Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастық шағымның куәгері

Жастық шағымның куәгері
Автор
«AR-AI» газетімен тағдырым 2008 жылдың қараша айында тоғысты. Ол кезде басылым небәрі үш жылдығын тойлап жатқан. Сол уақытта басылымда дизайнер болып Маржан Өсерова мен Динара Естаева жұмыс істейтін, ал мен теруші қызметіне қабылдандым. Газеттің ең алғашқы редакторы Болат Бекжанов: «Бізге компьютер тілін меңгерген жастар қажет» – деп, мені арнайы аттай қалап алдырды.

Бір қызығы, редакция ғимаратын алғашқы күні таба алмай әбден әуреге түстім. Ол кезде қазіргідей «2ГИС», «Навигатор» сынды қосымшалар атымен жоқ. Үлкен мекемені елестеткен мен редакцияны Әйтиев көшесіндегі шағын ғана бір қабатты ғимаратта орналасқан деп ойламаппын. Сөйтіп, алғашқы жұмыс күнімді қала ішінде қаңғып жүріп өткізіп алдым.

Ол тұста газетте Есет Досалы, Хамит Есаман, Өркен Кенжебек сияқты жас журналистер, сондай-ақ қарымды қаламгер Әлдихан Қалдыбаев еңбек ететін. Мен алғашында авторлардан келген қолжазбаларды терумен айналыстым. Қазір әр тілшінің алдында ноутбук, компьютер тұр ғой, ал ол уақытта журналистер мақалаларын қолмен жазатын. Бір күні теретін қолбазбалар алдыма жиналып қалды. Жалғыз өзім бір күнде теріп үлгере алмайтыным анық еді. Содан жартысын редакцияның жанында орналасқан бір компьютер орталығының мамандарына тергіздім. Өзім де қалған қолжазбаларды теріп, жұмыс аяғында дайын мақалаларды редактордың қолына табыстадым.

– Жарайсың, бүгін бітіре алмайтын шығарсың деп ойлап едім. Тез теріп тастапсың ғой, – деген редакторымыз риза пейілмен бір мақаланы оқуға кірісті.

Әлден уақытта редактордың түрі өзгере бастады. Ішім қылп ете қалды. Сонда да сыр бермей әліптің артын бағын отыра бердім.

Мақаланы оқып біткен редактор көзін төңкере қарап:

– Ғалым мен ғылымды ажырата алмайтын қандай адамсың сен. Не жазып отырғаныңды түсіндіңбе өзі? – деп біраз жерге апарып тастады.

Сөйтсем компьютер орталығындағы терушілер ғалым деген сөздің бәрін ғылым деп жазып шыққан екен. «Үлгере алмайтын болған соң басқа біреуге тергізіп едім» деп айта алмай, қатемді мойындағандай редактордың бөлмесінен үнсіз шығып кеттім. Осы оқиғадан кейін қандай жағдай болмасын қолжазбаларды өзім теретін болдым. Сондай-ақ теріп болған соң асықпай үстінен бір оқып шығуды әдетке айналдардым.

Мына бір жайт та есіме түссе, езуіме күлкі үйіріледі. Ол кезде дизайнерлер газеттің жаңа санын флешкаға салып, баспаханаға өздері апарып беретін. Бірде әріптесім әрі көршім Қамар Қарасаеваны үйіне жеткізіп тастайтын болып көлігіме отырғызып алдым да, баспаханаға тарттым. Межелі жерге жеткен соң баспаханаға кіріп кеттім. Шай қайнатым уақытта шаруам да бітті. Тысқа шықсам, Қамар көліктің ішінде отыр екен. Кенет ойыма бір қулық сап ете қалды. Сөйтіп бір тасалау жерде тұрып көлікті «автозавод» арқылы оталдырып кеп жібердім. Көліктің гүр ете қалғаны сол еді, Қамар жан-дәрмені қалмай жанталасып далаға атып шығып, таяқ тастам жерге барып отыра қалды. Сол мезетте түк болмағандай менде келе қалдым. Қамардың өңі жуған шүберектей қуарып кетіпті. «Тыныштық па Қамар? Не болды? Сұп-сұр болып кетіпсің?» деп бәйек болып, асты-үстіне түсіп жатырмын. Сонда көлікті қашықтан да оталдыруға болатынын білмеген Қамар әріптесім әрі-сәрі күйде тұрып «сен көлігіңде жын бар, өзінен-өзі оталып кетті» деп әзер дегенде тілге келгені бар. Осы оқиғаны еске алсақ, екеуміз де күлкіге қарық боламыз.

«AR-AI» мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, өмірімнің ең қымбат белесі. Бұл шаңырақта әріптестеріммен бірге күліп-ойнап, қиындықтарды бірге жеңіп, талай қызықты бастан кештім. Жастық шағымның ең жарқын кезеңдері осы ұжыммен байланысты. Енді міне 20 жылдық мерейтойына куә болып отырмыз. Осы газет әлі талай жастың қанатын қатайтып, талай оқырманға қуаныш сыйлай берсін деп тілеймін.

Ғани СҮГІРӘЛИЕВ,

облыстық «AR-AI» жастар

газетінің бас дизайнері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар