Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мақтауға масайрап кетпедім

Мақтауға масайрап кетпедім
Ю.Ким
2013 жылдың жазы. Тараз инновациялық гуманитарлық университетін (қазіргі Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті) «Филология» мамандығы бойынша бітіріп, диплом қолға тиген кез. Ата-анаммен ақылдаса келе ауылға қайтып, еңбек жолымды өзім білім алған мектептен бастауға белді бекем буғанмын.

Күндер өтіп, әне-міне ауылға қарай жолға шыққалы тұрғанда қазақ журналистикасында, руханиятында айшықты із қалдырған марқұм Болат Бекжанов ағамызға хабарласып, мән-жайды айттым. Шорт кетті. «Әкең екеуің тез осында келіңдер» деп өзі тұрған мекенжайды айтты.

Айтылған жерге бардық. Амандық-саулықтан кейін әңгіменің турасына көшіп, әкейге: «Талғат бармаса Ойықтың мектебінде мұғалім табылмай қалмас. Шешім қабылдап қойған екенсіңдер, сонда да айтайын, Талғатты қасымда қалдыр. Серікбай өзің де білесің, ет жақын туыстарың Амангелді Ормантаев мені журналист қылды, жазушы қылды. Менің ұлы ұстазым. Бәлкім ағамыздың сол жақсылығының қарымтасы болатын шығар. Амангелді ағамыз мені қалай тәрбиеледі, мен де Талғатты солай тәрбиелейін» деп кесімді сөзін айтты.

Сонымен әңгіменің нүктесі қойылды. Әкейдің де Болат ағамызбен азды-көпті аралас-құраластығы болғаннан кейін қарсы сөз айтпады. Осылайша Болат аға себепкер болып, Жаңабай Миллионов ағамыздың редакторлық етуімен жарыққа шыққалы жатқан облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінде еңбек жолымды бастадым. Бүгінде облыс ардагерлерінің үніне айналған басылымда 6 ай жұмыс істегенде Болат ағамыз бай тәжірибесімен бөлісіп, Жаңабай ағамыз жанын салып тәрбиеледі.

2014 жылдың қаңтарында «AR-AI» газеті бас редакторының орынбасары Дәулет Төлендінің шақыруымен жастар газетіне жұмысқа орналастым. Сөйтіп Болат ағамыздың баптауымен, Жаңабай ағамыздың жүйріктей жаратуымен журналистиканың үлкен бәйгесіне қосылып кеттік.

... «AR-AI»-дағы алғашқы жұмыс күні. Газеттің сол кездегі бас редакторы Гүлнұр Ембердиева шақырды. Аз уақыттан кейін айттырған қыз секілді сызылып бас редактордың алдында отырдым.

Гүлнұр Бақытқызы жұмысымызға сәттілік тілеп, бірқатар тапсырмасын беріп, сөзін түйіндей келе:

– Талғат, «AR-AI»-да жұмыс істегісі келетіндер көп. Жұмыс іздеп күніне кемі бірнеше адам келеді. Бірақ таңдауымыз саған түсіп отыр. Енді сенімімізді ақтау үшін тынбай жұмыс істе. Екі ай уақыт беремін. Осы уақыт аралығында қарым-қабілетіңді көрсетесің деп ойлаймын. Ал егер олай болмайды екен, ренжіме, – деді қатқылдау үнмен.

Сонымен не керек, «Мәдениет және өнер» бөлімінің тілшісі ретінде құлшынып жұмысқа кірісіп кеттік. Бөлім басшысы – атына сырттай қанық ақын ағамыз Хамит Есаман.

Жақсының жақсылығын айтпай кеткенім жарамас. Қазір ойлап отырсам, сол кезде басқа емес, Хамит Ерболатұлы жетекшілік ететін бөлімге қабылдануым – маңдайыма бұйырған бір бақ екен.

Арада бірнеше күн өткен соң кезекті газет нөмірі шығып, алғашқы «планеркама» қатыстым. Бас редактор бірді-екілі журналистке сын-ескертпесін айтып, кезек маған келгенде: «Талғат, жазуың тәуір екен. Осы қарқынмен жалғастыра бер. Кеше Хамит та мақтады» деп көтермелеп қойды. Кейін де бас редактордан талай мақтау естідік, әрине бетімізден отымызды шығарып ұрысқан кездері де аз емес.

Ал сол кездерде бас редактордың мақтауын естіп отырып кірерге тесік таппай жерге қараушы едім. Бөлім басшымның әр жазған ақпаратымды, мақаламды көз майын тауысып редакциялап, тіпті кейбірін ерінбестен бастан-аяқ жазып шығатынын бас редактор қайдан білсін. Асаудың құйрық-жалын күзегендей материалымды қыздың жиған жүгіндей етіп қолыма ұстатқанда ұяттан өртеніп кете жаздайтынмын. Сонда деймін-ау, қанша әуре-сарсаңға салып жатсам да қабағын бір шытпайтын. «Ешнәрсе жоқ. Бірте-бірте үйренесің. Кезінде бізді де Болат аға осылай тәрбиелеген. Болат аға да біздің материалды дәл осылай шимайлаған» деп езу тартатын. Иә, уақыт өте келе Хамит Ерболатұлының тәрбиелеуімен қаламымыз төселіп, қыл арқандай ширатылып ширықтық.

Хамит ағамызбен 3 жылдан аса әріптес болдық. Осы үш жылда ол кісіден үйренгенім, түйгенім көп болды. Сол кісіге қарап бой түзедік, ой түзедік. Егер бүгінде сыртымыздан біреулер бізді «жақсы маман, жақсы адам» деп мақтап-мадақтап жатса, сол деңгейге жетуімізге Хамит Есаманның сіңірген еңбегі зор.

Әлі есімде, бірде бас редактор Гүлнұр Бақытқызы Мұратхан Әлімхан екеумізді жұмыстан кейін алып қалды. Басқа әріптестердің барлығы қайтып кеткен. Мұратханның да жұмысқа орналасқанына 3-4 айдың жүзі енді болған. Ұжымдағы ең жасы екеуміз. «Қашан шақырады? Не боп қалды екен?» деп тыпыршып отырғанымызда бас редактор бөлмемізге кіріп келді. Қолында бума-бума газет бар.

– Мына газеттерді толық оқып шығыңдар. Сосын осы газеттердегі әр материалды талдаймыз, – деді де асығып шығып кетті.

Негізі Мұратхан екеуміз де бас редактордың тапсырмасын алып, жақын жерден кешкі ас ішіп, ары қарай бильярдқа барсақ деп жоспарлап отырғанбыз. Жоспарымыздың күл-талқаны шықты.

Сонымен тамақты да, басқаны да ұмытып, газет оқуға кірістік.

Арада бие сауым уақыт өткенде редактор келді.

– Оқып болған шығарсыңдар. Жүріңдер енді, – деп соңынан ертті.

Сөйтіп үшеуміз «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі» сынды республикалық басылымдарда жарияланған материалдарды бірге талдап, талқыға салып, түн ортасында бір-ақ қайтқанымыз бар.

Дәл осылай бірнеше апта жұмыстан кейін қалып, газет оқып, бірге талқылап жүрдік. Мүмкін сол кезде бас редакторымызға ренжіген де болармыз. Ал қазір рақметімізді айтамыз. Міне, біз солай тәрбиелендік.

Көңіл дүрбісімен өткен күндер естелігіне көз салсам, әріптестермен бірге өткізген күндер, езуге еріксіз күлкі үйіретін түрлі оқиғалар тізбектеліп жүре береді. Әсіресе «Мен қалай үйлендім?» айдарын жүргізіп жүрген жылдарда бастан талай қызық өтті. Бірде «Мен қалай үйлендім?» айдарына облысымызға белгілі көкпаршы азаматты шығаратын болдық. Материалды дайындап қойғанмын. Тағы да қателесіп кетпейін деп диктофоннан келіншегінің есімін бірнеше рет қайталап тыңдап, дұрыс екеніне көзімді жеткізіп алдым. Ендігі мәселе – сурет. Әлгі ағамыздың жеке және келіншегімен бірге түскен суреті керек. Сонымен сурет сұрап хабарласып едім, Шымкент қаласына көкпарға кетіп бара жатқанын, «Instagram»-дағы парақшасынан таңдаған суретімді ала салуды өтінді.

Сөйтіп парақшасына кіріп, сурет іздей бастадым. Отбасының, келіншегінің суретін көп салмайды екен. Суреттерінің басым бөлігі көкпарда атпен түскен суреттер. Іздеп отырып бір сапалы суретке көзім түсіп, соны таңдап алдым. Таңдап алған суретімді өзіне де жіберіп, келісімін алғым келген. Бірақ телефоны өшіп тұр екен.

Таңертең жұмысқа келіп, жұмыс үстеліне жайғаса бергенім сол еді, «WhatsАpp»-тан хабарлама келді. Қарасам, әлгі көкпаршы ағамыз екен. «Талғат, газетті баспаға жіберіп қойған жоқ шығарсыңдар, маған жіберген суреттегі келіншегім емес, сыныптасым. Мектеп бітіргеннен кейін ұзақ жыл көріспей, жуырда бір тойда кездесіп қалып, суретке түскен едік» деген хабарламаны оқығанда орнымда қалшиып тұрып қалдым.

Газет қолымда, материал айқарма бетте жарқырап тұр. «Әй, біткен жерім осы болды-ау» деп ойладым. Маңдайдан да ащы тер бұрқ ете қалды.

Шегінерге жол жоқ. Жалғыз жол – шындықты айту. Бар батылдығымды бойыма жинап, қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. Қазақтың даласындай кең пішілген кеңпейіл, кісілігі мол азамат еді. Басы артық сөз айтпады.

– Қатырыпсың ғой, інім-ау. Өзімнен де кінә бар. Мейлі енді, келіншегіме түсіндіріп айтармын. Уақытың болса жұмыс жаққа бірнеше газет жеткізіп тастарсың, – дегенде өз құлағыма сенер-сенбесімді білмей, «жақсы аға, жақсы аға» дей беріппін.

Қаза берсең шыға беретін кен көзі секілді бастан өткен қызықтарды айтып тауысу мүмкін емес. Әйтпесе, тұрпаты да, болмыс-бітімі де бөлек Табиғат Абаилдаев, жамандыққа жоқ, жақсылыққа жақ ағамыз Жасұлан Сейілхан, сөйлегенде сырлы сұлу сөздерімен сары майдай ерітетін Саятхан Сатылғанов, жаны жайсаң Жалғас Мәндібай, кей-кейде оғаш қылығымен көзге түсіп қалатын Олжас Сатбеков, мінезі мақтадай жұмсақ Мұратхан Әлімхан, «AR-AI»-да жүріп шар болаттай шыңдалған Шынболат Күзекбаев, еті тірілігімен, пысықтығымен дараланып тұратын Ерболат Пәрмеш сынды аға-бауыр-замандастарымызбен тонның ішкі бауындай араласып-құраласып бірге жұмыс істеген жылдардың қызықтары мен шыжықтары көңілде сайрап тұр.

Жастар газетінде еңбек еткен 11 жылда талай азаматпен қызметтес болдық. Қай-қайсысы болмасын газет үшін жанын салып еңбек етіп, бойындағы барын беруге тырысты. «Жүзім жүзімге қарап қараяды» демекші, балталаса бұзылмайтын берік ауызбіршілік, сыйластық орнаған ұжымда еңбек ете жүріп біз де маман, азамат ретінде қалыптастық.

Уақыт бір орнында тұрмайды. Бас редактор Гүлнұр Бақытқызының бұйрық шығарып, «AR-AI» газетіне жұмысқа қабылданғаным кеше ғана секілді еді. Одан бері де 11 жыл өтіпті. Ал оқырмандарының рухани серігіне айналған жастар газеті 20 жылдыққа қадам басты.

Бүгінде қаламы қарымды журналист Тұрсынбек Темірланұлы шашау шығармай басқарып отырған ұжымымды және «AR-AI»-дың ұстаханасынан шығып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде сан салада жемісті еңбек етіп жүрген журналистерді газетіміздің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Баршаңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін.

Талғат НҰРХАНОВ,

облыстық «AR-AI» жастар газеті
бас редакторының орынбасары

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар