
Жұмысқа қабылданған сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол кезде жер бетінде менен бақытты адам жоқ сияқты көрінді. Алғашқы күндерден бастап редакциядағы әрбір қызметкердің тілектестігін, жанашырлығын сезініп, тіпті бақыттан басым айнала түсті.
Уақыт өте келе жай әріптес қана емес, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып кеттік. Қай кезде де бір-бірімізге сүйеу, демеу болдық. Редакциядағы бір күніміз бір күнге ұқсамайтын шытырманға толы болушы еді. Әсіресе газет шығатын сәрсенбі күнгі арпалысты айтсаңызшы. Таңды баспаханада атырып, бір нанды бөле жеген әріптестерімнің орны әрдайым бөлек.
Тіршілігі араның ұясындай қыз-қыз қайнап жататын ортада тоқтап, тоқырап қалу мүмкін емес. Өзің үшін үнемі бір жаңалық ашып, үйреніп жүруге тура келеді. Айналаңда болып жатқан оқиғаларды әр қырынан танып, басқаша көзбен қарайсың.
Ал редакторымыз Болат Бекжанның біздің маман болып, адам болып қалыптасуымызға зор үлесін қосты.
Бір сөзбен айтқанда «AR-AI» жастар газетінде өткен 7 жылым өміріме таусылмас рухани азық сыйлады. Қанатымыз қатайып, білікті маман болып шықтық.
Биыл 20 жылдық белеске қадам басқан «AR-AI»-дың таңы арайлап ата берсін. Мерейтой құтты болсын құрметті арайлықтар!
Бану ЖИЕНБАЕВА,
Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар
газетінің бұрынғы дизайнері