
Дегенмен, қазақ баспасөзі бір орында тұрып қалған жоқ. Ол сала-сала болып өзен секілді ағып, көл боп жиналып, журналистиканың жайлауын көркейтіп, гүлдендіріп келеді. Сол өзеннің бір саласы – 20 жылдығын атап өтіп жатқан Жамбыл облыстық «АR-AI» жастар газеті.
«АR-АI»-дың жолы да, тағдыры да, табысы да өзгеше. Оқырман нені бастан өткерсе, бұл газет те соны бастан кешті. Қиын кезеңдер мен түрлі өзгерістердің арасында бағытынан жаңылмай, өз ұстанымын сақтап келеді. Сол үшін қаншама жас журналист, іні-қарындастарымыз аянбай еңбек етті. Олар газеттің мазмұнын байытып, аймақ жастарының үнін жеткізетін басты мінберге айналдырды.
Газет – тек ақпарат құралы емес, ол – журналист тұлғасын қалыптастыратын ұстахана, рухани мектеп, қоғам айнасы. Міне, сондықтан да «АR-АI» газеті – тек бір ұжымның еңбегінің жемісі ғана емес, ол – жамбылдық жастардың ой-өрісін кеңейтіп, рухын биіктеткен үлкен мектеп, облыстың рухани өмірінде өзіндік орны бар шаңырақ. Екі онжылдық бойы елмен етене болып келе жатқан басылымның бүгінгі жетістігі – сол табандылықтың, адалдықтың, шынайылықтың нәтижесі.
Сол себепті де «АR-АI»-дың әр беті – тарихтың таңбасы, әр саны – жаңа ұрпақтың жан сыры.
Газет ұжымы алдағы уақытта да осы ұстанымынан таймай, ел мен жас ұрпақтың сенімді серігі, ой мен руханияттың биік мінбері бола берсін!
Жанарбек ӘШІМЖАН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері