. Д.Төленді сол кезде Тараз қаласының әкіміне кіріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен.

Одан кейін Біржан Сөктай бас редактор болды. Бала кезден таныс болғандықтан онымен тең дәрежеде сөйлесетінбіз. Жасұлан Сейілхан мен жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева қайта-қайта «Aulieata-Media» ЖШС-ның сол кездегі директоры Нұрбек Бекенге айтып жүріп, Біржан Сартбекұлы редактор болып тұрғанда «Экономика және саясат» бөлімінің меңгерушісі болдым. Қазір бөлім деген жойылып, бөлім меңгерушілер аға тілшіге айналған.

Бүгінде бас редактор Тұрсынбек Сұлтанбек редакцияда Алтекеңнен кейінгі жасы үлкені мен екенімді алға тартып, аз да болса тәжірибемнің барлығын ескеріп, кейбір мәселелерге қатысты пікір білдіруімізді жөн санап отырады.

Биыл «AR-AI» газетінің жарыққа шыққанына 20 жыл толып отыр. Жастар басылымында мен еңбек еткелі 7 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында талай талантты журналистермен иық тіресе жұмыс істеп, шама-шарқымызша тәжірибе жинақтадық. Ұжымның ауызбіршілігі мықты, шығармашылық тұрғыдан да, басқа жағынан да еркіндік бар, тек ессіздікке жол берілмесе болды.

Қазіргі уақыт баспасөзге оңай болып тұрған жоқ. Оқырманның көбі интернеттегі жеңіл-желпі дүниеге әуестеніп, сараланып, талданып жазылған салмақты мақалаларға назар аудару азайып барады. Дегенмен газетіміз оқылымды болуы үшін ұжым бар қажыр-қайратын сала еңбек етуде. Әрқайсысымыз газеттің абыройын арттыруға барынша үлес қосып келеміз. Жастар басылымының биылғы шыққан 20 жылдық белесі құтты болсын, қалың оқырманның қолдауының арқасында газет таралымы көбейе берсін!

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

облыстық «AR-AI» жастар газетінің аға тілшісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар